Тілдік нұсқа
Радио

мақала

ЖАРАТУШЫНЫ ТАНУ
16 қараша, 2016 жыл 709 Басып шығару нұсқасы

Өмір  өзендей  аққан  бойы  өтіп  жатыр.  Үйреншікті  күн  арайлап  атып,  алаулап  батуда.  Адамдардың  көбі  пәни  дүниенің  қамын  жеп,  өздерінің  мына  дүниеге  қайдан,  не  үшін  келгендерін,  қайда  баратындарын  ұмытқан.  Бәрі  сағым  қуғандай  бір  арманнан  екінші  бір  арманның,  бір  белестен  екінші  белестің  ізіне  түсуде.  Сөйтіп,  адам  мына  пәнидің  алдамшы  қызылына  қызығып,  қайран  бір  ғұмырды  жоқ етеді.   Жаратылыстың  ең  кемел  жемісі  -  адамның  өзіне  тән  асқақ  та  жоғары  міндеті  бар.  Ол  -  өзін  жоқтан  жаратқан  Ұлы  тылсым  құдірет  Жаратушыны  тану,  жаратылысқа  қарап,  Оның  құдіреті,  шеберлігі,  ұлылығы  мен  шексіздігінің  алдында  таңғалып,  бас  иіп,  құлшылық  жасау.    Ұлы  жаратушы  тарапынан  өзіне  тегін  берілген  сансыз  жақсылық,  нығметтер  үшін  рахметін  білдіріп,  қарыздар  екенін  мойындау. Һәм  бойындағы  асыл  қасиеттерді  шыңдап,  сан  сырлы  сезімдерін  кемелдендіріп,  әр  түрлі  қабілеттерін  жетілдіру  арқылы  «кәміл  адам»  тұғырына  көтерілу.  Сөйтіп  «кәміл  адам»  күйінде  негізгі  отаны  -  жәннатқа  оралу.  Хақ  Тағаланың  ризашылығына  бөленіп,  ондағы  мәңгілік  бақытқа,  бұрын  соңды  көз  көріп,  құлақ  естімеген,  ақыл  ойлап  елестете  алмаған  Ұлы  Жаратушысының  өлшеусіз  ғажайып  сый-сыйапатына  қауышу  һәм  бұның  бәрінен  де  қымбат  -  Оның  аса  көркем  дидарын  тамашалап  шексіз  ләззатқа  кенелу.

   Демек,  Алла  Тағала  бізді  бұ  дүниеге  Өзін  мына  жаратылысқа  қарап  тапсын,  танысын,  білсін,  құдіретінің,  шеберлігінің,  ілімінің  алдында  таңғалып,  бас  исін,  құлшылық  етсін  деп  жіберген. 

   Олай  болса  біздің  міндетіміз – Оны  танып,  ұлылығына  «Аллаһу  әкбар», «Аллаһым  сен  қандай  ұлысың!»  деп  бас иіп,  мадақ  айту.  Иә,  Оның  құдіретінің,  ұлылығының,  шеберлігінің,  ілімінің,  шексіздігінің  алдында  таңғалып  бас  иіп,  мақтау  айту – үлкен  құлшылық. 

Бізге  сүйіспеншілікпен  қарап,  таусылмас  қымбат  нығметтерді  сыйлаған  Ұлы  иемізге  біз  де  сүйіспеншілікпен  қарап,  бас  иіп,  алғысымызды  ғибадат  арқылы  білдіруіміз – біздің  ұмытылмас  міндетіміз.

  Біздің  Аллаға   бас  июіміз – басқаға  бас  имейтіндігіміз  үшін  берілген  шынайы  антымыз  бен  сертіміз.  Өйткені  біз  Аллаға  құл  болған кезде  ғана  нәпсіге,  дүниеге  жалпы  барлық  басқа  жалған  құлшылықтардан  құтыламыз. 

   Ұлы  Жаратушымыздың  адамға  берген  жақсылық,  нығметтері  шексіз.  Құранда:  «Егер  Алланың  сендерге  берген  нығметтерін  санасаңдар,  санап  тауыса  алмайсыңдар»,- делінеді.

Осыншама  жақсылықтың,  ырыс-берекенің  алғысы  шектелмейді.  Ұлы  Иемізге  деген  шынайы  махаббатымыздың  белгісі – Оның  бұйырған  әмірлерін  «ләббайк»  деп,  айна-қатесіз  орындап,  міндеттеген  ғибадаттарын  толық  атқару  мен  тыйымдарынан  түгелдей  тыйылу.  Ендеше,  Оған  деген  алғысымыз  бен   Махаббатымызды осылай дәлелдеп,  осылай  атқарайық!

                           «Махаббатпен  жаратқан  адамзатты,

                            Сен  де  сүй  ол  Алланы  жаннан тәтті.

                            Адамзаттың  бәрін  сүй  бауырым  деп, 

                            Және  Хақ  жолы  осы  деп  әділетті.»                 

 

Қарағанды қалалық №1-мешітінің наиб имамы Сандыбаев Олжас

 

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары