Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төраға орынбасары, наиб мүфти Бауыржан Әбдірашұлы Алматы Орталық мешітінде бір топ қажылармен жүздесіп, олардың қасиетті де ұлық қажылық сапарына сәттілік тіледі.
Жүздесуде наиб мүфти қажылық айының қасиеттерінен аз-кем сөз қозғап, осы айда атқарылатын ғибадаттарға жалпы шолу жасады. Соның ішінде, қажылық сапары туралы кең толғап, сауабы мол құлшылықты Алла разылығы үшін өтеу керектігін айтты. Содан қажыларға пайда келтіретін ақыл-кеңестерін ортаға салып, сапарда кезігетін қиындықтарға сабырлы болуға шақырды.
Наиб мүфти:
«Мұсылман өміріндегі маңызды құлшылық болып саналатын қажылыққа екінің бірі бара алмасы анық, өйткені бұны барлық адамның әлеуметтік жағдайы көтер бермейді. Сондықтан адам баласы мұндай құлшылықты тек Алланың берген дәулеті мен кеңшілігі арқасында ғана орындай алмақ. Құрметті қажылар, сіздер осындай қадамдар арқылы Алланың бергеніне шүкіршілік еткендеріңізді білдіресіздер. Алла ниеттеріңізді қабыл етсін! Сапарларыңыз оң болсын!», – деп өзінің қажыларға деген ыстық ықыласы мен ақжарма тілегін білдірді.
Пікірлер