Бұйырса, 13 күннен кейін қастерлі айға қадам басамыз. Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айы – игілік пен ізгіліктің, шапағат пен шарапаттың уағы. Аллаға шүкір дейік, бес парыздың бірі саналған оразаны өтеушілердің қатары жыл сайын көбейіп келеді. Ендеше, жан мен тән тазаратын тамаша уақыттың қадір-қасиеті жайлы, жалпы қастерлі айдағы құлшылық төңірегінде Қарағанды қалалық әл-Машани мешітінің бас имамы Жанболат ҚОШКЕЛДІ мырза әңгімелейді.
– Әңгіменің әлқисасын ораза ұстауға түсінік беруден бастасаңыз…
– Келе жатқан қасиетті Рамазан айы баршаңызға құтты болсын. Ораза – арабша «саум», яғни ауыз бекіту дегенді білдіреді. Алла Тағала «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Сендерден бұрынғыларға ораза ұстау парыз болған секілді, сендерге де ораза ұстау парыз етіледі» деп атап көрсетеді. Жаратушы иеміз бізге дейінгі үмметке де оразаны парыз еткені белгілі. Ал, парыз – Алланың бұйрығы.
– Оразаға қалай дайындық жасап, ниеттенген дұрыс?
– Әрине, алдын-ала нәпіл ораза (дүйсенбі және бейсенбі) ұстап, дайындық жасау керек. Және ораза айына жоспар құрып алған абзал. Жиі уағыздар тыңдап, ораза жайлы білім алған жөн.
Ал, ниет тазалығы, ол – терең ұғым. Хадисте: «Шын мәнінде, амалдар тек қана ниетке байланысты», – деп айтылғанындай кез келген амал ниетпен өлшенеді. Құлшылық мәселесінде мұсылман адамның ниетін жаңартып тұруы маңызды. Рамазан айында өзімізге «Қандай жақсы амалдар жасауыма болады?» деген сұрақ қойып, шама келеді деген амалдарды тізіп, іске асыруды шынайы түрде ниеттенгеніміз жөн. Тіпті істей алмай қалған жағдайдың өзінде Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде: «Кім жақсы іс істеуді ниет етсе, бірақ оны орындамаса, Алла өз қасында толық бір жақсы іс жасағанындай жазады», – деп айтылғанындай, істегендей сауап жазылуы үміт етіледі.
– Ауыз бекітуден кімдер босатылады?
– Шариғат бойынша балиғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсылманға Рамазан айында ораза ұстау – парыз. Сол себепті, Аллаға ниет етіп, тәуекел шеңберінде құлшылыққа қамданса, болады. Алайда, жолаушыларға, сырқаттанған немесе денсаулығы нашар адамдар ауруының асқынуынан қауіптенсе, сондай-ақ, жүкті немесе омырауда баласы бар әйелдерге ораза тұтуды кейінге қалдыруға шариғат рұқсат береді.
– Науқас жандарға ораза ұстаудың үкімін білсек…
– Ислам діні науқас жандарға ораза ұстауды міндеттемейді. Яғни, олар ораза парызынан босатылған. Бірақ ораза ұстауға шамасы келмеген жандарға фидия беру-уәжіп. Бұл міндет ауруының айығуы үміт етілмеген жандар мен ораза ұстауға шамасы жетпеген қарт кісілерге арналған. Созылмалы дертке шалдыққан кісілердің де ауыз бекітпеулеріне болады.
Егер, аз уақыт ауырып қалған болса (мысал үшін суық тию, тымаурату, т.б.) оразасын қаза етіп, кейін қазасын өтейді.
– Ел арасында «намазы жоқтарға ораза ұстауға болмайды» деген пікір бар…
– Өте жаңсақ пікір. Ораза – жеке-дара құлшылық. Намаз оқымаған адам да ұстай алады. Ораза – Ұлы Жаратқанға жақындаудың бір түрі. Мұны болмайды деп тыю дұрыс емес. Намаз оқымайтын кісі ораза арқылы дінге бір табан жақындап, келер жылдары намазға жығылуы әбден мүмкін. Ораза ұстаған кісіге «Оразаң қабыл болсын!» деп демеу беріп, мұсылманшылыққа даналықпен шақыру – саналы әрбір мұсылманның міндеті.
– Тамырға немесе денеге ине салу оразаны бұза ма?
– Егер ине егу арқылы адамның бойына жіберілетін дәрі-дәрмектің құрамында дәрумендер болып немесе ол дәрі-дәрмек азық орнына пайдаланып, адам ағзасына қуат беретін болса, болмайды. Мұндай дәрі-дәрмекті ауызды ашқаннан кейін пайдалану керек. Ал, енді ем үшін салынатын дәрі-дәрмектің құрамында дәрумен болмаса және ол адам ағзасына қуат бермесе, ол асқазанға табиғи жолмен түспегені үшін оразаны бұзбайды. Бірақ, мүмкін болса ауыз ашар уақытына дейін кешіктірген абзал.
– Биыл да мешітте тарауық намазы оқылмайтын шығар…
– Иә, елді әбігерге салған індет салдарынан жұма намазы да, тарауық намазы да оқылмайды. Қазір Қарағанды – «сары аймақта». Біздің жамағат тәртіпке бағынып, түсіністік танытады. Әр мұсылман бауырымызға тарауық намазын өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. «YouTube» желісінің «Ihsan. kz» арнасына ұстаз-имамдардың онлайн уағыз-насихаттары, дәрістері жүктеліп отырады. Ораза айында тек ішіп-жеуден ғана тыйылмай, барынша құран оқып, рухани баюға шақырамын.
– Оразаның қадір-қасиеті жайлы әңгімеңізге алғыс айтамын. Сұхбатты түйіндесек…
– Рамазан айы – сабыр сыналатын ай. «Расында, Алла сабыр етушілермен бірге». Қасиетті айда Құдайға қол жайып, елімізге амандық тілейік. «Аққа Құдай жақ» дегендей, осы сынақ кезеңінен ақ адал ниетімізбен аман-есен өтейік. Қасиетті айдан құр қалмаңыз, қадірлі мұсылман!
Сұхбаттасқан Қасымхан ҒАЛЫМ.
ortalyq.kz
Пікірлер