Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Кетпеші балам Сирияға (жалғасы)
03 желтоқсан, 2015 жыл 324 Басып шығару нұсқасы

«Адасқандар»


* Көздерін шел басып, қанталаған қасқырлар, қайта шабуылға аттанды. Сөйтіп, екі күннен кейін, бір еркек келді. мені өзі некелеп алғанын, Бақдаулеттің қаза болғанын айтты. Төбеме тас түсіп, меңіреніп қалдым. Бақдаулеттің жарылғыш затты басып, денесі талқан-талқан болып, ішек қарны ақтарылып өлгенін күле айтып берді. Сөйтіп, менің арымды төкті. Менің де өлгім келді. бірақ ажалым келмесе, өз өмірімді қия алмадым. Ойым балаларымда болды. Олардың қайда, нестеп жүргенін білгім келді. Сөйтіп мені осында алып келді, міне бар білерім осы. Ағаң енді жоқ. Біз ешкімге керек емеспіз. Балаларымды тапсам деймін,-деп Күнай жылай жылай таусылған жастарын сүртті.


* Жеңге, бізге қашу керек. Білмеймін, бірақ бір амалын тапсақ деймін.


* Иә, қашу керек, одан басқа амал жоқ. Балаларымды да, табуым керек.


* Біз қамаулымыз, қайда барамыз, бұл жерді білмейміз. Қайда барамыз?


* Алла көмектеседі,-деп біз жоспар құруға кірістік. Бірақ біз не ойластырсақ та жендеттер ондай ойға мұрша бермеді. Бір үзім нан таппай, қарнымыз аш, екі бұратылған біздің қандай әліміз болсын. Күнде бейбіт ауыл, қалаларды қыруға баратын бұлар, өздерімен бірге әйелдерді де ертіп жүреді. Сондай бір кездерде бізді де ертетін жағдай туғанда, босқын халықпен бірге араласып, бізде қашып кетеміз деп ойладық. Бірақ оған Күнай көнбеді. Балаларын іздеп табу оның басты мақсаты болды. Көптеген балалар, қоршалған лагерьде еді. Ал ол жаққа тек еркектер ғана барады. Қамауда отырған әйелдерді аттап бастырмайды. Мен тек жалбарынып, дұға етумен болдым. Күнай, мен, қасымыздағы тағы бір екі қыз еркектерге жыныстық қызмет ету үшін, бізді өздері шабуыл жасайтын ауылдарға апарып жүрді. Бара сала, көз алдымызда бейбіт, еш қаперсіз жатқан елге дүрсе қоя берді. Борандатып жарылғыш тастап, адамдарын атып өлтірді. Қыздарын тұтқынға алды, зорлап, абыройларын төкті, ер азаматтарын бастарынан кезеп, кезек -кезек тұрғызып, маңдайларынан миларын шаша, оқ атты. Балаларын бір жерге жинап, оларды да дарға асып қырып салды, қырып салды. Мен ештеңе істей алмадым. Тек көріп қана тұрдым. Сондағы көздері мөлдіреп, бұл өмірді қимай, әлі жарқын өмірлері басталмай қапыда кетіп жатқан жас балаларды көргенде езіліп кеттім. Соншалықты қатыгез, адам емес, тіпті хайуан да емес, адамдарды аяусыз ішек қарнымен талқандап, денесін шашып жатқан оларға қандай азап бар тозақта. Алла оларды жазасыз қалдырмас. Бір сағатта - ақ, ол ауыл жермен жексен болды. Еңіреген ана мен қыздар, баласынан айырылған ана, отағасынан айырылған келіншек, әкесінен айырылған қыздың көз жастары көл болып ақты. Еттері үйренген сол жанкештілердің мұндай жағдайды көңілге де алмайды, тіпті өлтіріп жатып көздері де міз қақпайды. Ауылды қырып, өтірік шейхсымақ біруге келіп есеп береді. Ол адам өтірік уағыздарын айтып, бұларды Жәннаттық деп мадақтайды. Ал, ол адамның басқа жақтан қандай тапсырыс алып, не мақсатпен жүргенін кім білсін. Не керек, бір күні жендеттердің біреуі келді де, арамыздан бірнешеуімізді таңдап алды да, қару жарақ, жарылғыш заттар сақталатын қоймаға


апарды. Қатты қорқып қалған біз, алақ-жұлақ жан жағымызға қараумен жүрміз. Сөйтіп тұрғанда Нағашбек келді:


* Күнай, күйеуің шахид болды. Алла жолында қаза болды. Енді сен де Алла жолында қаза болсаң, Жәннатта кездесесіңдер,-деді.


* Алла жолында емес шайтан жолында десеңші, Жәннат емес, Тозақ отында жанып жатқан шығар,-деді Күнәй жұлқына.


* Жә, жетер. Тамағыңнан мына пышақпен осып тастамай тұрғанда, тіліңді тарт. Сенде кәпір болайын дегенсің бе? Сен де барасың, ол жаққа. Тек бұл жерде емес, сенің дәм тұзың Түркияда таусылады. Өз өзіңді Алла жолында жарасың!


* Нағашбек, не деп тұрсың. Өзін-өзі өлтіру Алланың алдында күнә. Сен сондай иманды болсаң бұны неге білмейсің. Менің балаларым бар. Мен оларды көруім керек. Оларды тастап кетпеймін.


* Исламды үйрететін сен бе? Бізге үлкен үлкен шейхтар сабақ береді. Құранды тәржімалап береді. Өзіңді солардан үлкенмін, білгірмін деп тұрсың ба? Біз Алла жолында соғысып, Ислам мемлекетін құрамыз. Құранда «кәпірлерді кездескен жерлеріңде өлтіріңдер » деген аят бар. Жоқ Құранға да қарсысың ба?,-деген Нағашбектің сөзін бөліп, мен тіл қаттым:


* Нағашбек, сен де Құранды жақсы білемін дейсің ғой. Онда айтшы, сол аяттың алдында қандай, аят келетінін. Білмесең мен айтайын, ол аят Бақара сүресінің 190-193-ші аяттары: «Өздеріңмен соғысқанмен Алла жолында соғысыңдар, бірақ өздерің шапқыншылық жасамаңдар. Алла шапқыншылық жасағандарды ұнатпайды. Оларды кездескен жерде өлтіріңдер, өздеріңді мекендеріңнен (Меккеден) қуғанындай, оларды да мекендерінен қуыңдар. Зиянкестік соғысудан да жаман. Олар өздері сенімен соғыспайынша, сендер олармен Мәсжид Әл-Харам жанында соғыспаңдар. Егер олар соғыс ашса, онда сендер де өлтіре беріңдер. Кәпірлердің жазасы міне, осы. Егер олар соғысты тоқтатса, (сендер де тоқтатыңдар). Алла – кешірімді әрі мейірімді. Қастандық аяқтап, дін Алланың діні болғанға дейін олармен соғысыңдар. Егер олар (күпірден, соғыстан) бас тартса, залымдық істеушілерден басқаға дұшпандық жоқ» деп айтылады. Ал бұл жерде бейбіт елді қырыңдар деген сөзді көріп тұрсың ба? Және бұл соғыс Пайғамбарымызға қарсы соғыс ашып, ,-дедім жаттаған аяттарымды еске алып.


* Сен тіліңді тарт. Білгірмін дейсің ғой. Біздің ұстазымыздың шаңына да ілесе алмайсың сен. Сенің күйеуің сені талақ етіп. Басқаға берді. Сенің басың бос емес, ал мына қатынның, басы бос. Бұны біз өз мақсатымызға пайдалануымыз керек,-деді Нағашбек менің айтқан аяттарыма мән бермей. Менде бар мүмкіншілікті пайдаланып, Нағашбектің санасына титтей болсын хидаят барсын деп сөзімді сабақтай бердім:


* «Алланың атымен жолға шығыңдар. Алла жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүсле» (өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кеспеңдер) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер» деп Пайғамбар да ескерткен. Жихад дегенің қолға қару алу емес,


Алла жолында нәпсіңді тізгіндеп, пайдалы іспен айналысу сен сияқты сауатсыздықпен күрес. Алла жолында білім алу,-дедім.


* Жә, жарар. Сенімен салғыласатын уақытым жоқ. Мен сенің айтқандарыңның біріне де сенбеймін. Өз ұстаздарымнан білім алып жүрмін. Алла жолында кәпірлерді өлтіремін,-деді де, Күнайға қарап:


* Балаларыңды аман есен көргің келсе, біздің айтқанымызға көн. Бүгіннен қалмай Түркияға аттанасың. Анкараға барып, сол жерде жарылыс жасайсың. Кәпірлердің көздерін солай құрту керек,-деді Нағашбек қолындағы қаруын кезеп. Сөйтті де қасындағы тағы бір жанкештілермен Күнайды ұстап алып, оның беліне жарылғыш орналастыра бастады. Көр соқыр болған олардың жан аярлық бірде-бір қасиеттері қалмаған.


* Нағашбек, құлың болайын бұлай жасама, балаларыммен ажырата көрме, қанымыз бір қазақпыз ғой, бір ашуыңды бер. Ең құрығанда балаларымды елге қайтаршы,-деп Күнай шыр-пыр бола жылап, Нағашбектің аяғына жығылды. Қыз демей, әйел демей күш жұмсап үйреніп қалған Нағашбек Күнайды бір теуіп, құлатты да


* Енді бір ауыз сөйлейді екенсің, ажалыңнан бұрын, мына тауықтай миың шашылып, аппақ мойының осылып өлесің. Тез тұр,-деді де, Күнайдың беліне жарылғышты қайта орнатты.


* Сендердің де кезектерің келеді, сен Ливанға, сен Иранға, сен Ауғанстанға барасыңдар,-деді Нағашбек сөзін жалғай жанымыздағы қыздарға қарап. Көздері мөлдіреп, бастары салбыраған олар, тек бастарын изеумен ғана болды. Бұл тозақтан осылай құтылармыз деп ойласа керек.


* Ал, сен, туған жеріңе барасың,-деді маған қарап. Мені босатады деген ой елең беріп, қуанып кеткен мені көрген ол қайта сөзін сабақтай,


* Алматыға барып, сол маңда жарасың өзіңді,-деді. Жүрегім зыр ете қалды. Елім, жерімді сағынып жүргенде оларға қиянат жасауға қалай дәтім барады. Қанша бейкүнә адам қырылады. Қанша ана баласынан, баласы ата- анасынан, ағасы қарындасынан, інісі ағасынан айырылады. Бейбіт елдің қанын ішкенде не пайда бар.


* Нағашбек сендей тас жүрек адамды көрмеппін. Қазақстан сенің де Отаның ғой. Өз еліңді қиянатқа қалай қимақсың. Сенің де артыңнан іздеп жүрген туыс, бала шағаң бар емес пе?,-дедім мен де еңіреген күйде.


* Менің елім енді осы жер. Ислам қайда мықты болса мен де сондамын.


* Ислам, ислам дейсің бе, сендер исламның «и» әрібіне де татымайсыңдар ғой. Құранды білем дейсің, білсең мына сүренің мынаншы аятында не жазылған. Осыны тәпсірлеп берші. Нағашбекте үн жоқ.


* Білмесең айтайын, бұл аятта бейбіт елді қырмаңдар......


Нағашбек пен қасындағы нөкерлер бізді қарумен кезеп, алдын ала дайындалған, көлікке отырғызды. Сөйтті де артымызға қаратпастан, ала кетті. Балаларын қимай, Күнай да жылай-жылай жасы таусылды. Сөйтіп Түркияға жеттік. Біздің кім екенімізді олар қайдан білсін. Белдеріне келетін сақалдарын қырып, тап - тұйнақтай киініп, түрік азаматы болып алған олар бізді өз әйелдері деп таныстырып, шекарадан тым-тырыс өте барды. Солай Анкараға жеттік. Күнайды мәдениет үйіне баруға дайындап, жарылғышын іске қосты. Бір сағаттан


кейін күллі көкке ұшатын сарайға қимастықпен көз тастап, мені қатты бір құшақтады да, артына қарай қарай жеңгем кете барды. Беліне орнатылған жарылғышты оның аяғы ауыр секілді көрсетіп, құлағына тыққан құлаққапты кие кете барды. Мен де артынан жылап қала бердім. Бір кезде, қасымдағы түрік азаматы қолындағы рацияға қарап, жарылғышты іске қосты да, артынан «сенің балаларың әкесімен бірге ажал құшқан, сенде солардың жанына бар» деді де, жарып жіберді. Мен көз алдымда болған жарылысты көріп шошыдым ба, жоқ, «балаларың өлді» дегенді естіп, сол кезде Күнайдың қандай сезімде болып ажал құшқанынан сескендім бе, бір орнымда тапжылмай тұрып қалдым. Мәдениет сарайы отқа оранып, адамдардың тапырай қашып, бір бірлерін таптап, біреуінің басы жоқ, біреуінң, аяғы жоқ, енді біреуі қолына қан жоса болған баласын құшақтап ары бері жүрген адамдарға қарап тұрып қалдым, қолымнан ештеңе келмеді..-деді де Қарашаш екі алақанына қарай, еңіреп тағы жылады. Сұлушаш сіңілісін құшақтап, жұбатты. Жиналған жұрт көз жасына ерік беріп, бастарын шайқап жатты. Ешкімде үн жоқ. Бәріне Қарашаштың қалай қашып құтылғаны маңызды болып тұрды. Қарашаш бұл жолы еркін тыныс алып, даусын қатқыл шығара ары қарай әңгімесін жалғастырды:


* Анамды бір көрсетпей жанымды ала көрме деп мен Аллаға жалбарындым. Алланың менің дұғамды қабыл алатынына сендім. Өйткені Алла өте пәк, тәубелерді қабыл алушы, мейірімді. Ал, Сирияны талқандаушылардың жазасын өзі береді. Жүрегіме қатты соққы алған мен, есімді жоғалтқандай, тек солардың айдауында жүре бердім. олар маған қанша азғындық көрсетіп, арымды таптап жатса да, ешбір сезімге берілмей, жансыз денем ғана жүрді. Сөйтіп Стамбұлға келдік. Көлікте мен және екі жанкешті бар. Стамбулдағы аты әйгілі көпір үстімен өтіп бара жатқанда, Аллаға іштей жалбарынып келе жаттым. Алла менің дұғамды қабыл алды білем, көпір ұстіне келгенде көлік бұзылды да қалды. Екі жанкешті көліктің алдыңғы бөлігін ашып тексеріп жатқанда, «тезірек қаш» деген дауыс естілгендей болып, ойыма осы Стамбулдағы оқып, біраз жерді біліп қалғаным есіме түсті де кетті. Көлік есігін ақырын ашып, екі жендетке білдірмей, артқы жаққа барып тығылдым. Сөйтіп зулап-зулап өткен көліктердің арасынан өтіп, шет жаққа өтіп, көпірдің жиегіне шығып, секіріп кеттім. Иә, өзендегі суға секіріп кеттім. Бірақ ары қарай не болғаны есімде жоқ. Мен тек бір аурухана төрінде ғана ояндым. Менің түрік тілін жетік білетінімді пайдаланып, ол жерде он шақты күн ессіз жатқанымды білдім. Мені өзенде қайығымен кетіп бара жатқан азаматтар құтқарып қалса керек. Менің бар жағдайымды білген олар, Түркия және Қазақстан елшілігімен сөйлесіп, мені аман есен осы маңға жеткізді,-деп әлсін-әлсін дем алған Қарашаш қара көздерін ұзағынан жұмып тұрып:


* оралдым ғой, Отаныма. Қазақ елі сондай бейбіт, таза халық. Елін сатқан, анасының қарғысына ұшыраған Бақдаулет деген бір пенденің өлімін жеткізіп, одан қалған екі баласы мен жан жарының да өмірлері қиылғанын айтып келдім. Анамды да көрдім, әпкеммен де табыстым. Енді Алла жанымды алса да өкінбеймін,-деп жерге отыра жылай кетті. Көз жасы көл болған ел, гүбір-күбір етіп, бұларға басу айтып жатты.


* Иә, жаным-ай, өміріңді өксітіпті ғой,


* Қор болдың-ау, сайтанға


* Соншама жауыздық қалай іштеріне сыйған екен.


* Бір отбасы жойылды-ау, ай қайран боздақтар-ау,-десті. Тек жаңадан бері қызының басынан өткен хикаяларды үнсіз тыңдап, жүрегі қарс айырылып отырған Айғаным ғана басын көтеріп, қызын жаңа ғана көргендей көзіне іркіліп келген жасты бос жібере, дауысын шығара қызын құшақтап жылап жіберді:


* Қарағым-ау, сенің бұндай күйіңді көрмей кеткенім жақсы еді ғой. Сенің өміріңнің астаң-кестеңін шығарған ұлды қарғыс атсын. Не істеді саған. Сенің бұлай қиналғаныңды көргенше мына көзіме шел біткені игі еді. Жарығым-ау, кішкентай ғана балапаным. Сені қинаған айуандардың орны Тозақ болсын,-деп қызын құшақтап, сүйе берді, сүйе берді. Мән жайды ұққан ел, жұп-жұп болып тарасып, жөндеріне кете барды. Үйде сопиып Айғаным мен екі қызы қалды. Үшеуі бірігіп намаз оқыды. Құшақтасып ұзақ отырды. Анасына екі қызы еркеледі, маңдайларынан сүйісті. Әлсін-әлсін демалып, шаршаңқы болып жүрген Қарашаш Сұлушашқа:


* Әпке, анам сізге аманат. Оған жақсы қарағайсыз. Менің күйім мынау. Сіз ғана анама медеу бола аласыз. Оған баласының опасыздығын, кенже қызы Қарашашының сор болған өмірін ұмыттырыңыз. Сізге аманаттаймын,-деген болатын. Сөздерінің мәнісін Қарашаштың өмірден түңіліп кеткеннен айтқаны деп түсінген Сұлушаш тек езу тартып, басын изеген еді. Қарашаштың сәждеде көп жатқанын да, оның Алладан тек кешірім тілеп отырғаны деп топшылады. Бірақ бұл кезде Қарашаштың жанымен қоса жүрегі де сыр беріп, әкесі кім екенін білмеген сәбиінен айрылып, түсік тастағаннан кейінгі ағзасы асқынып, әлі құрып, әрең тыныс алып жүріп, соңғы рет намазын оқып жатқанда, жанын әзірейіл періште әлдеқашан алып кеткенін байқамағантын. Тек түннің бір уағына ғана келгенде, сіңілісінің сәждеден тұрмауы күдік тұғызғанда ғана, дыбыс білдірген оған ешқандай жауап болмағанын біліп, көкірегі қарс айырыла, жерде жатқан сіңілісін құшақтай жылады. Бөлмесіне дем алсын деп ұйықтатып қойған анасының да, қызының қайғысын көріп, жүрегі шыдамай ақырғы демі таусылғанын Сұлушаш тағы байқамады. Жүрегі шымырлап, анасыда тып-тыныш жатқанын сезген Сұлушаш сұлқ түсіп жерде отыра берді, отыра берді...


«Бір отбасы талқандалып өмірден кетті. Кім кінәлі?»


Мұхит Жаримбетов

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары