Тілдік нұсқа
Радио

мақала

БІЛІМ АЛУДЫҢ МАҢЫЗЫ
29 мамыр, 2025 жыл 23 Басып шығару нұсқасы

Білім – адамзат өркениетінің негізі, дамудың қозғаушы күші. Ол адамның көзін ашып, санасын жаңғыртып, қоғамда өз орнын табуына жол сілтейді. Кез келген мемлекеттің әл-ауқаты, болашағы, тіпті тәуелсіздігі де білімді ұрпақтың қолында. Осы себепті де дана халқымыз «Білімді мыңды жығар» деп бекер айтпаған.

Білім – тек ақпарат жинау ғана емес, ол – ақыл, парасат, тәрбие, таным, көкжиек кеңейту. Білім арқылы адам адамгершілікке, сабырға, ізгілікке, адал еңбекке үйренеді. Жас кезінен сауатты тәрбие мен білім алған адам болашақта елге қызмет ететін тұлғаға айналады.

Исламдағы білімнің орны

Ислам діні білімге аса мән береді. Қасиетті Құран Кәрімде ең алғашқы түскен аяттың өзі «Иқра!» – «Оқы!» деп басталады. Бұл жайдан-жай емес. Алла Тағала адамды білім арқылы тануға, құндылықтарды білуге үндейді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз» деп білімнің діндегі маңызын айқындап берген. Сондай-ақ: «Кімде-кім білім іздеу жолына түссе, Алла оған жұмаққа апарар жолды жеңілдетеді» деген.
 Қоғам үшін білімнің рөлі
Білімді ұлт – мықты мемлекет. Қай ел білімге, ғылымға мән берсе, сол ел – экономикасы дамыған, технологиясы ілгері, азаматтары саналы елге айналады. XXI ғасыр – білім мен ғылым ғасыры. Жас ұрпақтың заманауи біліммен сусындауы – елдің ертеңіне жасалған инвестиция.

Отбасындағы білімнің орны

Білім ең алдымен отбасында қалыптасады. Бала кітап оқитын, ізденетін, сұрақ қоятын, жауап іздейтін ортада өссе – болашақта саналы болады. Сондықтан ата-ана білімді қадірлеп, балаларына оқуға жағдай жасауы қажет.

Қорытынды

Білім – жарық нұр, надандық – қара түнек. Қоғамның гүлденуі, елдің дамуы білімді жастардың қолында. Сондықтан әрбір азамат рухани әрі дүниелік білім алып, елге пайдасын тигізуге ұмтылуы тиіс. Білімге салынған инвестиция – болашаққа салынған сенімді қадам.

Қарағанды облысы, Теміртау орталық "Әлихан Бөкейхан" мешітінің имамы Ақниет Сәлімбайұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары