«Ислам. Сауалдар мен жауаптар» діни танымдық бағдарламасының кезекті шығарылымында қонақ болған ҚМДБ-ның Қарағанды өңірі бойынша өкіл имамы Бекқожа Өмірзақ қажы Қазкенұлы сұхбат барысын ҚМДБ –ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы хазіреттің «Дін мен дәстүр» атты кітабын таныстырумен бастады. Кітапта асыл дініміздің тарихи маңыздылығы мен халқымыздың төл мәдениетіне айналған дәстүрлері үйлесім тауып айшықты сабақталғандығын ашып айтқан өкіл имам дін және өмір, даму жолындағы байланыстар қазіргі уақытта дәстүрді діннен бөлектеп қарайтындарға дұрыс көзқарас, саналы түсінік қалыптастыратындығын жеткізді. Ислам өркениетін күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге тұтынған қазақ халқының көрегенділігін келтіре отырып сұхбатты одан әрі өрбітті.
-Бұл кітап дінбасымыздың бірінші кітабы емес, әлбетте жалғасы бар құнды дүние. Соңғы кездерде кейбір жастарымыз түрлі үгіт насихаттың пәрменімен басқаша сенімдерге, бір жақты түсініктерге еліктеп жүргендері бар. Бұл тұрғыдан келгенде бас мүфтидің кітабындағы дәстүр туралы тың дәйектері оларға ой салады деп ойлаймын. Елдің елдігін көрсетіп, рухын асқақтататын, даңқын асыратын негізінен-халықтың ұлы перзенттері. Өркениет жолымен дамудың кемел бағытын бетке ұстанған еліміздің қазіргі таңдағы экономикалық және рухани өсіп-өркендеуі баршамызға қуаныш сезімін ұялатады. Еліміздің рухани кемелденуінің мызғымас негіздерін бекітуге үлес қосуды әрбір саналы азамат өмірлік парызым деп білсе, ұлтымыздың мерейі мен беделі барынша еселене түсері хақ. Сондықтан ата-бабалар аманатына берік иманды жастардың туған халқына адал қызмет етуіндегі азаматтық ұстанымдарын бекіте түсу қашан да мемлекеттік маңызы зор іс болып қала бермек. Бұл кітапта отбасы тәлім-тәрбиесінен бастау ала отырып, қоғамдық өмірде атқарылатын азаматтық парыз міндеттерімен және сүннеттермен ұштасып жатыр. Иманды жан ең бірінші кезекте өзінің халқының дінін, ата дәстүрін, тілі мен тарихын қастерлей білуі тиіс. «Отанды сүю- иманнан» деген хадис азаттық пен тәуелсіздігіміздің қадір-қасиетін ұғынуға, Отанымыздың тұтастығы мен еркіндігі үшін қанын төккен ата-бабаларымыздың елдік қасиеттегі аманатына адал болуға шақырады, деді өкіл имам. Осындай өзекті ойларды ортаға салып, сұхбат барысында облыс көлемінде атқарылған ауқымды іс-шараларды атап өтті. Жыл басынан бері ЖОО-да, колледждер мен мектептердің жоғарғы сынып оқушыларымен 772 мәрте кездесулер өткізілген.
Абақтыда 115 кездесу өткізілген болса, 5-арна «Ислам. Сауалдар мен жауаптар» діни танымдық бағдарламасында 49 рет сұхбат жүргізілген. «Қазақстан-Қарағанды» облыстық телеарнасының ток-шоу хабарының 5-не имамдар қатысып, 4 мәрте баспасөз мәслихаты өтті. Жергілікті БАҚ беттеріне діни танымдық 13 мақала жарияланған. Мешіт жанындағы діни сауат ашу курстарында 306 шәкірт сауат ашқан. «Нұр» ислами университетінде 26, республика көлеміндегі медреселерде 35 шәкірт тәлім алуда. Бұдан өзге семинарлар мен конференциялар да сәтті атқарылған. Атқарылған іс аз емес, алдағы күндері жалғасатындығын жеткізген Өмірзақ имам сұхбат соңында елге тыныштық, дінімізге қуат тілеп бағдарламаны қорытындылады.
Қарағанды облыстық мешітінің баспасөз қызметі
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы