Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Адам баласының ұлылығы
26 шілде, 2013 жыл 668 Басып шығару нұсқасы
Адам баласының ұлылығыАдам баласы - Алла тағала жаратқан жаратылыстың ішіндегі ең ұлысы. Жаратушы иеміз Адам атаны жаратар кезде періштелердің барлығын жинап: «Шындығында мен жер бетінің басшысы етіп Адам жаратамын», - деді, сонда періштелер: «Иа жаратушы иеміз, саған шынайы құлшылық ететін, шынайы пәктейтін, ешбір күнә жасамайтын біз тұрғанда, жер бетін былғап, қан төгіс жасап, күнә істейтін адам жаратасыз ба?» - дейді. Алла тағала оларға: «Мен білетін нәрсені сендер білмейсіңдер», - деп жауап қайтарады. Сөзін жалғастырып: «Егер де Адамның білімі сендерден асып түссе оған бас иесіңдер ме?» - деп сұрады, олар бір ауыздан: «Бас иеміз» деген еді. Осыдан кейін Алла тағала Жәбрейілге ( ғ.с.) жерден барып топырақ алып келуін бұйырады. Ол жерге келіп топырақ ала бергенде киелі жер тіл қатып: «Иа Жәбрейіл (ғ.с.), адам баласы жер бетінде неше түрлі жарылыс жасап, пұтқа табынып, қан төгеді, мен оған төзе алмаспын. Алланың ризалығы үшін менен топырақ алмашы», - деп өтінеді. Жәбрейіл (ғ.с.) періште Алланың атымен өтініп тұрған соң, топырақ алуға дәті бармай жаратушы иеміздің алдына көтеріліп кетеді. Алла тағала біле тұра одан: «Неге топырақ әкелмедің?» деп сұрайды. «Алланың атымен алмашы деп өтінді, мен ала алмадым» - деді Жәбрейіл (ғ.с.) Алла тағала Исрафил періштені, Микайл періштені жіберді, олардың да жауабы осы болды. Кейін Әзрейл періштені жіберді, ол жерге келгенде жер оған әлгіндей сөздерді айта бастады, сөзінің соңында «Алланың ризалығы үшін алмашы» деп қайта-қайта өтінді, бірақ Әзрейл періште «маған Алланың бұйрығы үлкен» деп жер бетін шарлап жүріп уыстап-уыстап топырақ алып, жаратушының алдына барады. Алла тағала оған барлығын біле тұра: «Алдынғы үш періштем ала алмаған топырақты қалайша сен алып келдің?» - деді. «Алланың атымен қайта-қайта алмашы деп өтінді, бірақ маған Алланың бұйрығы үлкен деп алып келдім» деді. Алла тағала қаһарланып: «Менің атымды атап өтінгенде қалайша топырақ алуға дәтің барды. Енді сол алған топырақты қайыра орнына апарып қоясың, яғни Адамның жанын алатын сен боласың» дейді. Осылайша Әзрейл періште жан алу қызметіне тағайындалады.
Алла тағала әкелінген топырақты мыңдаған жылдар бойы су арасына тастап иледі. Әбден иі қанған топырақтан Адам атаның мүсінін жаратты. Сол мүсіннің үстінен отыз тоғыз жыл қайғы жаңбырын үздіксіз төгіп, соңғы бір жылында қуаныш жауынын жаудырды. Осыған байланысты болса керек адам баласының қуанышынан уайым қайғысының көп болғандығы. Осыдан кейін Адам атаның мүсіні кемеліне жетіп тұрған кезі еді. Ібіліс ләғнет келіп мүсінді көреді, ауызынан кіріп ішінің бәрін аралап «сен қанша білімді болсаңда Аллаға серт мен саған бас имеймін» деп ішіне түкіріп, артынан шығып кетеді. Алла тағала бәрін көріп, біліп тұр. Жәбрейл періштеге Адам атаның ішіндегі Ібіліс ләғнеттің түкірігін алып тастауын бұйырды. Жәбрейл (ғ.с) мүсіннің кіндігін ойып тұрып ләғнеттің түкірігін алып шықты. Алла тағала түкірік араласқан қалдықтан Итті жаратты. Иттің адамға жақын достығы осыдан, ал нәжістігі сайтанның түкірігінен екен. Жаратушы ие киелі, пәк, таза рухқа яғни жанға Адам атаның мүсініне кіруін бұйырады. Мұрынынан кірген жан бақайына дейін жетіп Адам ата көзін ашады. Ең алғаш жәннаттың маңдайшасында жазулы тұрған Алладан басқа тәңір жоқ , Мұхммед онын елшісі деген жазуды көріп. «Иа жаратушы ие, Мұхаммед деген кім?» деп сұрайды. Алла тағала оған: «Мұхаммед деген сенің ұрпағыңнан келетін соңғы пайғамбар, мына он сегіз мың әлем және сен де соның құрметі үшін жаралдыңдар» деп, жаратушы Мұхаммедке (ғ.с.) деген ерекше ықыласын білдіреді. Осыны естігенде ол менің ұрпағымнан болса, қалайша мен оның құрметі үшін жараламын деген оймен Адам атаның жүрегінде кішкене қызғаныш пайда болды. Барлығын біліп, көріп тұрған Алла тағала Жәбрейлге (ғ.с.): «Адам жәннатқа кірерде пәк, таза болуы керек оның жүрегіндегі қызғанышты алып таста» деп бұйырды. Жәбрейл (ғ.с.) Адам атаның жүрегіндегі қызғанышты алып бір жерге көміп тастайды.
Алла тағала барлық періштелерді жинап он сегіз мың әлемнің атауын атап берулерін сұрайды, олар бір ауыздан: «иа жаратушы ие, өзіңнің білдірген нәрсеңнен басқа ештеңе білмейміз» деп жауап қайтарды. Осы сәтте Алла тағала өзінің сүйіп жаратқан, жаратылыстың ішіндегі ең ұлысы Адам атаны ортаға шығарып, жүрегіне ильхам салып осы сұрақты қойды, ол еш кідірместен жік-жікке бөліп түгелдей атауын атап берді. Періштелер Адамның ұлылығына таңданып қайран қалды. Жиын соңында Алла тағала періштелерге: «Адамға сәжде қылып бас иіңдер» деп бұйырды. Ең бірінші сәжде қылған Жәбрейл (ғ.с.) еді, сондықтан да Алла тағала Жәбрейлді (ғ.с.) адамға жақын етіп, Пайғамбарларға уахи жеткізуші қызметіне тағайындады. Періштелердің барлығы сәжде қылды, тек Ібліс ләғнет бұйрыққа қарсы шығып, сәжде қылудан бас тартты. Осылайша қарғысқа ұшырап, Алла тағаланың және Адамның қас дұшпанына айналды. Алла тағала Адам атаны жәннатқа кіргізді, оған серік болсын деп оның оң қабырғасынан Хауа ананы жаратты. Сосын «қалаған нәрсеңді же, бірақ мына бір талдың жемісіне жолама, оны жеуге тыйым саламын» деді. Ол өзінің жүрегіндегі қызғаныштан өсіп шыққан талдың жемісі еді. Алайда Шайтан ләғнеттің азғыруымен Адам ата мен Хауа ана тыйым салынған жемісті жеп жүрегінен шығарылған алғашқы күнәсі қызғаныш қайыра ішіне кіреді. Осыдан кейін Адам ата мен Хауа ана жәннаттан қуылып жерге түсіріледі. Өзегін өкініш өртеген Адам ата бір күнәсінің кесірінен үш жүз жыл бойы Алладан кешірім сұрап тәуба етеді, бірақ дұғасы еш қабыл болмай қатты қиналады. Бір күні Алла тағала Адам атаның жүрегіне илхам салып: «Ең алғаш көзіңді ашқанда нені көріп едің ?» -дейді. Сонда жәннәттің маңдайшасында жазулы тұрған «Алладан басқа тәңір жоқ, Мұхаммед (с.ғ.с) оның елшісі»- деген қасиетті сөз есіне түседі. Өзініңде сол Мұхаммедтің (с.ғ.с) құрметі үшін жаралғанын ойлап, Аллаға дұға қылды. Соңында Мұхаммедтің (с.ғ.с) құрметі үшін тәубәсінің қабыл болуын сұрады. Алла тағала дұғасын қабыл етіп күнәсін кешірді. Осылайша адам баласының тіршілігі жер бетін басқарумен жалғаса берді. Өйткені адам баласы ақылы мен даналығымен басқа хайуандардан ерекшеленді.
Ибн Аббас (р.а.): «шындығында барлық хайуандар тамақты ауызбен жейді, ал адам баласы қолымен көтеріп жейді»,- деген.
Бір хабарда Пайғамбар (с.ғ.с): «Алла тағала жақсылықты жаратып, сосын оны жеті бөлікке бөлді: 1) мейірімділік, 2) сұлулық, 3) шамшырақ, 4) нұр, 5) қаралық, 6) жұмсақтық, 7) туралық. Кейін Алла тағала мейірімділікті жәннәтқа, сұлулықты хор қыздарына, шамшырақты күнге, қаралықты түнге, нұрды айға, жұмсақтық пен туралықты ауаға берді. Бір ғана жақсылықпен құдіреті күшті Алла тағала барлық әлемді безендірді. Алла тағала Адам ата мен Хауа ананы жаратқанда, оларды кіші әлем етті, яғни осы жеті нәрсенің барлығын берді. Мейірімділікті рухына, сұлулықты тіліне, шамшырақты жүзіне, нұрды көзіне, қаралықты шашына, жұмсақтықты жүрегіне, туралықты жасырын сырына берді»,- деген екен.
Амр бин Кағб және Әбу Хурайрат (р.а.) екеуі мүбарак Пайғабарымыздың алдына келіп:
- адамдардың ішіндегі білімдісі кім? - деп сұрады
- ақылды адам,- деп жауап берді. Олар тағыда:
- адамдар арасында құлшылығы күштісі кім? –деді
- ақылды адам,- деп жауап берді. Олар және сұрақ қойып:
- адамдар арасында ұлырағы кім?- дегенде, Пайғамбар (с.ғ.с):
- ақылды адам,- деп жауап берді.
Айша (р.а.) риуаят еткен бір хадисте: «ақыл он бөлікке бөлінеді бесеуі сыртында, бесеуі ішінде. Сыртындағы бесеу:
1) тілін сақтап беталды сөйлемеу. Өйткені Пайғамбар(с.ғ.с) «үндемеген үлкен бәледен құтылады, ал көп сөйлегеннің күнәсі да көп болады» деген;
2) көзбен көру;
3) кішпейілдік. «Кім тәкәппар болса оның Алла тағала дәрежесін түсіреді, ал кім кішпейіл болса оның дәрежесін көтереді» деген Пайғамбар (с. ғ.с.);
4) жамандықтан тыйып жақсылыққа шақыру;
5) салихалы ізгі амалдар.
Ішіндегі бесеу:
1) ойлау, пікірлеу;
2) көңіл бөлу;
3) күнәдан сақтану;
4 )Алла тағаладан қорқу;
5) өз нәпсісін тыя білу.
Мінекей, адам баласының ақылы асса құлшылығы періштелерден де артық болмақ, ал нәпсісі асса хайуаннан бетер азғын болмақ. Өйткені ол хайуан ішпейтін, хайуан шекпейтін, хайуан жемейтін, және хайуан істемейтін нәрселерді істеп азып кетері анық. Сондықтан да рухымызға азық болатын, жаратқанға деген шынайы, адал құлшылығымызды күшейтейік ағайын.
Рухул баян тәфсирінен аударған:
Қарағанды облысы Балқаш теміржолшылары мешітінің Бас имамы:
Әлімқұл Медет қажы Құралұлы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары