Қарағанды облысы Дін істері басқармасының ұйымдастыруымен әйел-қыздар жамағаты арасында волейболдан сайыс ұйымдастырылды. Шараның негізгі мақсаты — салауатты өмір салтын дәріптеу, жамағат арасындағы ауызбіршілік пен ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ мешіт жамағатының белсенділігін арттыру болды.
Волейбол турниріне облысқа қарасты түрлі мешіттердің әйел-қыздар жамағаты қатысты. Әр команда ұйымшылдық, ептілік, спорттық дайындықтарын ортаға салып, өзара достық пен сыйластық аясында бақ сынады.
Сайыс нәтижесінде Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің қыздар жамағаты І орынды иеленіп, жеңіс тұғырынан көрінді. Жеңімпаз команда ойын барысында ерекше белсенділік танытып, ауызбіршілік пен спорттық шеберліктің жарқын үлгісін көрсетті.
— Ислам діні денсаулықты күту, бос уақытты тиімді пайдалану, қоғаммен тығыз байланыста болу сынды құндылықтарды насихаттайды. Осындай спорттық шаралар әйел-қыздар жамағатының белсенділігін арттырып, оларды ынтымақ пен достыққа үндейді. Бұл — тек жарыс емес, рухани тәрбие мен бірлікке шақыратын іс-шара, — деді ұйымдастырушылар өз сөзінде.
Жарыс соңында жеңімпаздар мен үздік ойын көрсеткен командаларға арнайы мақтау қағаздары мен қаржылай сертификат табысталды.
Айта кетейік, аталмыш спорттық турнир дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Мұндай шаралар әйел-қыздар жамағатының белсенділігін арттырып қана қоймай, діни ортадағы достық пен бірлікті нығайтуға бағытталған игі бастамалардың бірі болып саналады.