Пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) жеткен хадисте: «Кімде-кім Маған (с.ғ.с.) жұма күні сексен салауат айтса, сексен жылдық күнәлары кешіріледі» деген.
Құран Кәрімнің «Мәриям» сүресінде, Зәкәрияның (ғ.с.) қартайғанша баласы болмай бала сұрап дұға қылғаны жайлы хикая келеді. Бір күні Зәкәрия (ғ.с.): «Яғқубтың (ғ.с.) мұрасына иелік ететін ізгі амалды перзент нәсіп ет» — деп дұға қылып тұрғанда, Алла Тағаладан «Яхия (ғ.с.) атты бала сүйесін деген уахи келеді». Сонда Зәкәрия (ғ.с.): «Я, Рабби! Қартайғанда бізде қалай бала болады?» деп сұрайды. «Маған ол оңай» деп Алла Тағала жауап береді. Зәкәрия (ғ.с.): «Я, Рабби! Онда маған (ғ.с.) белгі берші!» — дейді. «Сеннің белгің, үш күн ишарамен ғана сөйлейтін боласың» деген уахи келеді. Михрабынан шыққан Зәкәрия (ғ.с.) қауымына «Алла Тағалаға мадақ айтыңдар» деп әмір етеді.
Зәкәрия (ғ.с.) елге насихат айтқан кезде баласы Яхия (ғ.с.) жамағаттың ішінде болса, баласын аяп тозақ туралы айтпайтын болған. Бір күні жамағат көп болып баласын ішінен көрмей қалып, уағыз-насихатын бастап: « Маған (ғ.с.) Жәбірәйіл (ғ.с.) тозақта Сакрон атты бір тау бар, жанында Ғодбан атты жазық бар. Ол жазық Алланың ашуынан жаралған. Сол жазықта құдықтар бар екен, тереңдігі 200 жылға тең. Сол құдықтарда оттан жаралған, шынжырланған табыттар бар» дегенде Зәкәрия (ғ.с.) қатты жылап жібереді. Көз жасын сүрте бергенде, мешіттен жүгіріп шығып бара жатқан баласын, Яхияны (ғ.с.) көреді. Яхияның (ғ.с.) соңынан Зәкәрия (ғ.с.) мен анасы да жүгіріп шығады. Төбе асып кеткен Яхияны (ғ.с.) таба алмай, сол жерде қой бағып жүрген баладан Яхияны (ғ.с.) сипаттап сұрағанда, ол бала: «Сіздер Яхияны (ғ.с.) іздеп жүрген шығарсыздар, мен оны осындай жерден (белгілі жерді айтады) көрдім» - дейді. Яхия (ғ.с.) «енді тамақ та, су да ішпеймін, Алла Тағала Маған (ғ.с.) қай жерге баратынымды білдірмегенге дейін» деп жылап отырған дейді. Яхияны (ғ.с.) жылап отырған жерінен ата- анасы тауып алып, анасы: — Ей, балам! Сені (ғ.с.) тоғыз ай құрсағымда көтергенімді және емізгенімді құрметтесең бізбен жүр — дейді. Ата-анасының соңынан еріп бара жатқан Яхияға (ғ.с.) әкесі «үстіндегі ескі киімдеріңді тастап, жаңа киімдеріңді киші» деп өтінеді. Өтінішін орындаған түні, түс көреді. Түсінде бір дауыс: «Ей, Яхия (ғ.с.) біздің үйден жақсы үй таптың ба? Бізден артық көрші таптың ба?» дегенде, қорқыныштан жылап оянған Яхия (ғ.с.) «ескі киімімді қайтарыңдар, Менің (ғ.с.) құрығанымды қалайсыңдар ма?» — деп жылайды. Сонда Зәкәрия (ғ.с.) «көйлегін қайтарыңдар, шындығында ол тозақтан құтылар» — дейді. Осы күннен кейін Яхия (ғ.с.) құлшылығын бұрынғысынанда күшейтіп күндізін оразамен, түнін намазбен өткізетін болады. Яхияның (ғ.с.) жүрегін тыныштандыру үшін Алла Тағала Зәкәрияға (ғ.с.) барлығы жәннатқа баратындығын уахи қылады. Уақыт өте келе Яхия (ғ.с.) ер жетіп, елге насихат айтып жүргенде бір қиындыққа жолығып, сол қиындық ажалына себеп болады. Сол кезеңде Палестина жерін Ирод патша билеп тұрған кез еді. Бірінші әйелінің қарсылығына қарамастан, екінші әйел алмақшы болады. Күйеуінің ниетінен қайтпайтынын сезген әйелі басқа күйеуінен туған қызын алса ғана көнетінін айтады. Бұл мәселені күйеуі Пайғамбармен, яғни Яхиямен (ғ.с.) ақылдасатынын айтады. Яхия (ғ.с.) қарсы болғаны аз, жаман ниеті үшін патшаға ұрсып тастайды. Бұған патша әйелімен бірге кектесіп жанындағы нөкерлерін айдап салуымен, Яхияны (ғ.с.) өлтіруге бел байлайды. Яхияның (ғ.с.) қолдарын байлап, өлтіруге алып бара жатқанда «Мені (ғ.с.) не үшін өлтіресіңдер» деп сұрамады да. Ақса мешітінде қызметте жүрген монахтар патшаға «егерде пайғамбар қанының бір тамшысы болсын, жерге тамса ол жер құнарсыз болып кетеді» деп айтқан себебінен Яхияны (ғ.с.) бір ыдысқа қанын сыртқа тамызбай бауыздайтын болады. Қанша сыртқа қанын тамызбаймыз деседе, бір тамшы қан жерге тамып кетеді. Сол мезетте сол жер бұрқырап қайнай бастайды. Қайтыс болған Яхияның (ғ.с.) денесі бөлшектеніп патшаның әмірімен әр түрлі жерге көміледі. Аз уақыт өткеннен кейін Бұхтанасар деген кісі төңкеріс жасап, патшаны және тағыда басқа пайғамбар өліміне қатысы бар 70 000 адамның басын алады. Бұхтанасар Иродтан өткен залым патша болады, пайғамбарды өлтіруге көнген залым елге Алланың жіберген жазасы еді. Уалид ибн Абдмалик халиф болған заманда мешіт салып жатқан жұмыскерлер бір үңгір ішінен сандық тауып алады. Сандық ішінде бас жатады, жанындағы тақтайшада «Яхия (ғ.с.) пайғамбардың басы» деген жазуы бар. Сол басты арулап қайтадан көмеді. Қазіргі таңда Сирия мемлекетіндегі бір мешіттің ішінде зияраты бар.
Арабшадан аударғандар:
Қарағанды облыстық орталық мешітінің найб имамдары:
Дархан Асылтайұлы, Бекболат Зулжаладдинұлы
Пікірлер