Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Алланың назары жүректе
02 ақпан, 2021 жыл 626 Басып шығару нұсқасы

Алла Тағала барша әлемді және онда өмір сүруші барлық адамды құлшылық ету және сынақ үшін жаратқан. Шынайы мұсылманның дәрежесі ол жасаған құлшылығына қарай көтеріледі. Пенденің иманы қаншалықты күшті болса, жасаған игі амалдары да соншалықты  мол болмақ. Адамдар арасындағы дәрежеміз мансабымызға қарай, киген киімімізге қарай, үйіміздің әдемілігіне қарай көтерілетіні өтірік емес. Алайда Алла алдындағы пенденің дәрежесінің жоғарылығы ол жасаған құлшылық, жақсы амалдарына байланысты болмақ. «Сахих Мүслімде» риуаят етілген бір хадисте Алла елшісі: «Асылында, Алла сендердің тәндеріңе, сыртқы кейіптеріңе қарамайды, Ол сендердің жүректеріңе, деп саусағымен кеудесін көрсеткен, — сондай-ақ, амалдарыңа қарайды» – делінген. Бұл хадис жоғарыдағы сөзіміздің айғағы. «Басыңа шалма орадың, үстіңде сүннет көйлек, қолыңда тасбих. Бірақ, мұсылман болмадың» деп жазады ұлы бабамыз Яссауи. Шынында мұсылманша киініп, өзгелерге имандылығымызды дәлелдеу қиын. Абдулазизұлы Омар (Р.А.) бір сөзінде: «Алла Тағала жолын (дін құндылықтарын) үнсіз насихаттаңдар», - дейді. «Қалайша?» - деген сауалға халифа: «Мінез-құлықтарыңмен (Мұсылманшылық сөздеріңнен бұрын іс-әрекеттеріңнен көрініс тапсын)», - деген екен. Мұсылман адам имандылығын сөзімен емес, өзгелерге  жанашырлығымен, көркем мінезімен, шыншылдығымен, әділеттілігімен көрсете білуі керек. Белгілі хадис-шарифердің бірінде: «Нағыз мұсылман – өзге адамдар оның тілі мен қолынан зиян көрмеген адам»,- делінсе, келесі хадисте: «Алла үшін адамдардың ең сүйіктісі-адамдарға пайдалы болғаны» - деген. Хадистерден ұққанымыздай мұсылманның тұлғасын аша түсетін бір қасиет – оның мейірімділігі, жанашырлығы.

           Ғибадатқа берік болу, Алланы зікір етуден жалықпау сынды игі қасиеттер  Алланың сүйген құлдарында ғана болады. Алла Тағала дүниені сүйген құлдарына да, сүймеген құлдарына да береді. Алайда, иман байлығын тек сүйген құлына нәсіп етеді. Жүрегімізде титтей де болсын жамандық сақтамай, керісінше иман нұрымен нұрландырып, ізгі амалдар жасауға ұмтылған адам – жүрегін таза сақтаған болып есептеледі.             Бұған қатысты пайғамбардың ﷺ айтқан мынадай әйгілі хадисі бар: «Адамның денесінде бір кесек ет бар. Егер ол сау (жақсы) болса, бүкіл дене сау (жақсы) болады. Егер ол ауырса (бұзылса), бүкіл дене ауырады (бұзылады). Ол – жүрек!» (Буһари, Мүслим).

       Осы өмірде тән сұлулығына қатты мән  беріп, әдеміленудің түрлі әдіс-тәсілдерін қарастырып жатамыз. Алайда тән сұлулығы адамдардың назарын уақытша тартқанымен қияметте Алла Тағаланың құлдары жүрегінің тазалығына, жасаған жақсы амалына қарай сұралады. Уақытша дүниенің ләззатын іздемей, шынайы ақырет бақытына ұмтылу – баршамыз үшін қайырлы. Осы өмірде де, қияметте де Алланың назарында болатын жүрегімізді күнәның зардабымен кірлетпей таза ұстап, қияметте жүзіміздің жарық болуын Алла Тағала өзі нәсіп етсін. Сіз бен біздің жасаған барлық ізгі амалдарымызды Алла қабыл еткей!

 

 

Қаражал қалалық мешітінің бас имамы Советов Талғат.

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары