ҚМДБ бастамасымен Қарағанды облысына қарасты барлық мешіттерде «Имани жаз - 2025» жазғы сауат ашу курсы өз жұмысын бастады. Биыл облыс бойынша 450 шәкірт діни сауат ашпақ.
Курстың алғашқы күні Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің ұстазы Сұлтан Аманжолұлы жазғы демалыс уақытында діни білім алуға ниеттенген балаларға сәттілік тіледі. Құран оқылып, бата берілді.
Мешіт ұстаздары балаларды жас ерекшеліктеріне қарай топтарға бөліп, дәріс кестелерімен таныстырды.
Ұл балаларға мешіт ұстаздары, ал қыздарға ҚМДБ Әйел-қыздар секторының ұстаздары мен іс-тәжірибеден өтуші студенттері білім береді.
Діни сауат ашу курсында имандылық әліппесі, Құран әліппесі, Мұсылманның 40 парызы бойынша дәрістер өткізіліп, рухани азық болар сабақтар мен ойын-сауық уақыттары да қарастырылған.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі