Center Image
IHSAN.KZ
Шахтинск қаласында «Ақ бата – береке бастауы» атты сайыс өтті.
Шахтинск қаласында «Ақ бата – береке бастауы» атты сайыс өтті.
Қарағанды облысы, Шахтинск қаласында «Ақ бата – береке бастауы» атты тағылымды сайыс ұйымдастырылды. Іс-шараны Шахтинск қаласы мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің  «Бастау» оқу әдістемелік орталығы"КММ  өткізді. Ұлттық салт-дәстүрді дәріптеуді мақсат еткен байқауға қала тұрғындары мен ақсақалдар белсенді қатысты.

Аталған сайысқа Шахтинск қалалық «Нұр» мешітінен 7 азамат қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Іс-шараның басында мешіт имамы Әбілхайыр Кәсенұлы сөз сөйлеп, қазақ халқының рухани мәдениетінде батаның алатын орны ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ, ақсақалдардың қоғамдағы тәрбиелік рөлі, жастарға бағыт-бағдар берудегі маңызы жайлы тағылымды ойларымен бөлісті.

Байқау үш кезең бойынша өтті. Алғашқы кезеңде қатысушылар бата беруден бақ сынады. Екінші кезеңде мақал-мәтелдерді жалғастырып, халық даналығын көрсетті. Ал үшінші кезеңде суретке қарап, қазақтың салт-дәстүрлерін табу тапсырмасы берілді.

Сайыс қорытындысы бойынша жүлделі орындардан «Нұр» мешітінің ақсақалдары көрінді. Үшінші орынды Алибеков Зейнулла қажы иеленсе, екінші орын Шари Бекболат қажыға бұйырды. Ал бірінші орынды Жетпісбайұлы Дәуіт қажы жеңіп алды. Сонымен қатар Нуркеев Самиғун қажы мен Бекмағамбетов Жакен қажы байқауға қатысып, арнайы алғыс хаттармен марапатталды.

Іс-шара соңында барлық қатысушыларға марапат қағаздары мен естелік сыйлықтар табысталып, ұлттық құндылықтарды насихаттауға қосқан үлестері үшін ризашылық білдірілді.

Бұл тағылымды шара қазақ халқының баталы сөзінің қадірін арттырып, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету секілді ұлттық тәрбиені дәріптеуге бағытталған маңызды іс-шара болды.

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz