Адамзат өміріне балта шабатын адамның өз-өзіне қол жұмсап өлтіруін ғылыми тілде суицид деп атайды. Бұл қазірде адамзат қоғамында кең тараған ең қауіпті құбылыс болып отыр. Өз-өзіне қол жұмсау әрекеті Ислам дінінде өте ауыр күнәға жатады. Шариғатымызда Жаратқанның жазмышына қарсы шыққанмен тең саналатын бұл індет қоғамға да жат құбылыс. Үмітсіздікке салынып, тағдыр сынына сабыр ете алмау иман әлсіздігінің белгісі. Адамзатты махаббатпен жаратқан Алланың бізге деген мейірімі шексіз. Сынаққа толы ғұмырда сабыр ете білудің де сан қырлы сатылары бар.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿وَلا تَقْتُلُوا أَنْفُسَكُمْ إِنَّ اللَّهَ كَانَ بِكُمْ رَحِيمًا *وَمَنْ يَفْعَلْ ذَلِكَ عُدْوَانًا وَظُلْمًا فَسَوْفَ نُصْلِيهِ نَارًا وَكَانَ ذَلِكَ عَلَى اللَّهِ يَسِيرًا﴾
Алла Тағала былай дейді: «...Және де өз-өздеріңді өлтірмеңдер. Расында, Алла сендерге Мейірбан ғой. Ал кімде-кім дұшпандықпен, зұлымдықпен солай істейтін болса, Біз оны тозақта өртейміз. Олай ету Алла үшін оңай» (Ниса, 29, 30). Ал енді, тіршілікте көрген тауқыметі үшін өмірден баз кешіп, өз-өзіне қол салу Алла тағаланың ашуына ұшыратады. Ең ауыры ахиретте үлкен азапқа душар етеді. Дүниеден қалай кетсе, ақыретте сол кейпінде жазаланатын болады.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللَّهُ عَنْهُ أَنَّ النَّبيَّ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «مَنْ تَرَدَّى مِنْ جَبَلٍ فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَهُوَ فِي نَارِ جَهَنَّمّ يَتَرَدَّى فِيهَا خَالِداً مُخَلَّداً فِيهَا أَبَداً، وَمَنْ تَحَسَّى سُمّاً فَقَتَلَ نَفْسَهُ فَسُمُّهُ فِي يَدِهِ يَتَحَسَّاهُ فِي نَارِ جَهَنَّمَ خَالِداً مُخَلَّداً فِيهَا أَبَداً، وَمَنْ قَتَلَ نَفْسَهُ بِحَدِيدَةٍ فَحَدِيدَتُهُ فِي يَدِهِ يَتَوَجَّأُ بِهَا فِي نَارِ جَهَنَّمَ خَالِداً مُخَلَّداً فِيهَا أَبَداً«. رَوَاهُ البُخَارِيُّ، وَمُسْلِمٌ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Пайғамбар (с.а.с.) былай дейді: «Кімде-кім таудан құлап, өзін-өзі өлтірсе, ол жәһәннам отында мәңгі-бақилыққа құлайды. Кімде-кім у ішіп, өзін-өзі өлтірсе, жәһәннам отында мәңгі-бақи сол уын қолына ұстап ішіп тұрады. Кімде-кім өзін-өзі темірмен өлтірсе, жәһәннам отында сол темірі қолына ұстап өзін-өзі мәңгі-бақи ұрғыштап тұрады». (Бұхари мен Мүслім риуаят еткен). Адамның өмірі қандай болмасын, басына қандай қиындық түспесін, өзіне қол жұмсамақ түгілі, өлім тілеуіне де болмайды. Өйткені адамның жаны, тәні, өмірі – Жаратушы тарапынан берілген аманат. Аманатқа қиянат жасау – мұсылманға жат. Өзімізге де, өзгеге де өлім тілеуге хақымыз жоқ.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ:»
لاَ يَتَمَنَّيَنَّ أَحَدُكُمُ الْمَوْتَ إِمَّا مُحْسِنًا فَلَعَلَّهُ أَنْ يَعِيشَ وَيَزْدَادَ خَيْرًا وَهُوَ خَيْرٌ لَهُ وَإِمَّا مُسِيئًا فَلَعَلَّهُ أَنْ يُسْتَعْتَبَ.« رَوَاهُ النَّسَائِيِّ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алланың елшісі (с.а.с.) былай дейді: «Сендердің біреулерің өзіне өлім тілемесін. Бәлкім, егер ол жақсы пенде болса, ұзақ өмір сүріп, жақсылығы көбейе түсер, сөйтіп, (өмір) ол үшін жақсы болар. Бәлкім, егер жаман адам болса, жамандығынан қайтарылар». (Нәсәи риуаят еткен).
Қоғамымызда орын алып жатқан осынау сорақы қылмыстың ең басты себебі иманды тәрбиенің жетімсіздігі. Иман құндылықтары болмаған жерде күдік пен күпірдің қатар жүреді. Иманы әлсізді шайтан азғырып, тура жолдан тайдыруға, адамзат жаратылысына жат қылықтарға арбайды. Бұдан қорғайтын күш – иман.
قَالَ اللهُ تَعَالَى: ﴿ثُمَّ لآتِيَنَّهُمْ مِنْ بَيْنِ أَيْدِيهِمْ وَمِنْ خَلْفِهِمْ وَعَنْ أَيْمَانِهِمْ وَعَنْ شَمَائِلِهِمْ وَلا تَجِدُ أَكْثَرَهُمْ شَاكِرِينَ﴾
Алла тағала былай дейді: «(Ібіліс айтты): Сосын мен (адамзатты адастыру үшін) алдарынан, арттарынан, оң жақтарынан, сол жақтарынан келетін боламын да, Сен олардың көпшілігінің шүкірлі болмағанын көретін боласың» (Ағраф, 17). Алла елшісі (с.а.с.) өз кезегінде әрбір мүмін пенденің имани жағынан күшті болуын талап етеді. Тіршіліктегі тақуыметтер мен қателіктер үшін торығу мен түңілуге салынып, өмірден баз кешіп, үмітсіз шайтанға ұқсауға болмайтындығын ескертеді.
عَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِيَ اللهُ عَنْهُ أَنَّ رَسُولَ اللهِ صَلَّى اللهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ قَالَ: «اَلْمُؤْمِنُ الْقَوِيُّ خَيْرٌ وَأَحَبُّ إِلَى اللهِ مِنَ الْمُؤْمِنِ الضَّعِيفِ، وَفِي كُلٍّ خَيْرٌ، اِحْرِصْ عَلَى مَا يَنْفَعُكَ وَاسْتَعِنْ بِاللهِ وَلاَ تَعْجِزْ، وَإِنْ أَصَابَكَ شَيْءٌ فَلاَ تَقُلْ: لَوْ أَنِّي فَعَلْتُ كَانَ كَذَا وَكَذَا، وَلَكِنْ قُلْ قَدَّرُ اللهُ وَمَا شَاءَ فَعَلَ، فَإِنَّ «لَوْ» تَفْتَحُ عَمَلَ الشَّيْطَانِ». رَوَاهُ مُسْلِمٌ.
Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен риуаятта Алла елшісі (с.а.с.) былай деген: «Күшті мүмін Алла үшін әлсіз мүміннен гөрі қайырлы әрі сүйікті. Алайда әрқайсысында да қайырлылық бар. Сондықтан да өзіңе пайда әкелетін нәрсеге тырысып, Алладан көмек сұра, әлсіздік танытпа. Егер бір нәрсе болып қалса «егер былай істегенімде олай болмас еді» деме, «Алла солай мөлшерледі, қалағанын қылды» деп айт. Расында «егер» сөзі шайтанға жол ашады». (Мүслім риуаят еткен).
Өмірде қандай қиындық көрсе де, Тәңірден күдер үзбей, тәуекелшіл бола білу, жақсылықтан үміт ету нағыз мұсылмандық қасиет. Ақын Майлықожа:
Адамның күні бар ма сыналмаған,
Бақ тайса мал менен бас құралмаған.
Күніне тоқсан түрлі көрсең пәле
Сонда да күдер үзбе бір Алладан!- деп өсиеттеген. Сондықтан тағдыр сынағына сабырлықпен қарап, әрбір істе хайыр бар деген үмітпен, бір Алланың жазғанына шүкір ете білу де иманның жемістерінен.
Қарағанды қалалық «Әл-Машани» мешітінің азаншысы
Мирас Эрланұлы
Пікірлер