Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Әйелім тапқан ақшадан садақа беруіме бола ма?
18 ақпан, 2021 жыл 548 Басып шығару нұсқасы

7Oe_GCS3ZBgИгі істер  тек садақа берумен, материалдық көмек көрсетумен шектелмейді. Жомарттық көрсетудің басқа да жолдары бар.

Мұраға, бағалы сыйлықтарға ие болған немесе өз еңбегімен нисаб көлемінде қаражат тапқан әйел заты зекет пен пітір-садақа беріп, құрбан шалып, мүмкіндігі болса қажылыққа баруы тиіс.

Мұсылман әйел жақсы істерге келгенде ерікті. Өз қаражатын қалауына қарай жұмсай алады. Егер жұбайының жағдайы төмен болса, өз меншігіндегі мүлкін ерінің пайдасына, балалары мен туысқандарының қажеттіліктеріне жаратқаны абзал.

Ал жеке жиған-тергені жоқ әйел адамдар ерінің дүние-мүлкін сақтауға толықтай жауапты болады. Ерінің қаражатын жұмсау үшін жұбайы одан рұқсат сұрауға тиісті. Әйел адамның өз ерінің мүлкінен берген садақасының сауабы ерлі-зайыптылардың екеуіне де жазылады. Мұхаммед Пайғамбарымыз (ﷺ) : «Егер әйел адам ақылға қонымды шекте  ерінің қаражатынан садақа берсе немесе тамақ таратса сауапқа ие болады. Бұл жақсы ісі үшін осы қаражатты тапқан еріне де сауап жазылады. Біреудің сауабы басқаларды төмендетпейді» - деген.

Бірде Әбу Бәкірдің қызы Асма Алла елшісіне келіп: «О, Алланың елшісі! Менің материалдық қаражатым жоқ. Бірақ үйде менің жұбайым Зубайр тапқан ақша бар. Менің сол ақшадан садақа беруіме бола ма?» - деп сұрайды. Алла елшісі (ﷺ) : «Өз шамаңа қарай өз мүлкіңнен немесе еріңнің рұқсатымен оның мүлкінен садақа бер! Алла саған деген мейірімінде сараңдық қылмас үшін, сенде сараңдық қылма»-деген екен.

Сондай-ақ Алла елшісі (ﷺ) : «О, мұсылман әйелдері! Көршілеріңізге жасауға болатын кішігірім көмекті де ешқайсыларың аз деп санамаңдар.  Үстелдеріңде қойдың бір жілігі ғана болса да бір-біріңе дәм татқызыңдар»-деген.

Бірде Айша анамыз Алла елшісінен (ﷺ) көршілердің ең алдымен қайсына садақа беру керектігін сұрайды. Алла елшісі (ﷺ) : «Кімнің есігі саған жақын болса содан баста»-деп жауап берген.

Пайғамбарымыз (ﷺ) : «Садақа — адамды осы дүниеде түрлі бәлелерден және мәңгілік өмірде тозақ отынан қорғайтын қалқан»-десе, арнайы әйел затына қарата оларды тозақтан құтқару үшін: «О, мұсылман әйелдері! Әшекейлеріңді жұмсауға тура келсе де көбірек садақа беріңдер! Және үнемі Алладан өз күнәларың үшін кешірім сұраңдар»-деген.

Бірде Пайғамбарымызға қызын ерткен бір әйел келеді. Қызының қолында алтын білезігі бар екен. Сонда Алла елшісі (ﷺ) : «Әшекейлеріңнен зекет төледіңдер ме?»- деп сұрайды. Әлгі әйел зекет бермегенін айтқанда Алла елшісі (ﷺ) :  «Ал Қиямет күні Алла Тағала  сенің қолдарыңа отты білезік тақса ұнай ма?»-деп сұрайды. Әлгі әйел сол сәтте қызының қолындағы білезікті шешіп алып: «Бұл Алла Тағала мен Оның елшісінің жолындағы садақам»-деген екен.

 

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары