Ондай ұғымға сай келетін кейбір риуаяттар кітаптарда бар. Атап айтсақ, сахаба Әбу һурайрадан (р.а.) жеткен бір риуаятта Пайғамбарымыз былай деген: «Кімде-кім әңгіме айтып жатқан кезінде қасындағы адам түшкірсе, демек ол рас айтады».
Осы хадисті келтірген Имам ән-Нәуәуи: "Хадисті жеткізуші риуаятшылардың бәрі сенімді. Тек арасында Бақияту ибн әл-Уәлид деген кісі жайында мамандар әртүрлі пікірлер білдірген", - дейді[1].
Хадисші ғұлама әл-Байхақи (994-1066 ж.) аталмыш хадисті «мүнкәр» деп, хадисті қабыл етпеді. Ал, Табарани (873-970 ж.) өзінің «әл-Әусат» атты хадистер жинағында әлгі хадиске «әлсіз» деп баға берген[2]. Ойдан шығарылған хадис дейтіндер де жоқ емес.
Сондай-ақ, Табаранидің (р.а.) әлгіндегі кітабындағы сахаба Әнәстән жеткен риуаятта Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сөздің ең дұрысы - қасындағы адам түшкірген кезде айтылған сөз»[3], - деген екен. Хадисші әл-Һәйсәми бұл риуаят жайында: "Хадисті риуаят етуші кісілердің арасында «Ъумарату ибн Зәзән» атты адам бар. Бұл кісі әлсіз, қалған риуаятшылар сенімді", - дейді.
Қорытындылай келе айтарымыз, Ислам дінінде ақиқат нақты дәлелдермен белгілі болады. Оны Құран тілімен айтқанда «Бурһан» дейміз. Нақтылық жоқ жерде күмән, жорамал, болжам бар. Құранда: «Күмән ақиқаттың жанында түк емес»[4], - делінген. Сондықтан, айтылған сөздің растығына жету үшін әлдекімнің түшкіруі жеткіліксіз. Жоғарыдағы келтірілген хадистер бұл мәселеге нақты дәлел бола алмайды. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
[1] Фәтәуә әл-Имәм ән-Нәуәуи – 72-73 бет.
[2] Әл-Һәйсәми – Мәжмәъуз зәуәид: Китабуль әдәб, 12913 –хадис.
[3] Әл-Һәйсәми – Мәжмәъуз зәуәид: Китабуль әдәб, 12914 –хадис.
[4] Юнус сүресі, 36-аят.
Абдусамат Қасым
Пікірлер