Center Image
IHSAN.KZ
«Нұр» мешітінде «Рамазан айына дайындық» жиыны өтті
«Нұр» мешітінде «Рамазан айына дайындық» жиыны өтті
Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінің имамы Әбілхайыр Кәсенұлының ұйымдастыруымен «Рамазан айына дайындық» тақырыбында мазмұнды жиын өтті. Басқосуға мешіт қызметкерлері мен ақсақалдар алқасының мүшелері қатысып, қасиетті айға рухани, ұйымдастырушылық және тәртіптік тұрғыда дайындық мәселелері кеңінен талқыланды.

Жиын барысында Рамазан айының мұсылман қауымы үшін маңызы, оның тәрбиелік және рухани құндылықтары туралы тағылымды баяндамалар жасалды. Сонымен қатар, мешіттің күнделікті жұмыс тәртібі, тарауық намаздарының ұйымдастырылуы, ауызашар беру мәселелері, қайырымдылық шараларын жүйелі түрде өткізу, пітір садақа мен зекетке қатысты түсіндіру жұмыстарының жүргізілуі секілді нақты жоспарлар айқындалды.

Имам Әбілхайыр Кәсенұлы өз сөзінде Рамазан айының тек ғибадатпен шектелмей, қоғамдағы бірлік, бауырмалдық, сабыр мен ізгілік құндылықтарын нығайтатын ерекше рухани мектеп екеніне тоқталып өтті. Сондай-ақ, мешіт ұжымы мен ақсақалдар алқасының өзара ынтымақтастығы жамағатқа сапалы діни қызмет көрсетудің маңызды негізі екені атап өтілді.

Жиын соңында алдағы қасиетті айда атқарылатын іс-шаралар жоспары бекітіліп, ортақ мақсат – жамағаттың рухани деңгейін арттыру, діни сауаттылықты күшейту және қоғамға пайдалы игі бастамаларды жүзеге асыру бағытында бірлесіп жұмыс істеу туралы ортақ келісімге келінді.

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz