Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Зулхижжа айындағы қасиетті күндер: Арапа, Құрбан айт
03 маусым, 2025 жыл 70 Басып шығару нұсқасы

«Таң шапағына серт. Және (мүбәрәк) он түнге серт»

Алла Тағаланың осы аятымен күллі мұсылман амал етіп келеді. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын) аталмыш аятты: «Бұл аятта зұлхижжа айының алғашқы он күніне байланысты айтылған», – деп тәпсірлеген.  Алла Тағаланың қасиетті Құранда қандай да бір затпен ант етуі – сол заттың маңыздылығын білдіреді. Ендеше бұл аят зұлхижжа айының он күнінің ерекшелігі мен артықшылы айтылып тұр.

Көп ғалымдар осы аятқа сүйеніп Зулхижжа айының алғашқы он күндігін қадірлеп, қастерліп, ораза ұстап, Құран оқып, қайырлы амалдармен өткізуге тырысады. Пайғамбарымыздан жеткен хадисте «Алла Тағалаға осы (он) күнде істелген игі істен жақсырақ амал жоқ», – деді. Сахабалар: «Уа, Алланың Елшісі! Сонда Алла жолындағы күресу де оған тең келмей ме?» – деп сұрады. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла жолында күресу де оған тең келмейді. Тек жанымен әрі малымен күресіп, кері қайтпаған адамның жағдайы бөлек», – деп жауап берді (имам Бұхари).

Сонымен қатар Алла Тағала Құранда: «(Зұлхижжа айының алғашқы) он кешіне серт» («Фәжр» сүресі, 2-аят.), – деп ант етті. Бұл ант осы күндердің ұлықтығы мен маңыздылығын көрсетеді.

Ардақты пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла Тағаланың құзырында осы он күнде жасалған ізгі амалдан абзал әрі сүйкімді игі іс жоқ. Ендеше сол кезде тасбихты (субханалла), тахмидты (әлхамду лиллә), тахлилді (лә иләһа илләлла), тәкбірді (Аллаһу акбар) көбейтіңдер», – деген (Ахмад, Табарани риуаят еткен).

Алла қаласа осы айда Арапа күні, Құрбан айт мерекесі болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін», –  деген (Муслим риуаят еткен). Бұл – арапа күні ұстаған ораза екі жылдық (өткен және келер жылғы кіші) күнәні кешіреді дегені. Алайда, қажылықта жүрген адамдар арапа күні ораза ұстамайды.

6-маусым күні келетін Құрбан айт (зұлхижжаның 10, 11 және 12-ші) күндері бай адамға құрбандық шалу – уәжіп. Алла Тағала: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» («Кәусар» сүресі, 2-аят), – деп бұйырады. Хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбандыққа екі ақ қошқарды жатқызып, аяғымен тіреп, бисмилләні және тәкбірді айтып, бауыздады» (Бухари, Муслим риуаят еткен), – деп айтылған.

Құрбандық шалу Алла Тағалаға жақын болу үшін, күнәлар кешірілу үшін, Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкір ету үшін, бай мен кедейге кеңшілік жасау үшін міндеттелді. Өйткені, осы күні барлық адам Алла Тағаланың қонағы болады, құрбан етінен жейді, оны тарту етеді, одан садақа береді.

Құрбан шалу арқылы пенде Ибраһим пайғамбардың сүннетін жандандырады. Құрбан айт күні Ибраһим пайғамбар өзінің баласы Исмаилды құрбандыққа пида еткенін еске алады, олардың бір мінезділігін, қайыспайтындығын және Құдайға деген сүйіспеншілігін үлгі тұтады.

Құрбан айтта құрбандық шалу – әрбір ақыл-есі сау, жолаушы болмаған, мал-дүниесі нисап мөлшеріне жететін мұсылман адам үшін уәжіп. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 34-аятында: «Біз әрбір үммет үшін өздеріне берген малдардан, Алланың атын атап құрбан шалуды бекіттік», – деген. Шәкәрім қажы бабамыз өзінің «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Зекетке малы толған кісіге жылында құрбан күні бір қой шалмақ уәжіп болады», – деп айтса, Ыбырай Алтынсарин бабамыз «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты кітабында: «Мұсылмандарға жыл сайын зұлхижжа айының оныншы күнінде, яғни оразадан екі ай он күн өткен соң құрбан шалу уәжіп. Құрбан шалу Ибраһим пайғамбар уақытынан бері мирас болды», – деп жазған.

Осы Зулхижжа айында қажылық жасап жатқан әрбір мұсылманның дұғасы, қажылығы, ғибадаттары қабыл болсын. Алла Тағала Арапа күнгі ғибадаттарды, шалынған құрбандықты қабыл етсін деп тілейміз!

 

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Нуров Махмудқажы Нұрұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары