Тілдік нұсқа
Радио

мақала

Өз қабірінде суға батқан адам
14 қаңтар, 2019 жыл 774 Басып шығару нұсқасы

Қабір – ақырет әлемінің ең алғашқы аялдамасы. Бұл әлемнің ақиқаты тек Алла Тағалаға ғана аян. пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, қабір – рақаты бар және азабы бар әлем.

Ибн Омар (р.а.) келтірген хадисте: «Расында, сендердің бірің қайтыс болса, оған күндіз және кешке орны көрсетіледі. Егер жәннаттық болса, жәннат иелері қатарынан, ал тозақтық болса, тозақ иелері қатарынан. Сөйтіп оған: «Бұл – Алла сені қиямет күні қайта тірілткенге дейінгі орның»,– деп айтылады (Муслим 4/2199; Бұхари 3/1184).

Сондықтан да, шынайы мүмин қабір басына барғанда жүрегі жібіп, жанарына жас келіп, қайтар жерім қара топырақ дейді. Расында, барлық тіршілік ажал құшып, өлері хақ. Әрбір мұсылман пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үйреткен секілді зират басына барғанда марқұмдарға сәлем беріп: «Мүмин және мұсылман мекенінің тұрғындары, сендерге Алланың сәлемі болсын. Алла қаласа сендердің соңдарыңнан барамыз. Алладан өзімізге және сендерге амандық сұраймын»,– деп, олардың жаны жай табуын тілеп, дұға жасауы сауап (Мүслим).

Марқұмға дұға жасаумен іс шектелмейді. Кісі қайтыс болғанымен, оның тірілермен байланысы үзілмейді. Мұсылман қайтыс болып, жамбасы жерге тигенде өзінің амалы тоқтайды. Ал, перзентінің дұғасы, пайдалы ілім және тоқтаусыз садақасы арқылы сауап артынан барып тұратыны шүбәсіз. Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен, кең тараған хадисте: «Адам қайтыс болса, амалы тоқтайды. Тек үш жолмен (сауап) үздіксіз барып тұрады: тоқтаусыз садақа (ел игілігі үшін салған көпірі, мешіті, медресесі, мектебі, ауруханасы т.б.), пайдалы ілімі, артынан қалған ізгі ұрпағының дұғасы»,– делінген (Мүслим 3/1255, Термизи 3/660, Әбу Дауд 3/117, Ахмад).

Сахабалар да өз кезегінде марқұмдарға сауабы тиетін қажылық, ораза, нәзір ғибадат, дұға, истиғфар және садақа сияқты амалдар хақында пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) сұраған.

Әбу Сағид (р.а.): «Адам қиямет күні таудай сауапты көріп: «Бұл сауаптар қайдан келді?,-деп таңырқайды. Сонда: Сенің балаңның саған кешірім тілеуінен»,-деп айтылады» (Табарани), деген риуаят жеткізсе, Әбу Һурайрадан (р.а.): «Алла Тағала (қияметте) пенденің дәрежесін көтереді. Мұны көрген адам: «Уа, Раббым! Маған бұл дәреже қалайша берілді?»–деп сұрайды. Алла Тағала: «Перзентіңнің саған жасаған дұғасынан»,– деп жауап береді (Сунан Байһақи 7/78).

Ендеше, марқұмға медет болып, сауабы сөзсіз тиетін амалдарды жайлы ғылыми тұрғыдан талдап, әрқайсысына арнайы тоқталып көрейік.

Әуелгі амал – садақа

Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Уа, Алла елшісі! Менің анам кенеттен қайтыс болды. Ол өсиет айта алмай кетті. Меніңше, анам өсиет етер болса, садақа беруді тапсырар еді. Анамның атынан садақа етсем сауабы тие ме?»– деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Иә»,– деп жауап берді (Муслим 2/696, Термизи 3/56, Ахмад 1/370).

Ал, Сағд ибн Ғубадат (р.а.) жеткізген хадисте: «Мен Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп, анам ақыреттік болды. Шешем ешбір өсиет айтпады. Садақа да бермеді. Мен анамның атынан садақа берсем, қабыл бола ма?» – деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә»,– деп жауап қатты. Мен: «Анама бұл пайда бере ме?»– деп сұрадым. Нәби (с.ғ.с.): «Иә, тіпті (ол садақа) қойдың үйітілген бір сирағы болса-дағы»,– деп жауап берді (Муғжам Кабир).

Бұл хадистер садақаның марқұмға сауап болып тиетіндігі жайлы. Түрлі жолмен, дұрыс тізбекпен және айқын мәтінмен түсіндірілген. Хадисте пайғамбарымыздан (с.ғ.с.) марқұмның бала-шағасы, перзенттері келіп сұрап тұр. Демек, перзент өзінің бақилық болған ата-анасына сауабын бағыштап садақа беру шариғат бойынша дұрыс.

Екінші амал – ұмра мен қажылық

Қажылық – Исламның ең үлкен негізінің бірі. Қажылық – намаз, зекет, садақа, Алланы ұлықтау, пәктеу, Жалғыз Ие Аллаға сәжде ету, мейірбандылық, бауырластық және басқа ғибадаттарды орындау үшін бір-бірімен жарысатын маусым.

Абдулла ибн Зубайр (р.а.) арқылы келген хадисте Хасғам руынан бір кісі Пайғамбардан (с.ғ.с.): «Әкем жасы үлкен ақсақал. Көлікке отыруға да шамасы келмейді. Бірақ, Алланың парызы – қажылық мойнына міндет болып тұр. Менің әкемнің атынан қажылықты орындауыма бола ма?»– деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сен, әкеңнің үлкен баласысың ба?»– деді. Ол: «Иә»,– деп жауап берді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Егер әкеңнің қарызы болса, оны сен өтер ма едің?»– деп қайта сауал қойды. Кісі: «Иә»,– деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әкеңнің атынан қажылық ет»,– деп жауап берді (әл-Мужтаба минас сунан 5/117).

Міне, марқұмның атынан қажылық жасау жайында айтылған аталмыш хадистердің түйіні:

1.Әйелдің ер кісі орнына немесе керісінше, ер кісінің әйел баласы атынан қажылық етуінің дұрыстығы;

2.Қажылыққа кедергі сырқаты, әлсіздігі және басқа себепті орындай алмайтын әкесі, не болмаса анасы атынан перзенттің орындауы;

3.Науқас, қария немесе марқұм атынан ұмра қажылығын орындау;

4.Алланың хақысы басқалардың ақыларынан әуел алдын орындалуы керектігі;

5.Әке-шешеге жақсылық етуде бірінші үлкен перзентінің тұруы;

6.Үзірлі себеп болса бәдел қажылықтың тіріге де, марқұмға да сауабының тиетіндігі.

Үшінші амал – ораза тұту

Оразаның сауабы садақа амалы секілді марқұмға пайда беретіндігі жайлы көптеп хадистер келтірілген. Ибн Аббас (р.а.) риуаят еткен хадисте: Бір адам пайғамбарымызға (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алла елшісі! Менің анам қайтыс болды. Мойнында бір ай ораза қарызы бар. Ол кісінің атынан қазасын өтеуіме бола ма?»– деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, Алланың қарызы (басқа қарыздардан бұрын) өтелуі тиіс»,– деді. Осы хадистің соңы имам Мусим риуаятында: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ол кісіден: «Анаңның (кісілерден алған) қарызы болса, ананың атынан өтер ме едің?»– деп сұрады. Ол: «Иә»,– деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Алланың қарызы (басқа қарыздардан бұрын) өтелуі тиіс»,– деп жауап берді (Бұхари 2/690, Муслим 2/804).

Төртінші амал – нәзірдің қазасы

Нәзір – бір шаруасы ойдағыдай жүзеге асса, ғибадаттың бір түрін орындауға уәде ету. Мәселен, науқас бауыры жазылып кетсе садақа жасауды, баласы сапардан аман-есен келсе құрбан шалуды, оқуға түссе бір жұма ораза тұтуды және т.б. осы сияқты амалдарды орындауға уәде ету. Міне, марқұм нәзірін орындай алмай қайтыс болса, оның атынан туыстары атқарса марқұмға сауабы тиеді.

Ибн Аббас (р.а.) айтқан хадисте: Сағд ибн Убада (р.а.) пайғамбардан (с.ғ.с.) анасы нәзірін орындамай қайтыс болғанын айтып жөн сұрайды. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) анасының атынан нәзірді орындау керектігін айтып жауап берген.

Абдулла ибн Аббас (р.а.) Синан бин Абдулла әл-Жаһни әпкесінен риуаят етеді: «Ол әйел пайғамбарымызға (с.ғ.с.) барып: «Алла расулы! Анам дүниеден өтті. Ол кісі Кағбаны жаяу зиярат етуді нәзір еткен еді?»– деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Анаңның орнына жаяу баруға шамаң келе ме?» – деп сұрады. Ол: «Иә»,– деді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Онда орнына орындап бер»,– деді. Ол әйел: «Орындасам анамның қарызы мойнынан түседі ме?»– деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Әрине, анаңның (кісілерден алған) қарызы болса, сен оның орнына қарызды өтесең, сенен қабыл алынады ма?»– деп өзінен сұрады. Әйел: «Иә»,– деді. Ол кісі (с.ғ.с.): «Алланың ақысы одан (пенде ақысынан) да жоғары»,– деп жауап берді (Ахад уал Мәсәни 6/82).

Жоғарыда айтылған хадистерден аңғаратынымыз, кісі қайтыс болғанымен бала-шағасымен, туысқандарымен және де, шәкірттерімен байланысы үзілмейді. Марқұм туысына ізгі амал етіп сауабын бағыштаймын деген әрбір адам үшін, әсіресе, перзент, жақын туыс және де тәлім алған шәкірттерге әрдайым есік ашық.

Бесінші амал – Құран оқу

Миғқал ибн Ясар (р.а.) пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Араларыңнан марқұм болғандарға «Ясинді» оқыңдар»,– деген сөзін риуаят етеді (Мустадрак, Хаким). Алдыңғы буын ғалымдарына жататын имам Ахмед заманында Құран оқып, сауабын марқұмдарға бағыштау қалыптасқан белгілі үрдіс еді.

Миғқал ибн Ясардан (р.а.) жеткен хадисте: «Бақара» сүресі – Құранның шыңы, оның әрбір аятын сексен періште алып түскен. Ал, «Аятул курси» аршының астынан алынып «Бақара» сүресіне қосылған. «Иасин» сүресі – Құранның жүрегі. Кісі бұл сүрені Алланы және ақыретті қалап оқыса, оның күнәсі кешіріледі, (Ясинді) араларыңнан қайтқан марқұмға оқыңдар»,– делінген (Муснад Ахмад 5/26, 27).

Имам Ахмедтен келтірілген тағы бір риуаятта: «Егер зиратқа кірсеңдер, «Аятул Курсиді» үш рет және «Қул һуа Аллаһу аһадты» оқыңдар, сосын: «Уа, Алла! Бұл сүренің сауабы зират марқұмдарына»,– деп айтыңдар»,– делінген (Исғаф 24, әл-Муғни 3/518).

Құран тилауат етіп, сауабын марқұмға бағыштау жайында фиқһ ғалымдары жеткілікті дәрежеде талқылаған. Көпшілік ғалымдар бұл амалдың шариғатқа сай екендігіне тоқтаған. Ханбали фақихы шейх Абдулла бин Мухаммед бин Хамид өзінің «Ғоят әл-мақсуд» кітабында бұл тақырыпқа арнайы тарау да арнаған. Онда төрт мәзһаб ғалымдарының тұжырымы кеңінен келтірілген.

Ханафи мәзһабы ғалымдары

Осман бин Әли әз-Зайлағи әл-Ханафи (р.а.) «Канз әд-Дақаиқ» кітабына жазған талдау еңбегінің қажылық тарауында: «Бұл мәселеде адамның өз амалының сауабын басқаға бағыштауы әһли-сунна уал-жамағада бар. Ол амал: намаз, ораза, қажылық, садақа, Құран тилауат ету немесе дұға болсын, басқа да ізгі амал түрлерінің бәрінің де сауабы марқұмға тиеді және пайда береді»,-деп жазған (Шарх канз әд-дақоиқ 2/83).

Малики мәзһабы ғалымдары

Имам қази Әбу Фадл Ғияд өзінің сахих Муслимге жазған түсіндірмесінде қабір басына отырғызылған екі түп ағаш туралы хадисте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл екі тал ағаш сулы болып тұрғанда марқұмға жеңілдік берер»,–деген. Осы хадиске сүйеніп, ғалымдар марқұмға Құран оқуды мустахаб деп пәтуа айтқан. Өйткені, жансыз екі талдың тәсбих айтуымен марқұмға жеңіл болса, Құран оқу мұнан да абзал»,– деген (Шарх әл-Аби ғала сахих Муслим 2/12).

Шафиғи мәзһабы ғалымдары:

Зиратқа келуші кісіге марқұмдарға сәлем беріп, бейіттегі марқұмға және зираттағы өзге де мұсылман марқұмдарға дұға етуі – мұстахаб. Ал ең абзал сәлем мен дұға жоғарыда хадисте айтылған. Сондай-ақ, Құраннан жеңіл бір аят-сүре оқып, дұға ету де – мұстахаб» (Мажмуғ шарх әл-мухаззаб 5/311).

Ханбали мәзһабы ғалымдары:

Имам Ибн Қудама өз еңбегінде бұл тақырыпқа арнайы тоқталып: «Қандай болса да сауап амал жасап, дұғасын мұсылман марқұмға бағыштаса, Алла қаласа мұның пайдасы тиеді. Ал, дұға оқу, истиғфар, садақа және уәжіп амалдар төңірегінде ешбір тартыс жоқ (шүбәсіз пайдасы тиеді).

Бір риуаятта: «Қайтыс болған адам өз қабірінде суға батып бара жатқан адамдай. Ол өзіне бала-шағасынан, бауырынан, досы арқылы артынан келетін бір дұғаны күтеді. Егер артынан дұға келсе, оған дүние мен дүниедегі барлық нәрседен де қымбат»,– делінген.

Жоғарыда келтірілген хадистер адам тірі кезінде жайбарақат ешбір пенделік парызын орындамай жүре беруіне болады дегенді білдірмейді. Әрине, мұсылман өз іс-әрекетімен сауап жинауы тиіс. Алайда, сауап ешуақытта көптік етпейді.

Әнас ибн Малик (р.а.) айтқандай: «Жер күнде адамзатқа он өнегелі сөз арнайды: «Ей, адам баласы! Менің үстімде жүресің, барар жерің қойнауым. Үстімде жүріп күнә жасайсың, ішіме кіргенде азабын тартасың. Үстімде жүріп қарқ-қарқ күлесің, қойныма енгенде жылайсың. Үстімде жүріп орынсыз шаттанасың, ішіме кіргенде соған өкінесің. Үстімде жүріп мал-дүние жинаумен әлек боласың, ішіме түскенде күйінесің. Үстімде жүріп тыйым салынған харамды жейсің, қойнауыма кіргенде сені құрт жейді. Үстімде жүріп тәкаппарланасың, қойнауыма кірсең қор боласың. Үстімде қуанып жүресің, ішіме түскенде қайғыға батасың. Үстімде жарық сәуледе жүресің, ал менің қойнауым қара түнек. Үстімде бала-шаға, дос-жаран, ағайын-туыс арасында жүресің, ал қойнауымда жападан-жалғыз қаласың» (Мунаббихат).

Руслан ҚАМБАРОВ,

исламтанушы

Пікірлер

Поле не должно быть пустым!
Комментарий отправлен на модерацию.
    бас мүфти блогы бас мүфти блогы

    Күнтізбе

    Жоғары