Рахымы кең болған ұлы Жаратушымыз пенделеріне елші жіберіп тура жолды көрсетті. Одан бөлек, тура жолды ұстанғандарға адасқандардың сипаттарын да баяндап қойды. Олардағы бір сипат Аллаһтың аяттары баяндалатын уағыз-насихат жасалғанда бұл уағызды тыңдамауы. Өйткені олар жүректеріне ақиқат шуағы кіріп кетуден қорқады да, шуылдап тыңдамауға тырысады. Әрине адасушылар өздерінен алдыңғы адасқандар секілді жол тұтады. Аллаһ Тағала Құранда Фуссилат сүресінің 26-аятында:
و قال الذّين كَفروا لا تَسمعوا لِهذا القران و الغوا فيه لعلّكم تَغلبون - және қарсы келушілер: «бұл құранды тыңдамаңдар, оқылғанда шуылдаңдар. Бәлкім жеңіске ие боларсыңдар» десті »- дейді. Расында раббымыз соңғы Елшісін пайғамбар етіп жібергенде оған Құран назыл етті. Бұл Құран қасиеттерінен болған бір жайт, егер кім де кім бұл Құранды естіген болса жүрегіне Аллаһтың қалауымен иман ұялайтын. Мекке мүшріктерінің зиялылары қараңғы түскен сәтте, өзгелерден жасырын Аллаһтың елшісінің құран оқығанын келіп тыңдайтын. Осындай сәттерде бір-біріне кезігіп қалып: сен екеумізге өлім болсын. Егер біз құрайыштардың зиялысы бола тұра осылай жасар болсақ, басқалар қайтпек десіп, бұдан қайтіп бұл Құранды тыңдамауға келісетін. Және де көз алдында ақырдың пайғамбарына назыл болған Құранды тыңдап, қаншама жандар иманға келіп жатқанын көріп, оларға жан айқайымен: «Бұл Құранды тыңдамаңдар, Құран оқылса шуылдаңдар сонда ғана біз жеңе аламыз» -десетін.
Нұрбол Тағаев
Қарағанды облыстық орталық мешітінің ұстазы
Пікірлер