Center Image
IHSAN.KZ
Қарағанды: Жамағатқа «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» құжаты таратылды
Қарағанды: Жамағатқа  «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» құжаты таратылды

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» құжат жамағатқа үлестіріліп, түсіндірме жұмыстары жүргізілді.

Аталған құжат – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен өткен VI Республикалық имамдар форумында қабылданған маңызды құжаттардың бірі. Онда жаназа рәсімінен кейін берілетін астың мәзірі, дастарқан тәртібі, ысырап пен дарақылыққа жол бермеу, қарапайымдылықты ұстану секілді бірқатар мәселелер жан-жақты қамтылған.

Іс-шара аясында облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Бақдәулет Қыдырбайұлы жаназаға жиналған  халыққа аталмыш құжатты арнайы үлестіріп, құжат мазмұнымен кеңінен таныстырды. Ол өз сөзінде:

«Құдайы ас – марқұмға дұға ету, сауап жолында берілетін қарапайым әрі шариғатқа сай амал болуы тиіс. Өкінішке қарай, кейбір жағдайларда астың бәсекеге айналып, ысырапқа жол беріліп жатқанын көреміз. Осы құжат осы секілді келеңсіздіктердің алдын алу үшін қабылданған. Енді осы талаптарды ел арасында кеңінен насихаттау – баршамыздың ортақ міндетіміз», – деп атап өтті.

Мешіт қызметкерлері мен жамағат арасында құжаттағы ұсыныстар оң қабылданып, мұндай іс-шаралар дәстүрлі түрде жалғасатыны айтылды.

Бұл бастама – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының діни рәсімдерді біріздендіру және қоғамда үнемшілдік пен рухани тазалықты насихаттау бағытындағы жүйелі жұмыстарының бір парасы.

ҚМДБ Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz