Тілдік нұсқа
Радио

мақала

РАББЫҢ ҮШІН ҚҰРБАН ШАЛ
08 қыркүйек, 2016 жыл 1238 Басып шығару нұсқасы

Барша мұсылманға сый етіп берілген Құрбан айт мерекесі биылғы жылы қыркүйек айының 12-14 күндері тойланатыны белгілі.

Құрбан шалу уақыты

Құрбан шалудың уақыты Құрбан айттың бірінші күні (12-қыркүйек) айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшам намазына аз уақыт қалғанда дейін жалғасады. Белгілі себептермен айт намазына бара алмаған пенде намаз оқып болатындай уақыт өткеннен соң құрбан шалуына болады.

Кім құрбан шала алады?

  1. Құрбандық шалатын кісінің мұсылман болуы;
  2. Ақылды және балиғат жасына толуы;
  3. Құрбан айт уақытында жолаушы болмауы; 
  4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы керек. Нисап мөлшері - 85 грамм алтын немесе соның құнына тең келетін ақша. Мұндай байлық мөлшері қолында жоқ адамдарға құрбандық шалу міндет болмағанмен, жағдайы келсе құрбандық шалуына рұқсат етілген.

 Мүмкін болса құрбандық шалатын жан өз құрбандығын өзі шалғаны жақсы. Дегенмен, өкілеттік беру арқылы басқа адамға да бауыздатуға болады.

Қандай мал құрбан етуге жарамды?

Кез келген мал құрбандыққа жарамайды. Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері:

1. Құрбандыққа қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдар сойылады. Олардың еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды.

2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі 1 жасар (ірі болса, 6 айлық қозы). Ал, сиыр 2 жасқа, түйе 5 жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады. 

3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.

4. Құрбандық мал ғибадат ретінде бауыздалады. Құрбан шалудың бізге мәлім әрі беймәлім көптеген тұстары бар. Алла пенделердің құлшылығына да, құрбандық шалуына да зәру емес. Дегенмен, Алла тағаланың разылығына бөлену мақсатта ниет еткен абзал.

Құрбан айт – Ибрахим (ғ.с.) пайғамбардан бастау алып, Мұхаммед (ﷺ) пайғамбарымызға дейін жетіп, қиямет күніне дейін жалғасатын мұсылмандардың ең ұлық мерекесі. Алла Тағала «Кәусәр» сүресінде «...Раббың үшін айт намазын оқы, құрбан шал» деп нақты айтқан. Ардақты пайғамбарымыз (ﷺ) хадистерінде: «Адам баласы Құрбан айт күнінде қан ағызудан да (құрбан шалу) сүйікті ешбір іспен Алла Тағалаға жақындаған емес», - деп бұл құлшылықтың мәнін түсіндірген. Яғни, бұл күні әрбір мұсылман тек Алла разылығы үшін ғана құрбандық шалуы тиіс. Бұл күні адам бойын жайлап жатқан жалған мақтаншақтыққа жол жоқ! Құрбан шалу тек мал бауыздаумен ғана шектелмейді. Онда адамның шын ықыласы, ниеті, тақуалығы сондай-ақ, бауырмалдығы мен өзгеге жанашырлығы сынға түседі. Сонымен қатар, адамның пендешілігі мен мәрттігі, сараңдығы мен жомарттығы таразыға түседі. Дүниесі көп азаматтар бір-бірінен асып түссем екен деп емес, Жаратушымыздың рақымына бөлену үшін, берген ризыққа шүкірлік ету үшін құрбандық шалуы тиіс. Ал, мүмкіндігі бола тұрып, бұл мерекеге бей-жай қарау дінімізге жат қылық. Мұхаммед (ﷺ) бір хадисінде: «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!», - деп ескертіп кеткен.

Ел-жұртымыз аман болып, барша мұсылманның шалған құрбандығын Алла Тағала қабыл етсін!

 

Нұров Махмұт қажы Нұрұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары