Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Үйге сурет қоюға бола ма?
12 қазан, 2015 жыл 5634 Басып шығару нұсқасы

Үйдің ішінде не болмаса кез-келген мекемеде тіршілік иесінің бейнесі бар сурет қою орынды емес. Кейбіреулер бөлмеге жағалай өзінің, отбсының суретін тізіп қойғанды жаны сүйеді, ал біреуі жақсы көретін жан-жануарының суретін айналдыра іліп қояды. Бірақ Ислам дінінде сурет қою немесе салу мәкрүһ (ұнамсыз әрекет). Абу Талха (Алла оған разы болсын) жеткізген хадисте Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Ит пен сурет болған үйге періштелер кірмейді» деген. (Бухари мен Муслим риуаят еткен).


Ал періште кірмеген жер жын-шайтанның мекеніне айналып, ұрыс-жанжал көбейіп, үйден береке қашады.


Бүгінгі таңда байлық шақырады деп бақаның, пілдің мүсінін қою сәнге айналған. Әлемдердің жаратушысы Алладан емес, жансыз заттан байлық сұрау пұтшылдыққа тән. О баста пұтқа табынушылық халық арасында ізгі әрі әулие кісілердің мүсіндерін бейнелеуден басталып, кейін оларға Тәңіріндей табынып кеткен. Осы турасында Ибн Аббас былай деуде: «Бұл есімдер Нұһ қауымындағы ізгі кісілер еді. Ол кісілер өлгеннен кейін шайтан осы қауымға соларды ұмытпай еске алып тұру үшін бейнелерінен пұт жасауға ой салды. Халық олардың бейнесін мүсіндеп жасағанмен табынған емес. Бірақ кейінгі ұрпақ о баста мүсінді пұттардың не үшін қойылғанын білместен, табына бастады» (Бұһари, Тәпсір, 71).


Кейінгі ұрпақтың арасында әлі де ата-бабалары мен әулилердің зиратына барып, көк тасын айналып дұға-тілек тілеп жүргендер де көп. Құран Кәрімде: «Шындығында Алла Өзіне серік қосқанды кешірмейді, ал одан басқаны (басқа күнәні) қалаған пендесіне кешіреді. Кімде-кім Аллаға серік қосса, ол қатты адасады» (Ниса, 116), - деп кесіп айтқан.


Құдіреті күшті Алланың жаратқан әсем табиғатын, ыдыс-аяқ, ұшақ, автокөлік сынды жансыз затты суреттеу немесе үйге қою Ислам дініде тыйым салынбаған. Сөзімізге дәлел сахаба Ибн Аббас жанды заттың суретін салмау туралы риуаят еткеннен кейін: «Сурет салар болсаң, мына ағаш сияқты жансыз заттарды бейнеле» (Сахих Бухари, Китабуль Буйуғ -2112 хадис), - деген. Бірақ, кез-келген көздің жауын алар жылтырақ дүние болса қайтсе де адамның иманын әлсіретіп, дүниеқоңыздықққа баулиды. Сонымен қоса Аллаға құлшылық етер сәт – намаз үстінде де кедергі келтіреді. Бұл туралы Әнас былай дейді: «Айша анамыздың гүлді өрнекті перделері бар болатын. Оны үйінің бір жақ қабырғасына іліп қойған еді. Бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): « Мына пердені бұл жерден алып таста, себебі ондағы суреттер намаз оқыған кезімде әрдайым көз алдымда тұрады»,- деді. Яғни көзім түсіп, намаздан шатасамын дегені.


Адамның, жан-жануардың бейнесін айна қатесіз, аудырмай салатын қыл қалам шеберлері дінде күнәһар дейді. Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы


болсын) жеткізген хадисте ол: Мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) «Қиямет күні азабы ең қатты адамдар – сурет салушылар» - дегенін естідім. (Бухари мен Муслим риуаят еткен),-деген.


Бұл жерде тура мағынада қабылдауға болмас. Өйткені барлығына беріле бермейтін дарынды беретін Алла Тағала. Қыл қаламымен айнытпай салып, талай тарихтағы дүниелерді бізге жеткізген суретшілер қаншама. Алайда кейбір суретшінің бойында мен барлығынан күштімін деген менмендік пайда болып, Жаратушы Алламен өзін тең қояр күпірлікке барып жатады.


Сондықтан да салған суретіне мастанып, асқан шеберліктің иесі Алланы естен шығару ауыр күнә. Алла Тағала мықты болсаңдар кішкене ғана шыбынды жаратып көріңдер дейді өзімен таласатындарға. Мына әлемнің жаратушысы біреу ғана – Алла Тағала.


Гүлім Аятай

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары