Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Ер азаматтың жауапкершілігі
30 қазан, 2015 жыл 731 Басып шығару нұсқасы

Жұбайы мен балаларына діни, адами тәрбие беру ер адам үшін екі дүниеде де сауапқа кенелтетін қасиетті борыш. Отбасының беріктігі -тақуалықта. Тақуа ер – бұл өз міндеттерін кемшіліксіз орындайтын, отбасын асырап, тәрбие беретін азамат. Ол ақылды, іскер, ең бастысы тақуа, адамгершілігі зор жан. Отбасын құрғысы келетін ер азамат алдымен отбасын қаржылай тұрғыдан қамтамасыз ету міндетін ойлауы қажет. Алла Тағала отбасын асырау міндетін ер азаматқа жүктеп, осы үшін де оның мұрадағы үлесін арттырған. Табысы бар ер азамат отбасын құруға ынталы болады. Ал өзін асырауға шамасы жетпейтін адамның өзгелерді адастырмағаны абзал. Ал егер адамның мал-мүлкі аздау болып, сенімі күшті болса отбасын құруда Алла оған көмектеседі. Құранда: «Араларыңда үйленбегендеріңді үйлендіріңдер; қайырымды құлдарың мен күңдеріңді; егер олар кедей болса Алла оларды Өз мейірімімен байытады, Алла Тағала жомарт және бәрін білуші»-делінген. Осы аяттан ұғатынымыз. жағдайы бар адамдардың алдымен өздері үйленуі қажет, кейін мұндай мүмкіндіктері жоқтарға көмектесуі қажет.


Әркім өз мүмкіндіктеріне қарай отбасын құруға тырысады. Отбасын құрған кезде екі жақтың әлеуметтік жағдайын, теңдігін, сәлт-дәстүрін ескеру керек. Бұл ерлі-зайыптылардың болашақта үйлесімді өмір сүрулеріне себеп болады. Отбасының берекелі болуының бірден-бір маңызды себебі ер азаматтың табатын табысы, ынта-жігері, талабы мен талғамында жатыр. Ер азамат өз отбасын баспанамен, киер киім, ішер аспен қамтамасыз етуге міндетті. Әрине, бұл ер азамат миллиондап табыс табуға міндетті деген сөз емес. Жалқаулыққа, жатып ішірлекке салынбай, уақытты босқа өткізбей еңбек етуге, бар мүмкіндігінше отбасына қаражат табуға тиісті. Ал оны рәсуа етпей жұмсау әйелінің міндеті. Себебі әр істе шектен шығу да күнә болмақ. Ер адам жұбайы мен балаларының ас-ауқатына ғана емес, оларға керек затын алып беруге ғана емес, олардың не істеп, не қойып жүргеніне, қалай жүріп-тұрып, қалай киініп жүргеніне де жауапты. Олардың ашық-шашық киінбеуін, бейуақытта жүрмеуін қадағалайды. Ер азамат отбасын түрлі қауіптерден қорғайды, сақтандырады. Бір сөзбен айтқанда отбасының материалдық жағдайына да, адами-рухани дамуларына да жауапты және әр кез жұбайы мен балалары үшін дұға жасайды.


Қарағанды облыстық орталық мешіті


Әмина Омарова

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары