Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Мешіт – Алланың үйі
20 қаңтар, 2021 жыл 3664 Басып шығару нұсқасы

Өміріміздегі ең сауапты іс – Алланың бізге бұйырған парыздарын орындау болса, сол парыздарды орындауға ең қолайлы жер – мешіт. Мешіт - күллі адамзатты жаратқан мейірімді Аллаға құлшылық жасауға арналған таухид орталығы. «Шүбәсіз, мешіттер – бір Аллаға тән. Ендеше, Алладан өзгеге әрі ешнәрсеге дұға етіп, жалбарынбаңдар». Құран аяттарынан жер бетіндегі Алланың үйлерінің қаншалықты қасиеттілігін ұғамыз. Әбу һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Пайғамбарымыз (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Алла Тағалаға елді мекеннің ең көрікті жерлері – мешіттер». Алла Тағала өзінің пенделерінің құлшылық жасайтын орынды басқа барлық мекендерден қайырлы әрі сүйікті еткен. Ал сол қасиетті жерге әсемденіп, құлшылық жасау ниетімен келудің сауабы хадис-шарифтерде : «Кімде-кім үйінен дәрет алып, Алла Тағаланың бұйырған парыз намаздарының бірін өтеуге Алланың үйлерінің бір үйіне барса, аттаған әрбір қадамына күнәлары кешіріліп, екінші басқан қадамына дәрежесі көтеріледі» - делінген. Аят-хадистерден ұққанымыздай Алланың үйі мешіт жер бетіндегі барша жерлерден ең қайырлы, ал сауабынан үміт етіп мешітте құлшылық жасаған адамның ақыретте алар сыйы ерекше мол болмақ. Өлшеп берілген аз ғана ғұмырымызда Жаратушымызды танып, Алланың үйінде ғибадат етіп, жүрегімізді ғибадатпен нұрландыруға асығуымыз қажет. Ондай киелі жерде жасаған кішігірім жақсылығымыздың сауабы қияметте еселеп беріледі. Мешіттің тазалық жұмыстарына атсалысып, құлшылық орнын әсемдеу де үлкен сауапты іс.

         Қасиетті Құранда былай дейді: «Алланың мешіттерін шынымен Аллаға және ақырет күніне сенген, намазды толық өтеген, зекет берген, тек қана Алладан қорыққан адамдар ғана ұстайды. Міне, солардың тура жол табушылардан болуы үміт етіледі». Мұсылман адам үшін Алланың үйлері болған мешіттен асқан қасиетті жер болмайтыны һақ. Тамим ад-Дари (р.а.) деген сахаба кеш батқанда өзінің Әбу Базад атты қызметкеріне шыраққа май құйып, мешіт ішіне іліп қоюды тапсырады. Түнделетіп, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мешітке келсе, мешіт іші жап-жарық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сахабаның ісіне сүйсініп: «Мұны кім істеді?», – деп сұрады. Жиналған жұрт: «Тамим әд-Дари», – деп жауап берді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Исламды нұрландырдың, Алла сені бұл дүниеде және ақыретте нұрландырсын», – деп батасын береді. Бұл оқиғадан мешітке қызмет ету, кішігірім болсын көмегін аямау – үлкен абыройлы іс екенін аңғарамыз. Мешіт баршамызға ортақ құлшылық жасайтын орынымыз болғандықтан мешіт гүлденуіне үлес қосу – әрбіріміздің мұсылмандық міндетіміз.

         Мешітке таза және шариғатқа сай киіммен келіп, Алла үйінде дүниенің сөзін сөйлемей, дауыс көтеріп сөйлеуден сақ болып, тек  зікір айтып, ақыретке азық жинауға тырысу – мешіт әдебінің сақталуының көрінісі. Мешітке келуші әр адам бұл әдептілік ережелерін қаперінде ұстағаны жөн.

          Алла Тағала баршамызға өзінің үйінде ауызбіршілікпен құлшылық етіп, Тәуелсіз елде, жақсы күндерде жамағатымызбен түгел жүздесіп, жасаған дұға тілектерімізді қабыл еткей!

 

Пайдаланылған әдебиеттер: «Жын» сүресі, 18-аят.

«Тәубе» сүресі, 18-аят

 

 Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат.

 

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары