Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Он бәленің тоғызы тілден
26 тамыз, 2021 жыл 562 Басып шығару нұсқасы

Бисмилләһ, уәс соләәту уәс сәләәму ғаләә росулилләһ!

Таза мінсіз асыл тас,

Су түбінде жатады.

Таза мінсіз асыл сөз,

Ой түбінде жатады, - деп Асан қайғы бабамыз жырға қосқаны белгілі. Адам тіл арқылы иманға келіп, мұсылман болса, тіл арқылы діннен шығуы да оп-оңай. Тіл адамның ойын, сезімін басқаға жеткізуші құрал. Қуантатын да тіл, жылататын да тіл. Тілді еркіне жіберсе, арты орны толмас өкінішке апаратын да кездері болады.

«Айтылған сөз - атылған оқ» демекші айтқан сөзіңізді қайтарып ала алмайсыз. Отыз тістен шыққан сөз отыз елге әп-сәтте-ақ тарап кетеді. Сол себепті тілін құрықтай білген, оған иелік еткен адам бұл өмірдің ұятынан, ақыреттің азабынан құтылары хақ.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметтерінен тіліне сақ болған адамның жәннатқа кіруіне кепілдік беріп: «Кімде-кім маған тілі мен екі аяғының арасындағы нәрсені жамандықтан сақтауға кепілдік берсе, мен оған жәннатқа кіруіне кепілдік беремін» - деген. Муғаз ибн Жабал пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қандай істер жақсы? - деп сұрады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тілін шығарып, үстіне саусағын қойып, тілге сақ болу дегендей ишара етті. Кейін: «Кімде-кім жамандықтан сақтануды қаласа, тіліне сақ болуды ләзім тұтсын»- деді.

Дәуіттің (оған Алланың сәлемі болсын) баласы Сүлеймен де (оған Алланың сәлемі болсын) адамдарға: «Егер сөйлеу - күміс болатын болса, сөйлемей тыныш тұру - алтын» - деп түсіндірді. 

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадис-шарифте мүміндердің сөздері қандай болуы керектігін былайша түсіндіреді: «Мүміннің тілі жүрегінің түбінде болады. Егер бір нәрсені айтқысы келсе, оны жүрегімен тексеріп көреді, кейін тілімен айтады. Екіжүзді адамның тілі жүрегінің бергі жағында болады. Егер бір сөзді айтқысы келсе, айта салады, оны тексеріп көрмейді». Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімнің сөзі көбейсе, қателесуі көп болады. Кімде-кімнің қателесуі көбейсе, күнәсі көбейеді. Кімнің күнәсі көп болса, тозаққа лайық болады» - деген.

Алла бізді өзіне лайықты құлдарынан етсін! Әмин!

 

Сәтбаев қаласы

«Балмағанбет Балқыбайұлы» мешітінің

ұстазы Бауыржан Амангелдіұлы

ihsan.kz

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары