Center Image
IHSAN.KZ
Әйел үй жұмысын істеуге міндетті ме?
Әйел үй жұмысын істеуге міндетті ме?

Бүгінде отбасы өміріне қатысты кейбір мәселелердің діннің тұтастығынан бөлініп, жеке-дара қарастырылып жатқанын көріп жүрміз. Солардың бірі: әйел үй жұмысына жауапты ма, жоқ па деген мәселе.

Кейбіреулер фиқһ кітаптарындағы кейбір тұжырымдарға сүйеніп, әйелдің тамақ пісіру, тазалық жасау және үйдің басқа да жұмыстарын атқаруға ешқандай міндеті жоқ деп есептейді. Алайда мәселеге сәл тереңірек үңілсек, жағдайдың мүлде олай емес екенін байқаймыз.

Ханафи ғалымдарының айтуынша, егер үй жұмысын әйелдің өзі атқаруы әдет-ғұрыпқа сай болса және оған күші жетсе, ол үйдің әдеттегі қызметтерін діни тұрғыдан (дияәнатан) орындауға міндетті. Кәсани, Зайлаи және Ибн Абидин сияқты ірі фақиһтер мәселені дәл осы шеңберде қарастырған.

Мұнда «қазаан» (сот арқылы) және «дияәнатан» (діни тұрғыдан) деген айырмашылықты жақсы түсіну керек. Әйелді бұл қызметтерге сот арқылы мәжбүрлеуге болмайды. Бірақ бұл оның Алла алдында ешқандай жауапкершілігі жоқ дегенді білдірмейді. Діннің әр бұйрығы мен әр міндеті сот арқылы қадағаланбайды. Есебі адамның ар-ұжданына және ақыреттегі сотқа қалдырылған талай міндет бар.

Негізінде, ислам отбасы мүшелерін міндетсіз әрі жауапсыз қалдырған жоқ.

Ер адам отбасының нафақасын, яғни қамтамасыз етуді мойнына алған. Ал әйел үйді басқару, қорғау және отбасы өмірінің тәртібі жөнінде өзіне жүктелген міндеттерге жауапты.Алла елшісі (с.ғ.с.) әр адамның «раи», яғни қорғап-қарауға жауапты бақташы екенін айтып, ер адамның отбасына, әйелдің күйеуінің үйіне жауапты екенін білдірген. 

Хазірет Фатима (р.а.) анамыздың қол диірменінде ұн тартудан қолдарының қабыршақтанғаны туралы жеткен сахих риуаят осы тақырыпта ойланарлық үлгі. Ол әлемдерге рақымет ретінде жіберілген Пайғамбарлар сардарының қызы бола тұра, үйінің жұмысын істеуді өз мәртебесіне жат көрмеген. 

Олай болса, үй жұмыстарын әйелдің қадір-қасиетіне жараспайтын шаруа деп бағалау біздің мәдениетіміз бен өркениетіміздің құндылықтарына сәйкес келмейді.

Дегенмен әйелдің міндеті бар деу оны күшінен тыс жұмысқа жегуге болады деген сөз емес. Науқастану, күші жетпеу, әдет-ғұрып және өмір жағдайлары фиқһта ескерілген. Әсіресе әйел де жұмыс істейтін отбасыларда жұмысты ретке келтіру, міндеттерді бөлісу және өзара көмектесутуралы бөлек тоқталу қажет.

Мұндай жағдайда ерлі-зайыптылар жұмыс сағаттарын, шаршағандарын және үйдің қажеттіліктерін ескеріп, ақылға сыйымды міндет бөлісіне барулары керек. Бірақ мұндағы басты мәселе әр істі тең жартылай бөлу емес. Негізгі мақсат: ешкімнің күшінен тыс жүктің астында қалмауыжәне екі жақтың да өз жауапкершілігін сезінуі. Сондай-ақ әйелдің жұмыс істеуі күйеудің нафақа міндетін өзінен қалай алып тастамаса, әйелдің үй қызметтеріне қатысты діни жауапкершілігін де өзінен алып тастамайды. Бірақ бұл жауапкершіліктерді орындауда өзара түсіністік, құрбандыққа бару және көмектесу таптырмайтын шарт.

Алайда мұның бәрі діни міндеттерді жоққа шығарудың сылтауы болмауы тиіс. Ер адамның нафақа міндетінен қашуы діни тұрғыдан қалай қате болса, әйелдің де өзіне тиесілі үй қызметтерін заңды себепсіз тастауы солай қате.

* * *

Шын мәнінде, назар аударатын мәселе: бүгінгі адам өз құқықтарын үйренуге қаншалықты құлшыныс танытса, міндеттерін үйренуге сондай құлшыныс таныта алмайды.

Ал мүмин өз өмірін тек құқықтарын ойлап құратын адам емес. Ол ең алдымен өзіне не аманат етілгенін, қандай міндеттерге жауапты екенін және Хақ Тағаланың алдына қандай жауапкершіліктермен барарын ойлауы керек.

Ұмытпау керек: құқық үнемі талап етіліп, ал міндеттер ұмыт қалатын жерде отбасы тыныштығы да, қоғамдық үйлесім де сақталмайды.

Ұяны ұстап тұратын нәрсе: міндеттен қашу емес, әрқайсысының өз міндетін Аллаға құлшылық сезімімен, ықыласпен орындауы.


Абдрахман Ысқақ Рахимбекұлы

Қарағанды қалалық “Әл Машани” мешітінің наиб имамы


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2026 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz