Center Image
IHSAN.KZ
«Нұрлы Мәуліт – сырлы сұхбат» атты рухани кеш өтті
«Нұрлы Мәуліт – сырлы сұхбат» атты рухани кеш өтті

Осакаров аудандық мешітінде ұстаз Ақбота Қайратқызының ұйымдастыруымен әйел-қыздар жамағатына арналған «Нұрлы Мәуліт – сырлы сұхбат» атты рухани-мәдени кеш өтті.

Мазмұнды шара Құран Кәрімнің «Исра» сүресін оқумен басталып, жамағатқа рухани тағылым сыйлады.

Кештің құрметті қонағы, ұстаз Ажар Қыдырманқызы әйелдер жамағатына тағылымды насихат айтып, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің ﷺ көркем мінезі мен өнегелі өмірі, сондай-ақ сүннет амалдарының маңызы жөнінде кеңінен баяндады.

Рухани кеш барысында қатысушылардың салауат айтуға деген ынтасын арттыру мақсатында салауат жарысы ұйымдастырылды. Белсенділік танытып, ең көп салауат айтқан қатысушыларға «Сира» және «Асыл тәж» кітаптары сыйға тартылды.

Сонымен қатар ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында ұлттық нақыштағы ең әдемі киіммен келген қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталды.

Қарттар күніне орай ақ жаулықты апаларға да құрмет көрсетіліп, сый-сияпат жасалды. Бұл игі бастама үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрінің маңызын айшықтады.

Кеш соңында қатысушыларға Пайғамбарымыздың ﷺ сүннеттерін күнделікті өмірде ұстануға бағытталған арнайы тапсырмалар беріліп, ізгі амалдарды әдетке айналдырудың маңыздылығы айтылды.

Тағылым мен тәрбиені, рухани құндылық пен ұлттық дәстүрді тоғыстырған тағылымды кеш жамағатқа көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, жүректерге имандылық нұрын ұялатты.



Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz