Center Image
IHSAN.KZ
АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІ – ДІН МЕН ДӘСТҮР ҮЙЛЕСІМІНІҢ КӨРІНІСІ
АС БЕРУ МӘДЕНИЕТІ – ДІН МЕН ДӘСТҮР ҮЙЛЕСІМІНІҢ КӨРІНІСІ
Қазақ халқы қашанда ата-баба дәстүрін ардақтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсеткен, ағайынның қуанышы мен қайғысын бірге бөліскен текті халық. Ұлтымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері асыл дініміздің құндылықтарымен біте қайнасып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Сол игі дәстүрлердің бірі – дүниеден өткен кісіні құрметпен еске алып, рухына Құран бағыштап, дұға жасап, ас беру.

Ислам дінінде марқұмға құрмет көрсету, оның артынан дұға ету, мұқтаж жандарға садақа беру – сауапты амалдардың қатарында. Ал халқымыздың ас беру дәстүрі ағайын-туыстың басын қосып, бірлік пен бауырмалдықты нығайтатын, өткенге құрмет пен тіріге өнеге көрсететін тағылымды үрдіс ретінде қалыптасқан.

Алайда уақыт өте келе кейбір ортада ас берудің бастапқы рухани мәнінен гөрі дастарханның молдығына, қонақтың көптігіне және сыртқы сән-салтанатқа басымдық берілетін жағдайлар кездесіп жатады. Мұндай әрекеттер кейде қарапайым отбасыларға ауыр қаржылық салмақ түсіріп, орынсыз бәсекелестікке жол ашады.

Шын мәнінде, ас берудің қадірі дастарханның байлығымен емес, ниеттің тазалығымен, жасалған дұға мен қайырымды амалдардың шынайылығымен өлшенеді.

Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағала:

«Ішіңдер, жеңдер, бірақ ысырап етпеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді», – деп ескертеді («Ағраф» сүресі, 31-аят).

Бұл аят мұсылман баласын барлық істе ұстамдылыққа, қанағатшылдыққа және берілген нығметтің қадірін білуге үндейді. Демек, құдайы ас беру барысында да ысырапшылдыққа жол бермей, қарапайымдылық пен берекені басты орынға қою – дініміздің маңызды ұстанымдарының бірі.

Қазақ халқының «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген нақыл сөзінің астарында да терең тағылым жатыр. Өткенге құрмет көрсету – олардың артынан дұға жасап, жақсы істерін үлгі ету, ұрпағына өнегелі тәрбие қалдыру. Ал марқұмның атынан берілетін астың негізгі мақсаты мақтану немесе жұрттан қалмау емес, Алла разылығын көздеу болуы тиіс.

Осы орайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұсынған «Ас беру мәдениеті» құжатының маңызы ерекше. Аталған құжат халқымыздың қалыптасқан игі дәстүрлерін сақтай отырып, құдайы ас беру рәсімдерін шариғат талаптарына сай өткізуге, ысырапшылдықтың алдын алуға және қоғамда қарапайымдылық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Құжатта көтерілген маңызды мәселелердің бірі – ас беру кезінде орынсыз шығынға жол бермеу. Өкінішке қарай, кейде «Ел не дейді?», «Жұрттан ұят болмасын» деген түсініктің жетегінде кетіп, шамадан тыс дастархан жаю, қарызға батып ас өткізу секілді жағдайлар кездеседі. Алайда дініміз адамға шамасынан тыс ауыртпалық жүктемейді.

Мұндай жағдайда ең алдымен қаралы отбасының жағдайын ескеріп, оларға қолдау көрсету қажет. Себебі қайғы үстіндегі жанұяны қосымша шығынға міндеттеу адамгершілікке де, исламның мейірімділік қағидаларына да сәйкес келмейді.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Жағфар ибн Әбу Талибтің қазасы туралы хабар жеткенде, оның отбасына тамақ әзірлеп беруді бұйырған. Бұл хадис қайғыға душар болған отбасына ауыртпалық салмай, керісінше, қолдау көрсетудің маңызын айқындайды.

Демек, халқымыздың асарлатып көмек көрсету, қайғыны бірге көтеру, ағайынға жанашыр болу дәстүрлері ислам дінінің мейірімділік пен бауырмалдық қағидаларымен толық үндеседі.

Бүгінгі қоғамда ас беру мәдениетін дұрыс қалыптастыру – тек дін қызметкерлерінің ғана емес, барша жұртшылықтың ортақ жауапкершілігі. Әсіресе, ел ағалары, ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері мен жастар бұл мәселеде бірлік танытып, қарапайымдылықты дәріптеуі қажет.

Біз ұрпаққа астың сәнін емес, мәнін ұғындыруымыз керек. Өйткені дәстүрдің өміршеңдігі оның сыртқы көрінісінде емес, тәрбиелік мазмұнында жатыр. Дін мен дәстүр бір-біріне қайшы келмей, керісінше, өзара үйлесім тапқанда ғана қоғамда рухани тұтастық пен береке қалыптасады.

Ас беру – байлықты көрсету емес, берекені бөлісу. Ас беру – бәсекелесу емес, бауырмалдықты бекемдеу. Ас беру – даңғаза мен дарақылық емес, дұға мен тағылымның көрінісі.

Сондықтан әрбір мұсылман құдайы ас беру кезінде шариғат талаптарын басшылыққа алып, ұлттық дәстүріміздің озық үлгілерін сақтауға, ысырапшылдықтан аулақ болуға ұмтылғаны жөн.

Қорыта айтқанда, ас беру мәдениеті – халқымыздың рухани болмысын, имандылық ұстанымын және ұлттық тәрбиесін айшықтайтын маңызды құндылықтардың бірі. Оны дұрыс насихаттау арқылы біз ата-баба аманатына адалдық танытып қана қоймай, келешек ұрпаққа өнегелі жол көрсетеміз.

Алла Тағала елімізге амандық, халқымызға ынтымақ, әрбір шаңыраққа береке нәсіп етсін! Өткендеріміздің күнәларын кешіріп, артында қалған ұрпағына сабыр мен ізгілік берсін!

Асхат Қанайұлы
Абай аудандық мешітінің имамы

Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz