Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Бесінші тілек тілеңіз...
07 қазан, 2015 жыл 1681 Басып шығару нұсқасы

Аса мейірімді, Мейірбан Алланың атымен бастаймын. Барлық мадақ әлемдердің Иесі Аллаға тән. Салауат пен сәлем елшілердің төресіне, оның әулеті мен сахабаларына болсын! Исламда иман еткеннен кейін алғаш парыз болған құлшылық – намаз. Әрбір ақылы бар кісіге иман парыз, әрбір иманы бар кісіге ғибадат парыз деген бабаларымыз. Сондықтан да пенденің қиямет күнінде ең алғаш жауапқа тартылатын амалы намаз екенін аңғарамыз. Алла Тағала қасиетті кітабы Құран Кәрімде:


«حافظوا على الصلوات »


«Намаздарға мән беріңдер!»-деп ескертеді. Келесі бір аятта:


«فويل للمصلين، الذين هم عن صلاتهم ساهون»


«Намаз оқушыларға нендей қасірет! Олар намаздарына немқұрайлы»-деп баяндайды. Ибн Аббас (р.а): «Ол намаз оқыса, сауабын үміт етпейтін, намазын тастаса, жазадан қорықпайтын намазхан»-деп аятқа түсіндірме берген. Әбу Алия: «Намазды өз уақытында оқымайтын және рукуғ пен сәждесін толыққанды орындамайтын намаз оқушылар»-деген. Ендеше әрбір мұсылман өзінің намазына ықтияттылықпен қарап, уақытында оқығаны абзал. Дана бабаларымыз да: «Бесінші тілек тілеңіз, бес уақытта бес намаз біреуі қаза қалмасқа»,-деп жырлап өткен.


Ибн Масғуд (р.а) Алла Елшісінен (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп сұрадым дейді: «Амалдардың ең абзалы қайсысы?» Ол (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уақытында оқылған намаз»,-деді. Хадистен байқағанымыздай амалдардың ішіндегі ең бағалысы әрі құндысы намаз екен. Басқа құлшылықтардың барлығы дерлік Алла тарапынан жер бетінде парыз етілген болса, намаз миғражда парыз етілген ұлы құлшылықтардың бірі.


Алла Тағала Ғанкәбут сүресінің 45 аятында:


«اتل ما اوحي اليك من الكتاب و اقم اصلاة ان الصلاة تنهى عن الفحشاء و المنكر»


«(Ей, Мұхаммед!) Өзіңе уахи етілген кітаптан (Құраннан) оқы және намазға тұр. Расында намаз арсыздық пен жамандықтан тыяды»,-деп баяндайды. Әбу Һурайра (р.а) Алла Елшісінің (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дегенін естідім дейді: «Егер сендердің біреулерінің


есік алдында өзен болып, сол өзеннің суына күніне бес рет шомылса, сол адамның денесінде лас бір нәрсе қала ма?». Сахабалар (р.анһум): «Жоқ, оның денесінде лас ешнәрсе қалмасы анық»-деді. Сонда Ол (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес уақыт намаз да сол су секілді. Алла Тағала сол намаз арқылы күнәларды кетіреді»,-деп жауап қатты. Хадис бес уақыт намаздың және оған бекем болудың артықшылығын түсіндіріп жатыр. Алла Тағала бес уақыт намазын шарттарымен, әдептерімен толық орындаған адамның кіші күнәларын кешіреді. Алайда, үлкен күнәлар үшін міндетті түрде тәубе ету қажет. Намаздың артықшылығы сонда, су лас нәрселерді қалай кетірсе, намаз да адамның бойындағы күнәлардың кешірілуіне себеп болады екен.


Әбу Мусадан (р.а) жеткен хадисте Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):


« من صلى البردين دخل الجنة»


«Кімде-кім таң намазы мен аср намазын оқыса, жәннәтқа кіреді»,-деп сүйіншілейді. Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) басқа хадистерінде де күн шықпастан алдын, күн батпастан бұрын намаз оқыған адамның тозаққа кірмейтіндігі жайында айтқан. Хадис басқа намаздарды алып қойғанда, тек осы екі уақыт намаз ғана жәннәтқа кіруге жеткілікті деген мағынаны меңземейді. Керісінше, күллі жамандық пен арсыздықтан тыятын барлық бес уақыт намазды өтеу, оған мән беру құлдың ең басты парызы. Тағы да осы хадистерге ұқсас бір жерлерде ардақты Елшіміз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Таң намазын оқыған адам Алланың қорғанында болады»-деген.


Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) осындай сөздер айтып үмбетін сүйіншілеп отырса, кей кездері үрейлендіріп отыратын. Бурайда (р.а) Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деді: «Кімде-кім аср намазын тәрк етсе, оның бүкіл сауабы құрдымға кетті»,-деп баяндайды. Хадисте намазды тастаудың, әсіресе аср намазын өтемеудің үлкен күнә екендігі жайында а йтылып жатыр. Аср намазын оқымау амалдың сауабын жойып, құрдымға кетіреді. Кейбір ғұламалар аср намазын оқымаған адамның сол күнгі жасаған амалдарының барлығы жойылады деген. Кейбір ғалымдардың айтқан сөздерін алға тарта отырып, шамасы жеткен әрбір мұсылманмын деген жұмыр басты пенде намазын қаза қылмауы тиіс деп санаймыз.


Әбу Һурайра (р.а) Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірде: «Кімде-кім таңертең және кешкі намазға мешітке қарай жүрсе, Алла Тағала сол жүргенінің сауабына жәннәтты әзірлейді»,-дегенін жеткізеді. Алла Тағала уәдесіне берік, жақсылық жасаушылардың сауабын кемітпейтін ұлы зат. Омардың ұлынан жеткен хадисте (Алла ол екеуінен разы болсын) Алла Елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Жамағат намазы, жалғыз оқылған намаздан жиырма жеті дәрежеге абзалырақ»-деген. Басқа риуаяттарда жиырма бес есе деп келетіндігі бар. Бірқатар ғұламалар: «Аздық көптікті жоя алмайды, жиырма бес жиырма жетінің ішіне кіріп тұр»-деген. Кейбір ғұламалар: «Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірінші жиырма бес есені біліп, соны хабарлағаннан кейін, жиырма жеті есе екендігіне білдіріліп, соны айтқан»-дейді. Жалпы хадис адамның жамағат намазына деген құлшынысын арттыруға негізделген. Иә, базарда немесе үйде жалғыз оқылған намаздан жамағатпен оқылған намаздың сауабы молырақ болары анық. Пенде дәретін шынайы ниетпенен жақсылап қадағалап алып, тек мешітке ғана көңілі ауып тұрса, Алла Тағала сол адамның әрбір қадамына дәрежесін көтеріп, қатесін кешіремін дейді. Ол адам жайнамазда намаз оқығанда періштелер сол адамға салауат айтып, қателерінің кешірілуін сұрап, үнемі: «Уа, Алла! Оны рақымына бөлей гөр!»,-деп тұрады. Тіпті сол намаздан келесі намзға дейін мешітте күтіп отырса, періштелер салауатын айтуды тоқтатпайды екен.


Ылайым дініміз аман, еліміз тыныш болсын! Алла барша мұсылмандардың оқыған намаздарын қабыл қылсын!


IMG_0008


Саран қалалық мешітінің ұстазы Əбдіғали Естай

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары