Center Image
IHSAN.KZ
Дін және мәдениет
Дін және мәдениет

Қазақ халқының рухани болмысы ғасырлар бойы ислам дінінің құндылықтарымен біте қайнасып келеді. Біздің әдет-ғұрыптарымыз, салт-дәстүріміз, отбасылық тәрбиеміз бен қоғамдық қарым-қатынасымыздың барлығы шариғат қағидаттарымен үйлесім тапқан.

 

Дін – Алладан келген қасиетті заңдылық, рухани тәрбие көзі болса, мәдениет – сол тәрбиенің күнделікті өмірде жүзеге асуы. Егер дін адамды имандылыққа, сабырлылыққа, әділдік пен ізгілікке үндесе, мәдениет осы құндылықтарды қоғамда бейнелеп, өрнектеп тұрады. Сондықтан да дін мен мәдениет – бір-бірінен ажырамас егіз ұғымдар.

 

Қазақ халқы ежелден дінді мәдениетімен сабақтастыра білген. Ұрпақ тәрбиесінде ата-ана үлкенге құрмет көрсетуді, кішіге ізет жасауды, қонақты төрге шығаруды, жетім-жесірді қорғамайынша ел бола алмайтынын санаға сіңіріп отырған. Бұлар – Құран мен сүннеттің тікелей әмірлері. Демек, ата дәстүріміздің түп-төркіні Исламмен ұштасып жатыр.

 

Бүгінгі жаһандану заманында мәдениетімізді жат пиғылды ықпалдардан қорғау – аса маңызды. Өйткені бөтен идеологиялар мен тұрмыс салттары жастардың санасын улап, ұлттық болмысынан алшақтатуы мүмкін. Осы тұста дін мен мәдениеттің бірлігі халықты рухани тұрақтылыққа, ынтымақ пен берекеге бастайды.

 

Имандылық – мәдениеттің негізі. Ал мәдениетті адам әрқашан әдепті, көркем мінезді, арлы да намысты болып келеді. Әрбір мұсылман өз ұлтының мәдениетін шариғат шеңберінде сақтап, дәріптесе, ол қоғамның дамуына, халықтың бірлігіне қызмет етеді.

 

Сондықтан бізге керегі – дін мен дәстүрді қатар ұстану. Бұл – халқымыздың болашағы үшін ең берік жол. Алла Тағала әрбір қадамымызды игілікке бұрып, жүрегімізді иманмен, өмірімізді мәдениет пен ізгілікпен нұрландырсын!


ҚАРАҒАНДЫ ҚАЛАЛЫҚ «ТӨЛЕУТАЙ АТА» МЕШІТІНІҢ ИМАМЫ АЙТҚАЗИН РАУАН ТӨЛЕУБЕКҰЛЫ


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz