Жуырда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазіретіміздің бастамасымен өткен Имамдар форумында ел мұсылмандары үшін аса маңызды бірқатар құжаттар қабылданған болатын. Соның бірі – «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» құжаты.
Аталған тұғырнамалық құжаттың таныстырылымы Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде өтті.
Жиынға ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша бас имамы Естай Айтуғанұлы, Қарағанды облысы дін істері басқармасының басшысы Жанболат Ахуанұлы, өңір мешіттерінің дін қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері мен қариялар қатысты.
Іс-шара қасиетті Құран аяттарының оқылуымен ашылып, облыстың бас имамы құжаттың негізгі мазмұны мен мақсатына тоқталды.
– Соңғы жылдары құдайы ас беру рәсімі кейбір өңірлерде өз мәнінен ажырап, шектен тыс ысырапқа ұласып кеткенін байқаймыз. Осыны ескере отырып, бұл рәсімді біріздендіру, мәзірді оңтайландыру және оның шариғатқа сай өтуін қамтамасыз ету мақсатында құжат қабылданып отыр. Негізгі талаптардың бірі – жаназадан бұрын ас бермеу және мәзірдің қарапайым әрі адал тағамдардан тұруы, – деді облыс бас имамы.
Дін істері басқармасының басшысы Жанболат Ахуанұлы да арнайы сөз сөйлеп, құжаттың қоғамдағы тәрбиелік әрі діни маңызына тоқталды.
Жиын барысында сөз сөйлеген мешіт ақсақалдары да тұғырнаманың маңызын айта келе, қаралы үйде қазан аспауға, алыстан арнайы көңіл айтуға келген ағайын, туыс-жекжатқа мүмкіндігінше көршілері ас-су әзірлеп, қайғы жұтқан қаралы отбасыға қарасу қажет екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар аталған құжаттың ел болашағы үшін маңызды бастама екенін атап өтті. Олар құжаттың халық арасында кеңінен насихатталып, жүзеге асуына қолдау білдіретіндерін жеткізді.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі