ҚМДБ-ның Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу дәрісі қызықты әрі мазмұнды жалғасуда.
Жазғы демалыс уақытын тиімді әрі пайдалы өткізу мақсатында ұйымдастырылған аталмыш шарада мешіт ұстаздары шәкірттерге діни сауат ашу бағытында жүйелі дәрістер өткізуде. Әсіресе, жас жеткіншектер «Имандылық әліппесі», «Мұсылманның қырық парызы», «Пайғамбарымыздың (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) өмірбаяны» секілді тақырыптарды кеңінен меңгеруде.
Сонымен қатар, шәкірттердің белсенділігін арттырып, достық қарым-қатынасын нығайту мақсатында түрлі мәдени-танымдық және спорттық шаралар ұйымдастырылуда. Атап айтқанда, «Дін мен дәстүр» сабақтастығы аясында қазақ халқының ұлттық ойындарынан сайыстар өтті. Мешіт ауласында өткен бұл шарада балалар арқан тарту, тоғызқұмалақ, қол күресі сияқты ойын түрлерінен өзара бақ сынасты.
Бұл арқылы жас буын ұлттық құндылықтарды ұғынып қана қоймай, өзара сыйластық, бірлік, отансүйгіштік сынды қасиеттерге де тәрбиеленуде.
Айта кетейік, «Имани жаз – 2025» жазғы сауат ашу дәрістері алдағы уақытта да өз жалғасын табатын болады.
ҚМДБ-ның Қарағанды облысы бойынша баспасөз қызметі