Center Image
IHSAN.KZ
Туыстық қарым-қатынас – рухани құндылық
Туыстық қарым-қатынас – рухани құндылық
Қарағанды қалалық «Әл Ғаффар» мешітінің әйел-қыздар жамағатына ұстаз Бақыт Амантайқызы «Туыстық байланыс – иманның көрінісі» тақырыбында уағыз-насихат жүргізді.

Насихат барысында ислам дінінде және қазақ халқының салт-дәстүрінде туыстық қарым-қатынасты үзбеудің («Сыла-и рахим») маңыздылығы кеңінен түсіндірілді. Жақын жандармен байланысты сақтау – мұсылманның көркем мінезі мен иманының белгісі екендігі айтылып, туыстық қатынастың үзілуі берекенің кетуіне себеп болатыны баяндалды.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.):  
«Кімде-кім ризық-несібесінің көбеюін және өмірінің ұзақ болуын қаласа, туыстарымен қарым-қатынасын түзесін», – деп өсиет еткен.

Сонымен қатар, уағыз барысында көркем мінез, кешірімділік және сабырлық жайында да тағылымды насихаттар айтылды. Туысқандар арасындағы түсініспеушілік – адамға берілетін үлкен сынақтардың бірі екендігі айтылып, нағыз туыстық қатынас тек жақсылыққа жақсылық жасаумен шектелмей, араздасқан туысқа бірінші болып қадам жасау екені түсіндірілді.

Жақынның мінін жасырып, қатесін кешіре білу – рухани кемелденудің белгісі екені насихатталып, қиындықта жанынан табылып, қуанышта бірге болудың қасиетті борыш екендігі айтылды.

«Ағайын – алтын діңгек» демекші, туыстық қарым-қатынасты нығайту – отбасының ғана емес, бүкіл қоғамның саулығының кепілі. Туысқа деген мейірім мен жанашырлық – Алланың мейіріміне жетелейтін ізгі амалдардың бірі екендігі кеңінен насихатталды.

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz