Биыл елімізде қылмыс деңгейі 9 пайызға төмендеді деп БАҚ өкілдері жар салғанымен, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қылмыстың алдын алу мәселесі қашан да болса өзекті.Қоғамның тұрақтылығын, азаматтардың қауіпсіздігін сақтау мемлекет пен әр азаматтың қоғам алдындағы маңызды міндеттерінің бірі болып табылады. Сәйкесінше қылмыс жасаған азаматтарға қатысты жаза қолдану құқықтық тәртіпті сақтаудың негізгі құралдарының бірі болғанымен, жазалаудың түпкі мақсаты тек кінәліні оқшаулау емес, оны түзету және қоғамға қайта бейімдеу болып табылады. Жазасын өтеуші азаматтар да қоғамның ажырамас бір бөлігі. Сондықтан түзеу мекемелеріндегі тәрбиелік, психологиялық және діни ағартушылықжұмыстардың маңызы ерекше. Бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдар өмірінің күрделі кезеңін бастан өткереді. Олар жасаған қателіктеріне өкініп, өмірдің мәнін қайта іздеуге ұмтылады. Осындай жағдайда діни ағартушылық жұмыс олардың рухани тұрғыдан жаңғыруына, дұрыс құндылықтарды қалыптастыруына және қоғамға қайта бейімделуіне үлкен ықпал етеді.Әсіресе мемлекетіміздің қолға алған «Жусан»операциясымен елімізге қайтарылған азаматтардың біршамасы әлі күнге дейін түзеу мекемелерінде жазасын өтеп отырғанын ескерсек, діни ағартушылық жұмыстың маңыздылығы айқын көрінеді.
Дін - адам өмірінің рухани негізін қалыптастырып, оның мінез-құлқына, дүниетанымына және өмірлік ұстанымдарына оң ықпал етеді. Өмірінде қателік жіберіп, заң алдында жауапкершілікке тартылған азаматтар үшін рухани тәрбие олардың жаңа өмір бастауына әсер ететін маңызды фактор. Әсіресе дін мәселелерінде аяғын шалыс басып, өкініштен өзегі өртеніп, қателігі үшін түзеу мекемелерінде жазасын өтеп отырған кейбір азамат, осының барлығы ең әуелі діни білімсіздіктен болғандығын қайталап айтуда. Ал азаматтарға діннің шынайы қағидаларын түсіндіру, олардың діни білімін жетілдіру, адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, заңға, рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрмет көрсету, отанға сүйіспеншілік, патриоттық сезімін қалыптастыру діни ағартушылық жұмыстың негізгі мәні мен мақсаты. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар қоғам үшін қашанда өзекті әрі қажетті болып саналады.
Жазасын өтеушілер арасында жалғыздық, үмітсіздік, күйзеліс және болашаққа деген сенімсіздік жиі кездеседі. Кейбір жағдайларда бұл суицидтік ойлардың пайда болуына әкелуі мүмкін. Діни ағартушылық жұмыстар адамға өмірдің қасиетті екенін, әрбір қиындықтың артында жеңілдік бар екенін және Алланың рақымынан үміт үзбеу қажеттігін түсіндіреді. Сенім мен үміт адамның психологиялық тұрақтылығын нығайтып, өмірге деген құлшынысын арттырады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Уа, өз-өздеріне жамандық жасауда шектен шыққан құлдарым! Алланың рақымынан күдер үзбеңдер. Расында, Алла барлық күнәларды кешіреді» деп баяндайды. Көптеген сотталған азаматтар жасаған қателіктері үшін өздерін кінәлап, өткен өмірінің ауыртпалығын көтеріп жүреді. Дін адамға қателесудің адам баласына тән қасиет екенін, алайда әрбір қателіктен кейін түзелу мүмкіндігі бар екенін үйретеді. Бұл адамның өзін жек көруден арылып, өткеннен сабақ алып, жаңа өмір бастауына мүмкіндік береді.
Асыл дініміз исламда «тәубә» түсінігі бар. Яғни ислам діні адамның қателесуін, оның табиғатына тән құбылыс ретінде қарастырады. Алайда адамның қадірі оның қателеспеуінде емес, жасаған қатесін түсініп, түзеле білуінде. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Шүбәсіз, Алла (пендешілікпен істелген күнәнің артынша) қатты өкініп тәубе ететін тәубешіл құлдарын және үнемі (күнә атты рухани кірден) тазаланушыларды жақсы көреді» десе, ардақты Пайғамбарымыз ﷺ (Оған Алланың игілігі мен салауат болсын) хадис шәріптерінің бірінде: «Барлық адам қателеседі, бірақ қателесушілердің арасындағы ең жақсысы өз қателігін мойындап тәубеге келгені» дейді. Болашағына үмітпен қараған, түзелу ниеті бар адам үшін бұл мәтіндеререкше маңызға ие. Өйткені олар өздерінің өткен өміріне сын көзбен қарап, болашақта жаңа өмір бастауға рухани күш алады. Шынайы тәубе адамның ішкі дүниесін өзгертеді, мінез-құлқын түзетеді және оның өмірге деген көзқарасын жаңартады.
Түзеу мекемелеріндегі басты мәселелердің бірі – тәрбие. Адамның өз қателігін түсінуіне, өмірге жаңа көзқараспен қарауына және қайта қылмысқа бармауына ықпал ететін кең ауқымды тәрбиелікжүйе қажет. Өзгерістің ең басты тірегі – иман. Адам Алланың бар екеніне, ақырет күніне және әрбір ісінің есепке алынатынына шынайы сенген кезде, оның ішкі бақылау сезімі күшейеді. Мұндай сенім оны жамандықтан тежеп, жақсылыққа бағыттайды. Ислам шариғатындағы сондай әдіс-тәсілдің бірі “мурақаба”, яғни өзін-өзі бақылау мәдениеті. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Ол (Алла) қай жерде болсаңдар да сендермен бірге»десе, екінші аятта «Расында Рабың бақылаушы»деп баяндайды. Адам әр ісінде “мен бұл әрекетім үшін жауап беремін бе?” деген сұрақты өзіне қойып отырса, ол жауапкершілік пен тәртіпке үйренеді, қателігін түсінеді, жаман әдеттерден арылуға тырысады, агрессиясы азаяды, өмірге деген көзқарасы өзгереді және ең бастысы қылмысты қайта жасау мүмкіндігі төмендейді. Қайта қылмыс жасау мәселесі көптеген елдер үшін маңызды проблемалардың бірі. Діни құндылықтарды дұрыс түсінген адам өз іс-әрекетінің жауапкершілігін сезінеді, адал еңбек етуге және заңды құрметтеуге ұмтылады. Рухани тәрбиенің нәтижесінде адамның ар-ожданы күшейіп, қылмыстық әрекеттерден алшақтайды. Сондықтан діни ағартушылық жұмыс рецидивтікқылмыстың төмендеуіне оң әсер етеді.
Жазасын өтеушілердің басым бөлігі кездестіретін қиындықтардың бірі қоғамға қайта бейімделуі. Себебі қылмыс жасаған адам жазасын өтеп шыққаннан кейін тек құқықтық емес, психологиялық, әлеуметтік және рухани қиындықтарға тап болады. Ол өзін қоғамнан шеттетілгендей сезініп, болашағына сенімсіздікпен қарап, айналасындағы адамдардың теріс көзқарасынан күйзеліске түсуі мүмкін. Осындай жағдайда дін адамға жаңа өмір бастауға күш беретін рухани тірекке айналады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Расында қандай да бір қауым өз ішінде өзгермейінше, Алла ол қауымды өзгертпейді» дейді. Дін адамды кешірім мен татулыққа үндейді. Көптеген жазасын өтеушілердің отбасы мүшелерімен немесе жақындарымен қарым-қатынасы бұзылған болуы мүмкін. Исламдағы кешірімділік, туыстық байланысты сақтау, ата-анаға құрмет көрсету сияқты құндылықтар адамның отбасы және қоғаммен қайта байланыс орнатуына көмектеседі. Бұл оның жалғыз қалмауына және әлеуметтік қолдау табуына мүмкіндік береді. Сондай-ақ дін адал еңбекке тәрбиелейді. Исламда адал ризық табу құлшылықтың бір түрі ретінде қарастырылады. Пайғамбарымыз ﷺ (Оған Алланың игілігі мен салауат болсын): «Адамдардың ең жақсысы – адамдарға ең пайдалысы» дейді. Осы түсінік адамның өмірін заңды жолмен құруға, еңбек етуге және қоғамға пайдалы болуға ынталандырады. Нәтижесінде адамның мінез-құлқы өзгеріп, өзгелермен дұрыс қарым-қатынас орнатып, қоғамда өз орнын табуына оң әсерін тигізеді.
Діни ағартушылық жұмыс ең бастысы сотталған азаматтардың діни сауаттылығын арттыруға, дәстүрлі рухани құндылықтарды насихаттауға, радикалды идеологиялардың алдын алуға жәрдемдеседі. Теріс діни ағымдар көбінесе діни сауаты төмен адамдарды өз ықпалына тартуға тырысады. Ал Алла Тағала қасиетті Құранда: «Дінде (хақ дінді үгіттеуде және қабылдауда) зорлық жоқ» дейді. Сондықтан түзеу мекемелерінде дәстүрлі діни құндылықтарды түсіндіру, радикалды идеологиялардың зиянын көрсету және дұрыс діни білім беру өте маңызды. Бұл жұмыс экстремизм мен терроризм идеяларының таралуына тосқауыл қойып, қоғам қауіпсіздігін нығайтады.
Қорыта айтқанда жазасын өтеушілермен жүргізілетін діни ағартушылық жұмыс – тек діни насихат емес, адамның рухани жаңғыруына, тұлғалық өзгеруіне және қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған кешенді тәрбие құралы. Ол адамның өмірге деген көзқарасын өзгертіп, үмітін оятады, өз қателігін түсініп тәубеге келуіне, өзін кешіруіне және болашаққа сеніммен қарауына ықпал етеді. Сонымен қатар суицидтің алдын алуға, рухани тәрбиені қалыптастыруға, қылмыстың қайталануын азайтуға, отбасы және әлеуметтік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ діни экстремизм мен терроризм идеологияларының таралуына тосқауыл қоюға қызмет етеді. Адамды түзету тек заңның күшімен ғана емес, оның жүрегі мен санасына әсер ететін рухани құндылықтар арқылы жүзеге асады. Сондықтан түзеу мекемелеріндегі діни ағартушылық жұмыстар мемлекет қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, қоғамдық тұрақтылықты нығайтуға және адасқан азаматтардың қоғамға пайдалы тұлға болып қайта оралуына ықпал ететін маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Рухани тұрғыдан жаңарған адам ғана өз өмірін өзгертіп, отбасы мен қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, ел игілігіне қызмет ете алады. Осы тұрғыдан алғанда, жазасын өтеушілермен діни ағартушылық жұмыс – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның игілігіне бағытталған маңызды әлеуметтік институт болып қала бермек..
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, Алла Тағала еліміздің ішін даудан, сыртын жаудан сақтасын!
Қарағанды облысы бойынша
жат діни ағымдардан сақтандару
бағытының жауапты маманы Кемербаев Д.Е.
«Халал» сертификаты
Имамдарға қызметтік пәтер
Мешіт туралы