Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бараат түні не істеу керек?
13 ақпан, 2025 жыл 291 Басып шығару нұсқасы

Бараат – бір жылдық (ажал, дүниеден өту, ризық-несібе т.б) тағдыр жазылатын түн деп есептеледі. Яғни, ақпанның 13-нен 14-не қараған түні жасалған дұғалар қабыл болып, адамның бір жылдық тағдыры сол дұғалардың негізінде жүзеге асуы мүмкін. Бірақ, Алла Тағала біздің барлық дұғамызды бірден қабылдап, сол сәт орындай қоймайтынын ескеруіміз керек. Дұғаларымыз дәл сол сәтте немесе кейінірек, тіпті ақыретте орындалуы мүмкін. Бұл жағы тек Жаратушыға аян.

Ал бүгінгі қаситетті түнде дұғамыз қабыл болып, келесі жылғы өміріміз қуанышқа, шаттыққа толы өтуі үшін не істеуіміз керек? Бұл сұрақтың жауабы әрине бар. Ол үшін бүгінгі қасиетті түнді құлшылықпен өткізуіміз абзал. Ол үшін ең әуелі тазалықтан бастаймыз. Жан тазалығынан бұрын тән тазалығы маңызды. Тән таза болса ойымыз таза болады. Ой таза болса жүрек тазаланады.  Ендеше алғашқы амалды ғұсыл дәреттен бастаңыз. Ғұсыл дәреті бар кісілер жай дәрет алып құлшылық ғибадатын жүргізе берсе болады.

Бұл түні ең көп жасау керек нәрсе – дұға. Көптеген дұғаларды айтып, тағдырымызға оң өзгерістер енгізе аламыз. Сондықтан бұл түні ұйықтамай, түнімен құлшылық ғибадатта болып, барынша көп дұға ету керек. Дұғалардың абзалы Құранда келген дұғалар. «Muftiyat»,  «Azan»,  «Muslim», «Ihsan» секілді ҚМДБ бекітілген сайттарынан Құрандағы дұғалар деп теріп, соларды айтуға болады және өз қалауыңызбен жүректен шыққан дұғаларды айту лазым. Дұға етудің өз әдебі бар, бірінші өзіңіз, ең жақындарыңыз, алыс жақын, туысқандар, достар, жүрген орта, тұрған ер, ел, жалпы қоғам, адамзат үшін деп кішісінен үлкеніне қарай дұға етіледі. Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) дұғасы жайлы көптеген кітаптар әр тілде жарық көрген. Мұсылман адам Алла Тағалаға сол дұғалар арқылы, араб тілінде я болмаса өз ана тілінде сол дұғалардың мағынасын айта отырып жалбарынуы керек.

Келесі ең оңай әрі барлығымыз істей алатын амал – зікір айту. Зікір – ол Алланы еске алу, мадақтау. Қанша көп зікір айтсаңыз сонша жақсы. Осы ретте бірнеше жеңіл зікірлерді көрсете кетейік: «Субханалла», «Әлхамдулиллә», «Аллаху Акбар», «Ля иляха илля ллаху ...», Ля иляха илля-ллаху уахдаху ля шарика лях, ляху-ль-мульку уа ляху-ль-хамду уа хууа аля кули шей’ин кадир», «Субханаху уа бихамдик», «Әстағфируллаһ», «Әстағфируллаһәлазыйм әлләзи лә илаһә иллә һуәл хаййул қаййум уә әтубу иләйһ».

Осы амалдарды қатар алып жүретін келесі құлшылық – намаз. Мүмкін болса бұл түні нәпіл намаздарды көптеп оқыған абзал. Намаз ішінде зікір де дұға да бар. Намаз діннің тірегі, өміріміздің мәні, мазмұны. Намаз оқу арқылы Аллаға жақындап, жаныңыз, руһыңыз демалады, рахаттанады. Намаз ракағатының белгіленген саны жоқ, алайда ракағат саны сегізден кем болмауы тиіс. Сондай- ақ әр намаздағы рукуғ, қиям, сәджеде ұзағырақ болғаны абзал. Намазда білетін болсаңыз Құраннан ұзақ аяттар оқылғаны жақсы.

Әр сәтте сауап жинайтын және ол еселенетін келесі амал – Құран оқу. Осы түні бір уақыт көңіл бөліп Құран оқуға шақырамыз. Оқылған Құранның әрбір әрпіне сауап беріледі. Алла ол сауаптарды еселеп қоюы да мүмкін. Ол Құранда дұға да бар, құлшылықтың ең көркем түрі намаздан кейін осы Құран оқу.

Тағы үлкен ғажап амалдардың бірі пайғамбарымыз Мұхаммедке (Алланың Оған сәлемі мен игілігі бослын) салауат айту. Салауат адамзатты Пайғамбарымызға жақындатады, ақыретте шапағатына ие болу бақытын бұйыртады. «Аллаһуммә салли алә сәиидинә Мұхаммәд», «Саллаллаһу аләйһи уә сәлләм», «Аллаһуммә салли ‘алә сәййдинә Мухаммәдин уә ‘алә әәли сәййдинә Мухаммәдин кәмә салләйтә ‘алә сәййдинә Ибраһимә уә ‘алә әәли сәййдинә Ибраһимә иннәкә хамиидун мәжиид» секілді салауаттың түрі көп.

Бұл қасиетті түнде орындаған барша құлшылықтарымызды, дұға – тілектерімізді Алла қабыл еткей! Барша күнәмізден тазартып, Рамазан айына аман-есен жеткізгей!

 

 Нуров Махмудқажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары