Көз жасы әр түрлі себептен төгіледі: қуаныштан, қайғыдан, дерттен, ал кейде – эмоционалды түрде.
Қандай қызық болса да біз бұл өмірге іңгәлап, шырылдап жылап келеміз. Баланың іңгәлап жылауы – оның өмірінің бірінші белгісі, неғұрлым қатты жыласа, соғұрлым жақсы, ол оның дем алғаны – яғни өмір сүретіндігі.
АҚШ биохимигі Вильям X. Фрей көз жасының пайда болу себептерін, оның пайдасы мен зиянын зерттеген. Ол ойын түйіндей келе: «Көз жасы сыртқы ортаның басқа секрециялық функциялары сияқты ағзадан күйзеліс кезінде пайда болатын уытты заттарды шығарады»-дейді.
Көз жасының негізгі бөлігі судан (99 % дейін), қалғаны бейорганикалық заттардан тұрады.
Ежелгі Русьте көз жасын інжумен салыстырса, ескі жазбаларда кәріптасқа теңейді. Ертедегі славян әйелдері өздерінің көз жастарын арнайы ыдыстарға жинап, кейін алқызыл сумен араластырып, жарақатты емдеу үшін қолданыпты-мыс. Бұл тәжірибені Византия мен Парсы әйелдерді де қолданған екен.
Ғұламалар жылау кезіндегі эмоционалдық жаттығу емес, көз жасының химиялық құрамы жеңілдік сезім беретінін анықтаған. Көз жасында эмоция сәтінде мидан бөлінетін күйзеліс гормондары бар. Көз жасы жүйке жүйесіне салмақ түскен кезде түзілетін заттарды ағзадан шығарады.
Медицина тұрғысынан да көз жасының рөлі маңызды. Олар көзді шаңнан, басқа да тітіркендіруші факторлардан тазалайды. Олардың құрамында маңызды органдарға қажетті оттегі бар. Көз жасы бездері тынымсыз үнемі жұмыс істейді. Олардан бөлінетін жас көз алмасын ылғалдандырады. Ғұламалар осы себепті де адам тәулік бойы жылайды дейді.
Әйел баласы ерлерге қарағанда көп жылайды. Бұл олардың табиғаты дейміз. Олар ерлерге қарағанда эмоционалды келеді, қайғы-мұңын да, асқан қуанышын да көз жасы арқылы көрсетеді. «Көз жасы – әйелдің қаруы» деп те тегін айтылмаса керек.
Дін де көз жасына тыйым салмайды, шектемейді. Бірақ бәрі өз шегінде болуы керек. Ғұламалар дұға мен құлшылық кезіндегі көз жасының ерекшелігін қатты ескереді. Себебі шынайы жүректен шыққан көз жасы адамның ой-ниетінің шынайылығын көрсетеді. Алла Тағала үшін төгілген көз жасы – көз жасының ең қайырлысы. Жүрегімізге жылап отырып, құлшылық қылатындай, дұға етіп, Алладан кешірім сұрайтындай иман толсын дейік!
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Әмина Омарова
Пікірлер