Қасиетті Құранның аяттары мен ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннеті арқылы адамның іс-әрекеті Алла Тағаланың алдында әр түрлі дәрежеде болатындығы ескертілген. Бұл амалдардың ішінде кейбіреулері басқаларына қарағанда Алла алдында ерекше ұнамды.
Бірде сахабалар Алла елшісінен (с.ғ.с.): «Уа, Алланың елшісі, қандай іс Аллаға ең ұнамды іс болып саналады?», деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Үнемі және үздіксіз орындалатын нәрсе», деп жауап берген екен (Тирмизи).
Тағы бір хадисте, Айша анамыздан (р.а.) келесі хадис риуаят етіледі: «Бірде біреу пайғамбардан (с.ғ.с.): «Аллаға ең ұнамды амал қайсы?», деп сұрағанда, ол: «Аз болса да үздіксіз (тұрақты түрде) орындалатын амал», деп жауап берді» (Бұхари, Мүслім).
Бұл хадис тұрақтылықтың маңыздылығын көрсетеді. Кішкентай, бірақ тұрақты амалдар жасау – бізді жүйелі түрде Алланың разылығына жеткізеді деп сенеміз. Алайда, кез-келген істе тек қана тұрақтылық емес, шынайылық, ерік-жігер және саналылық қажет екенін ұмытпағанымыз жөн.
Имам Әл-Нәуәуи осы хадиске түсініктеме бере отырып, былай дейді: «Бұл хадис амалдарда тұрақты болуға шақырады, сонымен қатар бұл жерде кішігірім, бірақ тұрақты іс, үлкен, бірақ тұрақты емес істен гөрі абзал екені айтылады. Үнемі жасалынатын кішігірім амал, үлкен әрі тұрақсыз амалға қарағанда әлдеқайда көп пайда әкеледі».
Ғұлама, шейх Мұхаммед Садық Мұхаммед Юсуф өзінің «Хадистер және Өмір» кітабының 2-ші томында:
«Ислам адамға барлық нәрселерде, соның ішінде ғибадатта барынша жеңілдік береді. Сондықтан ислам шариғаты адамнан оның күшінен тыс ештеңе талап етпейді. Тіпті ғибадаттардың белгілі бір өлшемі бар. Тіпті исламның міндетті ережелерінде физикалық мүмкіндіктері шектеулі адамдар үшін ерекше жағдайлар қарастырылған. Сонымен қатар, физикалық жеңілдету мүмкіндігі барлық жағынан ақылға қонымды және икемді. Физикалық жеңілдік болсын, бірақ рухани ғибадат тұрақты және тоқтамайтын болсын», дей келе, амалдардың тұрақты болу қажеттілігін меңзейді.
Тұрақты әрі ұқыпты атқарылатын амалдың үлкен нәтижеге жеткізетініне келесі бір қисса дәлел:
«Бірде ағаш кесетін екі дос күштерін сынауға шешім қабылдайды. Олар былай келіседі: таңертеңнен кешкі сағат 5-ке дейін, кім көбірек ағаш шапса, сол жеңімпаз болады.
Күн көтерілген бойда, екеуі әртүрлі бағытқа бет алып, ағаштарды шабуға кіріседі. Олар көп және бір ырғақта жұмыс істеді. Алайда көп ұзамай бір ағаш кесуші екіншісінің жұмысын тоқтатқанын естиді. Ол мұның оған үлкен артықшылық екенін түсініп, екі есе қатты жұмыс істеуге кіріседі. Он минуттан кейін екінші ағаш кесушінің қайтадан ағаш жарып жатқаны естіледі.
Олар тағы да бірдей қарқынмен жұмыс істей бастайды. Біраз уақыт өткеннен кейін, біріншісі досының екінші рет жұмысын тоқтатқанын естиді. Ол қуанышқа бөленіп, өзін жеңімпаз сезініп, бар күшін салуға шешім қабылдайды. «Ол демалған кезде, мен жұмыс істесем, жеңіске жетемін», деп қуанады ол.
Осылай белгіленген уақыт өтеді. Әр сағат сайын екінші ағаш кесуші тоқтап қалады, ал біріншісі екі есе күшпен жұмыс істейді. Уақыт біткен кезде, бірінші ағаш кесуші өзінің болашақ жеңісіне толықтай сенімді болды. Ол қатты шаршаса да, көңілді еді. Дегенмен, өзінің жеңілгенін көрген кезде, қатты таңғалады.
– Бұл қалай болды?, деп сұрады ол қарсыласынан, – мен үзіліссіз жұмыс істедім, сондай-ақ, сенің сағат сайын кем дегенде он минут тоқтағаныңды естіп отырдым! Алайда, сен менен әлдеқайда көп ағаш кескен екенсің! Бұл таңданарлық, сен мұны қалай жасадың?
– Бұл таңқаларлық іс емес, досым. Рас, мен сағат сайын тоқтадым, ал сен одан әрі ағаш шабуды жалғастырдың. Бірақ саған қарағанда, мен өз балтамды қайрап отырдым, деп жауап берген екен екінші адам».
Осы ғибратты оқиға арқылы біз күнделікті тіршілігімізде болсын, құлшылығымызда болсын атқарылатын үздіксіз іс-әрекеттердің жемісін анық көре алатынымызды үйренеміз. Аллаға мойынсұну және Жаратушыға жүйелі түрде құлшылық ету арқылы біз көп нәрсеге қол жеткіземіз. Өйткені, ғибадаттың негіздері өзгермейді, Алла Тағала оларды әлемнің ақырына дейін әр адамның игілігі үшін міндеттеді. Мысалы, парыз намаздар (күніне 5 рет), Рамазан айындағы ораза (жылына 1 рет) және т.б., сондай-ақ қосымша ғибадат түрлері (түн ортасында намаз оқу, аптаның белгілі-бір күнінде ораза ұстау, садақа беру және т.б.), бізді нақтылыққа және жүйелілікке (тұрақтылыққа) үйретеді.
Десе де, тұрақты орындап жүрген амалдарымыздың өзінде шектен шықпауымыз қажет екендігін естен шығармауымыз керек. Біз тек ниетіміздің шынайылығы мен сөздеріміз бен әрекеттеріміздің Алланың кітабына және пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сүннетіне сәйкестігін бақылап, әрекет етуіміз керек.
Алла бізге кіші болсын, үлкен болсын амалдардан жалықпауға нәсіп етсін! Алла баршамыздың үздіксіз амалдарымызды қабыл етсін деп тілейік!
Естай Айтуғанұлы,
Теміртау орталық мешітінің бас имамы
ihsan.kz
Пікірлер