Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының жарлығымен 2014 жылдан бастап қыркүйек айының екінші жексенбісі – «отбасы күні» мерекесі болып бекітілген еді. Осыған орай, ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде «Өнегелі отбасы – ұлт тірегі» тақырыбында жас отбасылармен кездесу өтті.
ҚМДБ төрағасы, Бас мұфти Серікбай қажы Ораздың бұйрығымен биылғы жыл – «Ислам және отбасы» жылы болып бекітіліп, республикамыздың түкпір-түкпіріндегі мешіттердің мұрындық болуымен отбасы құндылықтарын қайта жаңғырту мақсатында түрлі іс-шаралар өткізілуде.
Солардың бірі – «отбасы күні» мерекесінде жас отбасылармен өткен мерейлі кездесу. Кездесуде ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Өкіл имамы Болатбек қажы Ұласқанұлы, қалалық «Айтбай» мешітінің наиб имамы Н.Нұрсейітов және «Әйелдер-қыздар» секторы жанынан құрылған «Әжелер мектебінің» жетекшісі З.Әбуова «исламдағы отбасы құндылықтары», «жанұя жарасымы», «берекелі шаңырақ құрудың құпиясы» тақырыптарында пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) бен сахабалар өмірінен үлгі аларлық мысалдар келтіре отырып өнегелі өсиет айтып, бақытты отбасы болудың шарттарын түсіндірді.
Берекелі мерекеде Бас мешітке ақ некелерін қидырғалы келген қос жұпқа Өкіл имам ақ батасын беріп, шаңырақтары биік, керегелері кең, елге елеулі болашақ ұрпақтарды тәрбиелеуші өнегелі отбасы атануларын тіледді.
Шара соңында қонақтарға өкілдік тарапынан дайындалған кәдесыйлар таратылды.
Пікірлер