Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ислами бизнес
05 мамыр, 2015 жыл 904 Басып шығару нұсқасы

business2Бизнесті шариғатқа сай жүргізу негізгі екі ережені қамтиды: тыйым салынған әрекетке жол бермеу – харам және рұқсат етілген және қайырлы істерді жасау арқылы Алланың разылығына ие болу – халал.


Құранда бизнесті дұрыс жүргізудің келесі негізгі принциптері бірнеше мәрте аталады:


– кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі және келісім;


– әділеттілік;


– заңдылық;


– басшылар мен жұмыскерлер этикасы;


– қайырымдылық пен мейірім.


Осы принциптердің әрқайысын жеке-жеке қарастырып көрелік.



Кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі


Экономикалық дамудың басты шарты – кәсіпкерлік қызметтің еркіндігі. Капиталы бар кәсіпкер мен жалдамалы жұмыскер нарықтық қарым-қатынастың теңдей қатысушылары. Адам бизнеспен шұғылдануға және шариғат белгілеген шеңберде кез-келген қызмет түрін таңдауға құқылы. Ислам талаптарына сәйкес нарықтық қатынастың барлық қатысушылары әділдікті басшылыққа алуы тиіс. Ол іскерлік келісімдерді еркін жасауды, келісімдердің орындалу міндеттілігін, келіскен тараптардың серіктестікке әзірлігін, сатушылар мен сатып алушылар нарығына еркін қолжетімділікті, саудадағы адалдықты, тауарлардың саны мен бағасы туралы толық әрі нақты ақпаратты қамтиды. Құран басқаның мүлкін заңсыз иеленуге, оған заңсыз қол сұғудың кез-келген түріне тыйым салған. Мұсылманның басқа біреудің затын рұқсатсыз пайдалануына болмайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) мүлікке тиіспеуді адам өмірі мен абыройына теңестірген: «Осы күні, осы айда, осы жерде Алла Тағала мұсылманның өмірін, мүлкі мен абыройын сендер өз Тәңірлеріңді кездестіргенге дейін қасиетті және тиіспейтіндей етті»-дейді. Құранда саудаға ерекше мән беріледі: «Алла саудаға рұқсат етті және өсімқорлыққа тыйым салды»-деген. Бизнестегі бәсекелестеріне бәсекелестік сынағының шегінен асатын тәсілдермен залал келтіруге жол жоқ. Барлық келісімде қос тараптың разылығы болуы керек. Өсімқорлық, құмар ойындар, лотереяларға тыйым салынған. Құранда:  «Адамдардан алғанда толық алатын, ал өзі таразыға тартқанда немесе өлшегенде өзгеге кем беретін алдаушыларға қайғы бар»-дейді.



Әділеттілік


Әділеттілік бизнестегі ғана емес жалпы адамзат өміріндегі басты ұстанымдардың бірі. Іскерлік қызметтегі әділеттілік талабы келесілерден көрінеді:


– берген уәде мен келісім шарттарын орындау;


– тауарды сату кезінде оның саны мен сапасы туралы сипаттаманың нақтылығы;


– адал жұмыс және еңбек ақыны әділ төлеу;


– қарым-қатынастың тазалығы мен шынайылығы;


– жұмыстағы құзыреттілік пен тиімділік;


– коммерциялық ақпараттың нақтылығын тексеру.



Құранда берген уәдені және келісім шарттарын орындауға, келісімді бұзғанда да әділ болуға баса көңіл бөлінген: «Ал егер сен адамдардың сатқындығынан қорықсаң, олармен келісіміңді әділ жолмен бұз, Алла алдаушыларды ұнатпайды»-дейді. Исламдағы еңбек қатынастарының этикасы еңбек ақының уақытылы төленуін, лауазымдық міндеттер мен жұмыс шарттарын келісім жасаған кезде белгілеп алуды құптайды. Еңбекақы толық көлемде және кешіктірілмей төленуі тиіс. Бұл жөнінде Құранда: «Адамдарға заң бойынша тиесілі нәрсесін кешіктіріп, ұстап қалмаңдар»-делінген. Сондай-ақ Құранда жұмыс көлеміне қарай әр түрлі ақы төлеу қажеттігі айтылады. Яғни ешкімнің еңбегін жемей, әділ ақысын төлеу қажет. Бұлай істеу жұмыскердің еңбек өнімділігін арттыруға себеп болады. Ал шешім қабылдау үдерісінде Исламда кез-келген ақпараттың нақтылығын тексеру ұсынылады: «Өзің білмейтін нәрсенің соңынан ілеспе»-дейді.



Бизнестің заңдылығы


Бизнестің заңды болуы шариғат тұрғысынан алғанда ең басты шарт. Құранда өсімқорлыққа, пайыз алуға түбегейлі тыйым салынған: «Алла сауда жасауға рұқсат етті және өсімқорлыққа тыйым салды»-делінеді. Шариғат тыйым салған санаулы кәсіп түрлері:


– доңыз еті және доңыз еті қосылған түрлі өнімдер;


– шариғат ережелеріне қайшы сойылған үй жануарларының еті;


– алкогольді ішімдіктер, темекі өнімдері, есірткі;


– жезөкшелік және порнографиялық өнімдер;


– дін мен қоғамға зиян келтіретін барлық кәсіп түрі.


Сондай-ақ айырбас саудаға да рұқсат етілген, бірақ айырбасқа түсетін тауарлар құны тең болуы керек.



Басшылар мен жұмыскерлер этикасы


Сыпайылық пен әдептілік жақсы қасиеттердің бірі және жақсы жұмыс атмосферасын қалыптастыруға сеп болады. Алла елшісінің өзі: «Әлденені сатып алғанда, сатқанда және өз міндеттерін орындағанда жақсы мінезімен ерекшеленген адамды Алла жарылқасын»-деген. Құран басқалармен қарым-қатынаста, тіпті дау-жанжалдың өзінде әдеп сақтауды үгіттейді. Кез-келген басшы қарамағындағы жұмыскерлерге о баста келісілмеген дүниеде қысым көрсетпеуі керек. Керісінше көмектескені абзал. Әсіресе ұжымдағы ұрыс-керісті шеше білу маңызды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Мұсылмандар тараптардың арасындағы дауларды шешуге құқылы, бұл арада рұқсат етілгендерге тыйым салмауы және тыйым салынғанға рұқсат етпегендері керек. Егер келісім шарттары рұқсат етілгенге тыйым салып, тыйым салынғанға рұқсат етпесе мұсылмандар келісім шарттарын орындауы тиіс»-дейді.


 


Қайырымдылық пен мейірім


Қайырымдылық мұсылман сипатының бірі. Құранда: «...жақсылық үшін не жұмсасаңдар да, өздерің үшін жұмсағандарың және сендер Алла ризалығы үшін ұмтыласыңдар. Жақсылық үшін не жұмсасаңдар да ол сендерге толық қайтарылады және сендер ренжімейсіңдер»-делінеді. Ал қайырымдылықты ең алдымен кімнен бастау керектігі жөнінде Пайғамбарымыз: «Материалдық қиындық көрген адамға жасаған қайырымдылық. Бірақ өз қарамағыңдағыдан баста»-дейді.



Қарағанды облыстық орталық мешіті


Әмина Омарова

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары