Қазақ халқының табиғаты жақсы іске, қайырлыққа құштар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын, жаманның жамандығын айт, құты қашсын» деп игі жақсының ізгіліктерін насихаттап, басқаларға өнеге етеді. Өмірдегі өткен дандардың да жақсылықтарын еске алады. Сондықтан да «жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген нақыл кең тараған.
Жалған өмірде қолдан келгенше жақсы іс жасауға тырысу – әрбір мұсылманның міндеті. Ал жамандыққа қарсы жақсылық істеу кез келген жанның қолынан келе бермейтін текті қасиет. Қазақта мынандай сөз бар:
Жақсылыққа жақсылық әр кісінің ісі дүр,
Жамандыққа жақсылық ер кісінің ісі дүр.
Осы сөздердің негізін біз Құран кәрімнен табамыз. Жаратқан Ие пендесін теріс пиғылдағы кісімен де тіл табысып, оның оң жолға түсуіне себепкер болуға шақырады.
Алла Тағала былай дейді: «Жақсылық пен жамандық тең емес. Жамандықты ең көркем іспен қайтар. Сонда араларында дұшпандық болған бәреу ең жақын достай болар. Әрі бұл (игі қасиет) тек сабыр еткендерге ғана беріледі және бұл тек зор несібеге ие болғандарға ғана беріледі».
Қоғамға қандай да бір пайда тигізу нағыз мұсылмандық қасиет. Адамдардың ең жақсысы да сол.
Ирбад ибн Сариядан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.): «Адамдардың ең қайырлысы – адамдарға көбірек пайда әкелгені», - деп жауап берген.
Дереккөзі: «Дін мен дәстүр»
Пікірлер