Қазір біздің қоғамда жетімнің қатары артып келе жатқаны ащы шындық. Дінсіздіктің, тәрбиесіздік көрінісі болатын бұл жағдай қазақтың ұлттық идеологиясына нұқсан келтіруде. Қазақтығымызды, ұлтжандылығымызды жоғалтып алмау үшін жетімдерді жылатпауға тиіспіз. Қамқорлығымызды үдетіп, жетімнің санын арттырмау қажет. Осы мақсатта ҚМДБ және еліміздегі барша мешіт имамдары қоғамдағы келеңсіздіктерді болдырмау мақсатынды әрқилы игі амалдар жасап келеді. Бүгінгі Құрбан айт мерекесі қарсаңында еліміздегі барша мешіттер, соның ішінде Қарағанды қаласының «Бала қажы» мешіті де қараусыз қалған баларға қамқорлығын үдете түсті. «Бала қажы» мешітінің бас имамы Нұров Махмұт қажы Нұрұлынан арнайы сұқбат алдық:
- Махмұт қажы Нұрұлы, мешіт тарапынан Құрбан айт қарсаңында атқарлыған істер ауыз толтырып айтарлықтай. Соның ішінде жетімдерге көңіл бөлудегі мақсат қандай?
- Алла елшісі ﷺ) жетімдерге қамқорлық жасау туралы көп айтып кеткен. Құран Кәрімнің «Зуха» сүресінде «Ендеше жетімді қорлама. Сұраушыны зекіме» деген (9-10 – аяттар). Сахл бин Саъд (р.а.) Алла елшісінің (ﷺ) былай деп айтқанын жеткізеді: «Мен Жәннатта жетімді асырағанмен мынадай берге боламын», - деп, сұқ саусағы мен одан кейінгі саусағының арасын ашып көрсетті (имам Бұхари). Ал Абу Хурайрадан бұл хадис былайша өрбиді: Алла елшісі (ﷺ): «Туысқандарының ішінен не болмаса басқа адамдардан жетімді асыраушы, Жәннатта менімен осы екеуі секілді жақын болады». Осыны айтып, бұл хадисті жеткізуші Малик бин Анас сұқ саусағымен одан кейінгі саусағының арасын көрсетті» (имам Мүслим). Осы Құран аяттары мен хадистерге сүйеніп, қараусыз қалған балаларға қуаныш сыйлауды жылдағы үрдіске айналдырғанбыз. Осы жолы «Шапағат» балалар үйіндегі бүлдіршіндерге кішкене көмек қолын создық. Жүздеріне қуаныш сыйлап, мейірім сыйлап қайттық. Әрбір бала ата-анаың мейірімін сезінгені қандай бақыт. Сол қуанышты мешіт имамдарымен біргелікте атқарып, сый-сыяпат көрсетіп, жылы сөздермен бала жүрекке тәтті сезім ұялаттық деп ойлаймын.
- Құрбан айт мерекесінде мешітке халық лық толып, тіпті мешіт сыртында намаз оқығандар болды. Бұл еліміздегі мұсылман бауырлардың санының артқанының бір көрінісі. Биылғы Құрбан айт мерекесі қандай деңгейде аталып өтті?
- Аллаға шүкір елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың, ҚМДБ бас мүфтисі Ержан қажы Малғажыұлының жүргізіп отырған саясатының арқасында Қазақстанда дінге бет бұрған мұсылмандар қатары едәуір артты. Бүгінгі Құрбан айт мерекесінің Айт намазына расында халықтың өте көп жиналғандығы осының нақты дәлелі. Мешіт атынан түйе құрбандыққа шалынып, халыққа ас берілді. Сондай-ақ, мешіт имамдары «Дені саудың-жаны сау» деп, спортқа ерекше көңіл бөледі. Мәселен, айт мерекесіне орайластырып, қала мешіттер арасында футболдан жарыс өткізіліп, «Бала қажы» мешітінің имамдары І-орынды иеленді. Ал, бүгінгі Құрбан айтта халық арасында сайыстар ұйымдастырылды. Кір көтеру, арқан тарту секілді білектің күшін байқатар бұл жарыста жастар белсенділік танытып, қызықты ойын көрсетті. Жүлдері орын алғандар сыйлықтармен марапатталды. Бұдан бөлек, әлеуметтік жағдайы аз қамтылған және басқа көмекке зәру азаматтарға мешіт тарапынан көмектер көрсетіліп келеді.
- Спортқа ерекше көңіл бөлгеніңіз, өзіңіз спортты сүйгеніңіз ба әлде басқа мақсатты ұстанасыздар ма?
- Бұл жерде менің жеке басымның мүддесі емес! Салауатты қоғамда ғана сауатты ұрпақ өсіп шығады. Дені сау адам діни рухани баюға көңіл бөледі. Сондықтан, мешіт имамдары дінді насихаттағанда денсаулық тақырыбын қатар алып жүруге ерекше көңіл бөледі. Өсіп келе жатқан жастар денсаулығына хзиянын тигізер заттардан бетін аулақ ұстап, уақытын тиімді пайдаланса, спортқа көңіл бөліп, денесін шынықтырса бұдан асқан байлық жоқ. Өйткені, бұл Алланың адамзатқа берген үлкен нығметі.
- Бүгінгі жастарға қандай ой тастар едіңіз?
- Біз жетімді жылатпаған халықпыз! Алла Тағала бұл өмірде құлдарына әртүрлі сынақтар берген. Біреу сәби құшуға зар, енді біреу бауырындағы баласын сыртқа «лақтырып» жүр. Ата-анаға мұқтаж бала бар, балаға мұқтаж ата-ана бар. Осындай ауыр сынақтарға сабырлылық танытып, төзе білгендер ғана Алланың рақымына бөленері хақ. Ағайын, туыс арасында жетім қалған баланың бетінен қақпай, керісінше басынан сипап өсірген дана халқымыз. Соған Алланың берген берекеті болса керек, бүгінде қазақ халқы тілін, дінін жоғалтпай бейбіт өмір сүріп келеді. Жоғарыдағы оқиғалар әркімге-ақ сабақ болар. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, адам! Сенің бар күшіңді жұмсап, тырбаңдауың түптің түбінде Раббыңның құзырында аяқталады. Ақыр соңында Онымен қауышасың» дейді («Иншиқақ» сүресі, 6-аят). Олай болса Алланың алдында жүзіміз жарқын болуы үшін жан-жағымызға жылы қабақпен қарап, жетімдерге мейірімділік танытайық!
- Әңгімеңізге рақмет!
Пікірлер