Адамзат өміріндегі мейірімділік пен адалдық, адамгершілік пен тектілік секілді асыл қасиеттерді бойына жинайтын жандар, оны ұрпақ санасында қалыптастыратын ардақты әкелер мен аяулы аналар.
Жанұя, отбасы - мемлекеттің іргетасы. Отбасы – адам баласының өсіп - өнер, қанат жайып түлеп ұшатын алтын ұясы. Сынақ үшін берілген қысқа ғұмырда жанұяларымызды құрметтеуге, сыйлауға, өнегелі етуге тиіспіз. Өзіңді өмірге келтірген, тіршілігіңе нәр берген ата - анаңның алдында адамның парыз - міндеті өлшеусіз. Міне, сол ата-анаға сенің жанұяңның жарасым тауып отырғанын көргеннен артық бақыт жоқ. Ананың ақ сүтін, әкеңнің адал күшін ақтау - өз болашағыңда сақтау деген сөз. Жанұя шаттығын қалыптастырудың бір тетігі де осында жатыр. Асыл дінімізде Аллаға бойұсынуға шақыра отырып, ата-анаға қарайласуды міндеттейді. Ата - анаға не істесең, алдыңа сол қайтады. Дүние кезек. Сен өмір бойы жас болып тұрмайсың, сен ата - анаңды сыйлайсың, сенің балаларың да сен қартайғанда өзіңді аялап күтіп, бағып қағатын болады. Ата - ана отбасының негізгі діңгегі, бастапқы дәнекері. Дәстүрлі қазақ отбасында ата - ананың қадірі ерекше әспеттелген. Жас жұбайлар отбасылық сынақтардың кейбіріне төтеп бере алмай, бала болашағынан бұрын жеке бас тыныштығын бірінші кезекке қойып жатады. Осыдан келіп тастанды бала мен әкесі тірі жетімдер қатары артады. Негізі бала үшін әкенің орны бөлек. Әке деген сөзді айтқанда өзіне пана болар, қиындыққа қалдырмас, арманына қол созғанда ақ батасын беріп ақ жол тілейтін адамның болғанын бала жүрегі аңсайды. Тамағының тоқтығы, киімінің бүтіндігі, оқуының сапасы, ұйқысының тыныштығы – осының бәрі де асқар таудай айбатты әкелердің арқасы. Әке - әркімнің сүйенер тіреуі. Әке әркімге қымбат. Әке - ол отбасының ең басты мүшесі, яғни отағасы. Ол өзінің болашағы балалары үшін алаңдап ойланып, жауапкершілік жүгін арқалайтын тұлға. Алла елшісі с.ғ.с ер адамды өз отбасының жауапкері ретінде, әрі сол үшін сұралатындығын ескерткен. Халқымызда әкені асқар тауға теңеп, темірқазығы мықты тұлғаны елестеткен. Ендеше, әрбір әке отбасына қорған болар тау тұлғалы кемеңгер болып ұрпағына пана болуды мақсат еткенде жанұя жарасым табады. Сонымен қатар, әр адам көзін ашып дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол - анамыз. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да – ана. Ана – бұл жел жағымызға пана, біріміз үшін дара, дана тұлға. Балаға анадан артық, анадан қымбат жан жоқ. Әрбір ана отының өшпеуін, бақытының көшпеуін, шаңырағының құламауын, сәбиінің жыламауын тілейді. Әсіресе, қазақ әйелі – бар мұратын отбасының игілігіне арнаған, бар тілегін перзентінің жолына байлаған әлемдегі ең мейірімді ана, ұлттың ұйытқысы, ұрпақтың анасы. Ата - ана баласының ер жетіп, адам болуын қалайды. Біз үшін олардың орны бөлек екені ақиқат.
Демек, бізге ата-анамыз қандай қымбат болса, балаларымыз үшін одан да құнды. Біз бала кезімізде ата-анамыздың бір-бірінен ажырап жүруін қаламас едік. Берекесі қашқан жанұяның баласы болудан сақтанар едік. Өзіміз бала кезімізде балалықтың бал дәмін татып, ал өз балаларымыздың өгейсініп жүргені жанымызға батпай ма? Ойланайық!
Адам баласының ажары да, бақыты да отбасынан басталады. Ал отбасы бақыты деген не? Ол адам бойына сырттан келіп сіңетін нәрсе емес. Ең бастысы ер мен әйелдің кешірімділігі. Адам баласының бақыты оның үзіліссіз тәлімі мен тәрбиесінен қалыптасатын жарқын да адал мінездеріне байланысты. Яғни, отбасының бақыты, діңгегінің мықты болуы ата – аналардың, сол отбасы мүшелерінің өз қолында деуімізге болады. Отанымызды сүюге тәрбиелейтін бірден - бір орта ол – отбасы. Отбасы шағын мемлекет. Отбасында алған тәлім тәрбие жас ұрпақтың рухани азығы, өмірлік ұстанымы мен жарқын болашаққа жетелейтін темірқазығы, Отбасы – бала дамуы мен қалыпты өмір сүруіне тиімді жалғыз мүмкін орын. Бала үшін туған отбасы – алтын діңгек. Отбасындағы жылылық пен мейірімді ешнәрсемен, басқа жерлерде жүз есе артық материалдық жағдай жасалса да алмастыру мүмкін емес. Баланы жас кезінен бастап сыйлап, қадір - қасиетін, ар - намысын бағалап, дұрыс сөйлесіп, дұрыс қарым - қатынас жасаған абзал. Халқымыздың аяулы ұлы Б. Момышұлы кезінде былай мұңайған екен «Жаудан да даудан да қорықпаған қазақ едім. Енді қорқынышым көбейіп жүр. Балаларын бесікке бөлемеген, бесігі жоқ елден қорқам. Немересіне ертегі айтып беретін әженің азаюынан қорқам. Дінді, дәстүрді білмейтін балалар өсіп келеді. Қолына кітап алмайды. Үйреніп жатқан бала жоқ, үйретіп жатқан әке - шеше жоқ»- деген екен. Ол кісі арамызда жоқ. Ал бірақ батыр, жазушы атамыз көтерген мәселе бәрімізді алаңдатуы тиіс. «Балам»дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» дегенді жадымыздан шығармай, жанұя жарасымын сақтай отырып, уақытша берілген ғұмырымызды мәнді өткізейік.
Қарағанды қалалық «Әл-Машани»
мешітінің наиб имамы Әбілдаев Бақдәулет Қыдырбайұлы
Пікірлер