Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Үлкендерімізге құрмет көрсетпеген бізден емес
15 қазан, 2020 жыл 1293 Басып шығару нұсқасы

Алла елшісі (с.ғ.с.): «Кішілерімізге мейрімділік танытпаған және үлкендерімізге құрмет көрсетпеген адам бізден (мұсылман үмбетінен) емес» деген.[1]

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сара жолынан туындаған осынау өнегелі хадистері арқылы мұсылман жастарын кішіге мейірім төгіп, үлкенді ізет тұтпаудың мұсылманшылыққа мүлде жат қылық екенін білдіреді. Әрине, ақида сеніміміз бойынша, үлкенге құрметі, кішіге мейірімі жоқ адам діннен шығып кәпір болып кетпейді. Алайда, ол мұндай жат қылықтан арылмайынша, бойында кәпірге тән жағымсыз қылығы бар адам болып табылады. Қазақ мақылындағы «үлкенге құрмет кішіге ізет көсету» деген аталы сөз осы хадистен алынғандай. Ал енді қоршаған ортасын құрметтеп сыйлай білмейтін адамды кейде қарияларымыз ей көргенсіз  немесе жетесіз деп сөгіп,  тәртіпсіз тәрбие көрмеген адамның қатарына жатқызған. Сондықтан адам баласы дінінің ақихат екенін және өз тегінің таза, ата-анасының жақсы тәлім – тәрбие бергенін үлкенге көрсеткен құрметімен кішіге көрсеткен ізеттілігімен дәлелдейді екен. Дана Абай атамыз:

Махаббатпен жаратқан адамзатты,

Сен де сүй ол Алланы жаннан тәтті.

Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,

Және хақ жолы осы деп әділетті.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір сөзінде «кімде кім мейрімділік көрсетпесе мейрімге бөленбейді» деген.[2] Бұл хадистен түсінетініміз қоршаған ортасына мейір - махабаты жоқ  пенде осы дүниеде адамдардың құрметінен ал қияметте Алла тағаланың рахымынан құр қалады екен.

Үлкенді құрметтеген өзі қартайғанда құрметке бөленеді. Әнәс ибн Мәликтен (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.) «Алла Тағала үлкеннің жасын сыйлап, құрмет көрсеткен жастарға, қартайған шағында өзіне де дәл солай құрмет көрсетіп, қызмет ететін жасты кез қылады» деген.[3] Осы хадисті аталарымыз «құрмет етсең - құрмет көресің» немесе «атаңа не жасасаң - алдыңа сол келеді» деген мақал сөздермен жеткізген.

Әйгілі Қашаған ақын былай деп жырлаған екен:

Жетпістен жасы асқанда,

Сексенге аяқ басқанда.

Жастар елеп келмесе,

Келіп сәлем бермесе,

Күнде асыл киседе,

Қартайғанда ер жетім.

Яғни жақсы сөз жанды жылытады, аяғы ауырып, жүрістен қалған шақта, қатары азайып көңілі жүдеген кезде қарттарға бұрылып сәлем беру, ол кісілер үшін үлкен құрмет. Олар бір жасап қалады, рахмет айтып, батасын береді екен.

         Ең үлкен жақсылық әкеңнің достарына жасаған жақсылық. Абдуллаһ ибн Динар (р.а.): «Бірде Абдуллаһ ибн Омар (р.а.) Меккеге барар жолда бір бәдәуиді (далалық араб) жолықтырады. Абдуллаһ әлгі бәдәуиге сәлем беріп, астындағы есегіне мінгізіп, басындағы сәлдесіне дейін шешіп береді. Біз мұны Абдуллаһ ибн Омардың өз аузынан естігенде: «Алла тағала сізді жарылқасын! Бұлар бәдәуилер ғой», - дедік. Сонда Абдуллаһ ибн Омар: «Мұның әкесі менің әкем Омар ибн Әл-Хаттабтың досы боған. Мен Алла елшісінің (с.а.с.) «Адамның ең үлкен жақсылығы – әкесінің жақсы көрген достарымен жақсы қарым-қатынаста болғаны» - деп айтқанын естіген еді», - деген.[4] Осы хадистен түсінгеніміздей ата-анамыздың көзін көрген құрбы-құрдастарына сый құрмет көрсету арқылы Алла тағаланың алдында үлкен жақсылықтың сауабына кенеле алады екенбіз.

Дінімізде үлкенді құрметтеу Алла тағаланы ұлықтаудың бір түрі. Әбу Мусадан (р.а.) жеткен хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ақ шашты, ақ сақалды мұсылман қарияны, Құран оқығанда немесе үкімдерін орындағанда қатты кетіп, шектен шықпайтын немесе немқұрайлылық танытып, одан қол үзбейтін хафизды және іділ патшаы құрметтеу – Алланы ұлықтаудың бір түрі болып табылыды» деген.[5] Расында, дінімізде Алла Тағаланы ұлықтау тек тілмен зікір ету немесе ертелі-кеш құлшылық етумен ғана емес, Алла разылығы үшін деп істелген әрбір игі іспен жүзеге асады. Ислам дінінің кереметтілігі міне, осыда жатыр.

Асыл дініміз бен салиқалы салтымыздың жас буынға қояр ең басты талаптарының бірі – жасы үлкенді ізет тұту. Ендеше, өзін мұсылманмын деп санайтын әрбір жастың Алла Елшісінің (с.ғ.с.): «Егер араларыңда еңкейген қарттар болмағанда, (істеген күнәларыңның кесірінен) бастарыңа толассыз бәле жауар еді»[6]- деген хадисінің мәнін түсініп, көкейіне түйіп алғаны һәм соған қарай әрекет еткені жөн.

 

[1] Әбу Дауіт, әдәб; Термизи, биир 15.

[2] Муслим бәбу рохмә 1808\4.

[3] Тирмизи, китәбу әл-Бирр 75.

[4] Муслим биир 11.

[5] Әбу Дауіт, әдәб 20.

[6] Бәйхақи, Сүннәтуль кубра,3-345. Мунәуи, Фәйзуль қадир, 5-432

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары