Мұсылманның ең мықты қаруы бар. Бірақ бұл қарудың күштілігін әркім түсіне бермейді. Оны сатып алып та әуре болмайсың. Бұл ерекше қару – Алладан дұға тілеу.
Ішіңнен немесе сыбырлап болсын, Алла Тағаладан сұралғанның бәрі дұға деп аталады. Дұғада арнайы сөз жаттау маңызды емес, бастысы шынайы жүректен шығу және күнәдан аулақ, исламға сай келетін дүниелерді сұрау. Алла тағала: "Құлдарымның дұғада көтерген қолдарын бос қайтаруға ұяламын,"- деген. (хадси құдси)
Ал берекелі күнге келетін болсақ, Адамзаттың асылы – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) белгілі бір күні оқыған дұғасы жоқ. Алайда күн сайын өз сөзіңмен Алладан дұға тілеуге әркімнің құқығы бар. Сонымен бірге төменде көрсетілген нұсқауларды орындап жүрген адамның әр күні және бар ғұмыры берекеге толы болатынына шүбә жоқ.
1) Ұйқыдан тұрғанда Алланы еске алып, Алла елшісінен (с.ғ.с) жеткен мына дұғаны оқыған абзал:
الحمد لله الذي أحيانا بعد ما أماتنا وإليه النشور
«Бізді өлтіргеннен соң (яғни өлімнің бауыры болған ұйқыны жіберіп) қайта тірілткен Аллаға мақтаулар болсын! Әрі біз Оған қaйтушымыз». (Әл-Бухари 6314, Муслим 2711).
2) Алладан қорқу және Оның барлық әмірлеріне мойынсынып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) сара жолын ұстану. Адамның харам етілген нәрселерден бас тартуы да, сөзсіз оның кез-келген уақытын сәтті етіп, берекелі қылады.
3) Әрдайым, шектеусіз және қай жерде болмасын Алладан шынайы ниетіңмен дұға тілеу.
Егер адамзат жоғарыда айтылып өткендерді ұдайы орындап жүрсе, барлық ғұмыры Алланың мейірімі мен шапағатына толы болмақ.
Гүлім Аятай
Қарағанды облыстық орталық мешіті
Пікірлер