«Адамнан сұрасаң екі көзің шығады, Алладан сұрасаң екі бүйірің шығады» дейді дана халық. Олай болса, Абайша айтсақ, «бас изеп шыбындамай» тіршілік келбетіне иманды жүрекпен қараған абзал. Астамшыл адамдардың сөзінен өзін білгіш санау, пендешілігі мен тәкаппарлығы, ашық кердеңдігі білініп тұрады. Артып бара жатқан білімі болмаса да өздерін білгіш санап, өзгелерді ақымақ санауға бейім тұратындар бар.
Сауатты да зиялы адамдар білімнің діни және дүниеуи деп екі тармаққа бөлінетінін біледі. Діни білім адам өмірінің мәнін түсіндіретін болса, дүниеуи ілім белгілі бір кәсіпке, қызметке мамандандырады. Адамдардың көбі осы екеуінің бірімен ғана қанағаттанып, екіншісіне өте немқұрайлылық танытатыны өкінішті. Шындығында, дүниеуи іліммен діни білімді, ал діни оқу арқылы дүниеуи ілімді ала алмайсың. Сол себепті жастар жоғары оқу орнын бітіре тұрып рухани надан болып қалуы да мүмкін. Керісінше, діни білімді біршама дәрежеде игерген адам да белгілі бір дүниеуи ілімді меңгермесе бүгінгі қоғамнан өзінің лайықты орынын таба алмайтыны да рас. Бұл дүниеде осынау екі білімнің алатын өз орындары бар, және олар бірінің орындарын бірі алмастыра да, толтыра да алмайды. Екеуі де адамның толыққанды өмір сүруіне мүмкіндік беретін қажетті білім. Сондықтан білімді діннің білімі, дүниенің білімі деп бір-біріне қарсы қою немесе бірін таңдап, біріне немқұрайлы қарау дұрыс емес.
Дүниеуи ілімді пайдалану арқылы белгілі бір мамандықты, қызметті жетік меңгеріп, абыройлы да білікті маман болуға болады. Сонымен қатар ел игілігі үшін табысты қызмет етіп, өз мемлекетінің өркендеуіне де қомақты үлес қоса алады. Сондай-ақ дүниеуи ілім арқылы адам табысы жоғары жақсы жұмыс орындарына орналаса отырып өз отбасын толығымен қамтамасыз етіп, жоқшылық тауқыметінен де құтыла алады. Және де адам өзінің азаматтық, ата-аналық міндетін тиісінше атқаруға мүмкіндік алады. Есесіне дүниеуи ілімді жақсы меңгеріп білікті маман болған адам ақырет пайдасы туралы ойламауы мүмкін. Ол үшін адамға ең әуелі діни білім қажет. Діни білім арқылы адам дұрыс пен бұрыс, оң мен теріс, жақсы мен жаманды ажыратып, өзін де, өмірді де, және өмірдегі өзінің орынын да жақсы ұғынады. Діни білім арқылы дүниенің сырын терең түсініп, дұрыс өмір сүруді үйренеді.
Және кәсібі арқылы тапқан табысын да дұрыс жұмсауды біледі. Сол арқылы сауапты істерге көңіл қойып ақырет пайдасын көздейді. Дүниеуи, кәсіптік білімі болуы үшін адамға міндетті түрде белгілі бір оқу орнын бітіріп, сол жөнінде тиісті қағаз алу қажет болса, діни білім алу үшін әр адамға арнайы діни оқу орнын бітіру міндетті емес. Ол үшін оған білуге талаптанып, іздену ғана қажет. Және, мұндай ізденістермен ол өзіне қолайлы бос уақыттарында айналыса отырып та өзіне қажетті деңгейде білім ала алады. Дін адамзатты әділдік пен махаббат жолына үндейтіндігі белгілі. Бірақ, діни білімсіз сол әділдік пен махаббатқа жету мүмкін емес. Діни білім туралы мұсылман дінтанушысы Әбу Хамид Мұхаммед ибн Мұхаммед әл-Ғазали (1059-1111): «Пайдалы біліммен шұғылдану бүкіл басқа істерге қарағанда әлдеқайда жақсы. Пайдалы білім – дүниенің жамандығын, ақыреттегі жағдайдың қауіптілігі мен қорқыныштылығын түсіндіретін білім. Дүниеге беріліп, ақыреттен бет бұрған адамдардың надандығы мен ақымақтығын, олардың бойындағы өркөкіректік, күншілдік, екіжүзділік, өзін-өзі сүюшілік, атаққұмарлық пен мансапқұмарлық, дүниеге құштарлық сияқты жүрек дерттерінің дауасы не екендігін білдіретін білім – пайдалы білім»,-деген екен.
Жеке адамның мейірімді, ізгі қасиеттері мол, адамгершілік қасиеттері жақсы дамуы үшін діни білімнің тигізер әсері зор. Діннің зерттеу нысаны рух болса дүниеуи ғылым тәнді зерттейді. Дін жүрекке, ғылым миға әсер етеді. Екеуінің де мақсаты – адамды сенімге әкелу болғандықтан, олардың арасында қайшылық жоқ. Оларды біріктіретін руханият. Яғни, дүниеуи ілімді тәрбиемен ұштастыруды мақсат етер болсақ діни біліммен үйлесіп тұруы қажет. Адамның бойындағы ең басты қасиет – ол таным және сенім. Дін ерте заманнан бері адамзатпен бірге жасап дами келе адамның танымын, сенімін қалыптастыратын күшке айналды. Бір сөзбен айтқанда адам баласын өзге жаратылыстан ажыратып, өзінің осы жаратылған барша жаратылыстың қожасы екендігін, бірақ сол үшін осы әлемнің иесі алдында жауапты екендігін сезіндіретін нәрсе – дін және діни білім.
Діни білім үрей, қорқыныш, қайғы, үмітсіздік сияқты адамды торығуға әкелетін қиыншылықтарды жеңуге көмек береді. Адам осындай қиын жағдайларда өз сенімі, үміті, жалбарынуы, тәубеге келуі арқылы көңілін орнына түсіріп, рухани дүниесінде тыныштық табады. Сонымен бірге дінге шын сенген адам жаманшылыққа бармайды. Діни білім адамның ауыр қылмыстар мен күнәлі істерге бармауына ықпал етеді. Діни білім адамға адамдықты, тұрмыста адал күнелтуді, әлемді түсінуді және ондағы нығметтерді пайдалануды қамтамасыз етеді.
Ал, Ислам ғалымдары діннің анықтамасын Құран мәтініне сүйене отырып жасаған: «Дін дегеніміз – ақылды адамдарды өз қалаулары бойынша тек ізгілікке бастайтын құдайлық заңнама», яғни дін - адамдарды тек игілікке, жақсылыққа бағыттайтын іс-әрекеттер жиынтығы, әрі Тәңірдің аяны арқылы қол жеткізетін ақиқат делінеді. Иә, әрбір саналы адамды мазалайтын және жауабын табуға итермелейтін, өмір тіршілігіне бағыт – бағдар беретін бірнеше негізгі сұрақтар болады. Діни білім осындай сұрақтарға жауапбереді. Дүниеуи және діни білімді мейлінше меңгеріп, екеуін де қатар алып жүрген адамның жеке отбасына ғана емес еліне де берері көп болады. Ондай адам бұл дүниеде де толыққанды, өнегелі өмір сүруге мүмкіндік алып, ақыретте де қайғырмайтын болады. Бұл оның дүниеде де ақыретте де жақсылықта болып, екі дүниенің бақытынакенелтеді.
Дайындаған:
№1-мешітінің наиб имамы Мұсағали Аясұлы
Пікірлер