Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Құранды сүю – ұлы ғибадат
27 қаңтар, 2021 жыл 423 Басып шығару нұсқасы

Алла Тағала адамзаттың бақыты үшін Құран Кәрімді түсірді. Құран - адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Қасиетті кітапты оқу үлкен нығметке бөлеуді. Аллаға жақындататын құлшылықтың ірісі, ғибадаттың жауаптысы. Яғни, Құранды оқуда үлкен жауапкершілік таныту қажет.

Алла тағала:  «وَإِذَا قُرِئَ الْقُرْآنُ فَاسْتَمِعُواْ لَهُ وَأَنصِتُواْ لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ» «Құран оқылғанда оған құлақ салыңдар әрі  тыныштық сақтаңдар. Рақымдылыққа бөленесіңдер», - десе, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «خَيْرُكُمْ مَنْ تَعَلّمَ الْقُرأنَ وَ عَلَّمَهُ» «Сендердің ең жақсыларың - Құранды үйреніп оны үйреткендерің», - деп өсиет қалдырған. Құранды жақсы көру, зейін қою, шынайы ықыласпен түсініп оқу Алланың сөзіне деген махаббатты арттырады.

Аллаһ Тағала бізге қасиетті Құранды оқуды әмір еткен. Құранда: «Ал енді Құраннан жеңіл келгенін оқыңдар. Сендерден науқас болғандар, басқалай Алланың мәрхаметінен несібе іздеп, жер жүзінде кезгендер, тағы басқа Алла жолында соғысқандар Аллаға мәлім. Ендеше Құраннан оңай келгенін оқыңдар. Және намазды толық орындаңдар да зекет беріңдер. Алла үшін көркем қарыз беріңдер. Және өздерің үшін алдын ала қайыр істесеңдер, оны Алланың қасында жақсы, зор сыйлық түрінде табасыңдар. Алладан жарылқау тілеңдер. Шын мәнінде Алла, тым жарылқаушы, ерекше мейірімді» (Мүзәммил, 20) деп айтылса, Әбу Умәмә риуаят еткен хадисте Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Құран оқыңдар! Ол қиямет күні иесіне шапағат етеді» (Муслим) – деген. Құран - адамзатты шексіз бақытқа жетелейтін, тура жол көрсететін, қияметке дейін өзгермейтін мәңгі мұғжиза. Құран-соңғы пайғамбарлықтың дәлелі, ханиф (тура) діннің үні әрі Ислам шариғатының ата заңы. Құран оқыған адамның бүкіл болмысымен өзгергенін байқайсың. Пенденің ішкі дүниесі рухани тазарып, өмір сүруі мен жүріс-тұрысы өзгереді.

Аллаһ Тағала да әрдайым Құран оқитын және оған амал ететін пенделеріне сауабын еселеп беретінін айтады: «Әлбетте, Аллаһтың кітабын оқитын, намазды толық атқаратын және Біз рызық етіп берген нәрселерден Аллаһ жолында жасырын және жария жұмсайтындар ешқашан бітпейтін сауда-саттықтан үміт етеді (Яғни, олар жақсы амал қайыр – садақа арқылы Аллаһтан сауап күтуден). Өйткені Аллаһ олардың сауаптарын толық етіп береді және Өз кеңшілігімен оларға қосымша сый береді. Әлбетте, Ол жарылқаушы әрі шүкір етуші (яғни, аз ғана игі амал үшін көп сый беруші)» (Фатыр, 29 – 30). Жаратушы иеміз әлемді көркем әрі үйлесімді жаратып, оған тыныштық орнатып, адам баласына бағындырып қойған. Бүгінгі ғылымның соңғы жетістіктерін пайдаланып зерттеп жүргендерге әлі де ашылмаған жұмбақ дүниелері көп. Бұл әлемнің сырлары Құран Кәрімде жатыр. Құранға ден қойған, Алланың жаратқан кереметтерін танып, білгісі келген жандар үлкен жаңалықтар ашып жатыр. Ғалымдардың жаңалықтарының негізі жаратылыстаны тануда жатыр. Алла Тағала өзі жаратқан кереметті бір Құранға сыйғызып қойған. Білімнің арқасында біз Ұлы Жаратушының ұлылығын танып, бойұсынып келеміз. Бұл мойынсынудың өзі Аллаға және оның кәләмі – Құран Кәрімге деген махаббаттан туады. Алла тағала: هُوَ الَّذِي خَلَقَ لَكُم مَّا فِي الأَرْضِ جَمِيعاً ثُمَّ اسْتَوَى إِلَى السَّمَاء فَسَوَّاهُنَّ سَبْعَ سَمَاوَاتٍ وَهُوَ بِكُلِّ شَيْءٍ عَلِيمٌ «Алла жер жүзіндегі барлық нәрсені сендер үшін жаратты, соңынан аспанды жаратуға кірісті де, оны ақаусыз жеті қабат етіп орналастырды. Ол барлық нәрсені білуші», - десе, «Рағыд» сүресінде: أَلاَ بِذِكْرِ اللَّهِ تَطْمَئِنُّ الْقُلُوبُ «Біліп қойыңдар! Жүректер тек қана Алланы еске алу арқылы жай табады», десе, وَلاَ تَقْفُ مَا لَيْسَ لَكَ بِهِ عِلْمٌ إِنَّ السَّمْعَ وَالْبَصَرَ وَالْفُؤَادَ كُلُّ أُولـئِكَ كَانَ عَنْهُ مَسْؤُولاً «Өзің білмейтін нәрсеге ілеспе! (Білмегенді білдім, естімегенді естідім, көрмегенді көрдім деме!) расында, құлақ, көз, жүрек барлығы тергеуге түседі», - деген.

Сондықтан, біз артық сөйлеп, артық мәселе шығарудан аулақпыз. тек айтарымыз, Құранға ден қойып, махаббатымызды арттырайық. Сонда біз тура жолда боламыз. Алланы разы ететін амалдарды жасау әрбірімізге жүктелген міндет деп білейік.

Алла Тағала баршамыздың жүрегімізге Құран нұрын төгіп қойсын!

 

Нуров Махмуд қажы Нурұлы

«Бала қажы» мешітінің бас имамы

 

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары