Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ҺИЖРИ ЖАҢА ЖЫЛ КЕЛЕДІ, НЕ ІСТЕГЕНІМІЗ ЖӨН?
01 қазан, 2016 жыл 2127 Басып шығару нұсқасы

Міне, 1438-ші жылға да аяқ басып келеміз. Қазанның 2-сі күні һижри жаңа жыл басталмақ. Һижри – барша мұсылман үшін аса маңызды күнтізбе. Себебі, мұсылман үшін маңызды оқиғалардың барлығы осы күнтізбе бойынша есептеледі. Атап айтсақ, Рамазан айын осы күнтізбемен өткіземіз, қажылық парызымызды осы күнтізбедегі айда өтейміз, Пайғамбарымыздың  туған күні – Мәулід мейрамын да осы күнтізбеден күтеміз. Арафат, Ашура, Қадір түні, Бәрат түні секілді қасиетті күндеріміз бен түндерімізді  де осы һижри күнтізбеге қарап білеміз. Пайғамбарымыздың кеңес еткен әр айдың 13, 14, 15-і күндеріндегі оразаны да осы күнтізбеге сәйкес ұстаймыз. Сол себепті һижри – әрбір мұсылманның назарынан тыс қалмауы тиіс күнтізбе. Ендеше баршаңызды мұсылман үшін маңызды һижри күнтізбесінің жаңа жылымен құттықтаймын.

Рамазаннан кейінгі ең сауапты ораза айы

Һижри күнтізбесі Пайғамбарымыздың Меккеден Мәдинаға көшкен күнінен басталады. Бұл күнтізбенің бірінші айы – Мухаррам айы. Мухаррам айы – Алла Тағаланың Құран Кәрімде харам қылған құрметті айларының бірі. Ал Пайғамбарымыз (ﷺ) өзінің хадисінде «бұл ай – Алланың айы» деп мәртебесін өсірген. Әрине, барлық ай – Алланың айы. Бұл жерде Пайғамбарымыз Мухаррам айының аса құрметті екеніне меңзеп отыр. Сол себепті бұл айда көп ораза тұтып, құлшылық қылуға шақырған. «Рамазан оразасынан кейінгі ең сауапты ораза – Алланың айы Мухаррамда тұтылған ораза. Парыз намаздардан кейінгі ең сауапты намаз – түнгі намаз», – деген Алла Елшісі бұл айды барынша оразамен өткізуге тырысқан (Муслим, Әбу Дәуіт, Тирмизи, Нәсәи).

Әли ибн Әбу Талибке бір адам келіп:

  • Рамазан айынан кейін қай айда ораза тұтуымды әмір етесіз? – дейді. Сонда Әзіреті Әли тұрып:
  • Мен Пайғамбарымыздың (ﷺ) жанында отырған кезімде бір адамнан басқасының ешкімнің бұл мәселе жайында сұрағанын естімедім. Ол адам Пайғамбарымызға (ﷺ): 
  • Уа, Алланың Елшісі! Рамазан айынан кейін қай айда ораза ұстауды бұйырасың, – деді. Оның бұл сұрағына Пайғамбарымыз (ﷺ):
  • Рамазаннан кейін ораза ұстайтын болсаң, Мухаррам айында ұста. Себебі, бұл Алланың айларынан алғашқысы. Бұл айда бір күн бар, ол күнде Алла Тағала бір қауымның тәубесін қабыл алып, кешірген еді. Бұл күні басқа бір қауымды да кешіруі мүмкін, – деді (Тирмизи).

50 жылдық күнәнің кешірімі үшін оразаны қай күннен бастаған жөн?

Пайғамбарымыз (ﷺ): «Зүл-хижжаның соңғы күні мен Мухаррам айынының алғашқы күнін оразамен өткізген адам өткен жылды оразамен бітіріп, жаңа жылды оразамен бастаған болады. Әрі Алла Тағала осы себепті оған 50 жылдық күнәсына кешірім жазады» (Ибн Мәжә).

30 жылдық ғибадаттың сауабы бар

Әнастан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кім харам айларда (Зүл-қағда, Зүл-хижжа, Мухаррам, Рәжәп) бейсенбі, жұма, сенбі үш күн ораза ұстайтын болса, ол адамға 900 жылдық ғибадаттың сауабы беріледі», – дейді (Табарани).

Бір күндік оразада 30 күндік оразаның сауабы бар

Ибн Аббас риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (ﷺ): «Кімде-кім мухаррам айында бір күн ораза тұтатын болса, ол айда ұстаған оразасының әрбір күніне отыз сауап бар», – деген (Имам Суюти).

Бұл айдың құрметін арттырып тұрған күннің бірі де Ашура күні. Бұл күні тұтылатын оразаның сауабы жайлы, Алла жазса, алдағы күндері жазамыз.

Ендеше бұл айдың күндізін барынша ораза тұтумен, ал түнін тәһәжжүд намазын оқумен өткізгеніміз жөн.

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары