Қарағанды облысына қарасты Приозерск қаласындағы №18405 әскери бөлімінде діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мақсатында ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. «Дін мен дәстүр – ажырамас құндылықтар» тақырыбында өткен бұл басқосу қоғамда рухани тұрақтылықты сақтау және жат діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру бағытында ұйымдастырылды.
Кездесуге Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы, Қарағанды облысы бойынша жат діни ағымдардан сақтандыру және оңалту бөлімінің жауапты маманы Кемербаев Данияр Ерікұлы арнайы шақырылды.
Лектор өз баяндамасында ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтар мен асыл дініміз Исламның өзара үндестігін кеңінен түсіндіріп, дін атын жамылып, қоғамға іріткі салатын теріс ағымдардың залалы туралы айтты. Сонымен қатар дәстүрімізге сай діни сауаттылықтың маңыздылығы, тәрбиенің рөлі және әрбір азаматтың діни тұрақтылыққа қосатын үлесі туралы тоқталды.
— «Дін мен дәстүр — егіз ұғым. Қазақ халқының салт-санасы, ұлттық болмысы Ислам дінімен сабақтасып жатқанын ұмытпауымыз керек. Ал жат діни ағымдар қоғамымызға іріткі салуды көздейді. Сондықтан әрбір азамат діни білімді дұрыс, ресми орындардан алуы қажет», — деді Кемербаев Данияр Ерікұлы.
Кездесу барысында қатысушылар тарапынан көптеген сұрақтар қойылып, өзара пікір алмасу өрбіді. Әсіресе жастар тарапынан діни білім алудың жолдары мен теріс ағымдарды ажырату тәсілдеріне қатысты сұрақтар көп қойылды.
Шараға әскери бөлімнің 30 қызметкері қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер әскери ортада діни сауаттылықты арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде үлкен рөл атқарады.