Center Image
IHSAN.KZ
Ақшатау ауылында «Дін мен дәстүр» тақырыбында рухани кездесу өтті
Ақшатау ауылында «Дін мен дәстүр» тақырыбында рухани кездесу өтті

Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Бақдәулет Қыдырбайұлы Ақшатау елдімекенінің тұрғындарымен кездесті. Игі шара ауыл тұрғындарына рухани тәрбие беріп, дін мен дәстүрдің сабақтастығын насихаттауды мақсат етті.

Кездесу барысында Бақдәулет Қыдырбайұлы «Дін мен дәстүрдің сабақтастығы» тақырыбында мазмұнды уағыз-насихат айтты. Имам ата-бабадан жалғасқан салт-дәстүр мен ислам құндылықтарының үндестігі туралы кеңінен тоқталып, жастарды ұлттық және діни тәрбиені қатар ұстануға шақырды. Қазақ халқының болмысында дін мен дәстүрдің ажырамас байланысы бар екендігі мысалдар арқылы түсіндірілді.

— Дініміз бен дәстүріміз — халқымыздың рухани тірегі. Салт-дәстүріміз бен діни құндылықтарды ұрпақ санасына сіңіру арқылы болашақтың берекесін арттырамыз. Бұл — әр ата-ананың, әр имамның міндеті, — деді наиб имам өз сөзінде.

Кеш барысында Ақшатау ауылында таяу уақытта ашылуы жоспарланған жаңа мешітке Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) муфтият баспасынан жарық көрген діни кітаптар сыйға тартылды. Бұл кітаптар ауыл жамағатының діни білімін арттырып, мешіт жұмысына үлкен көмек болмақ.

Аталмыш рухани кеш Ақшатау ауылының мектебін 45 жыл бұрын тәмамдаған түлектердің ұйымдастыруымен өтті. Ауыл азаматтары осындай сауапты істер арқылы туған жеріне рухани үлес қосуды көздегенін жеткізді.

Шара соңында Құран оқылып, ата-баба рухына дұға бағышталды. Жиналғандар ел амандығы, бірлік пен береке тіледі.

Айта кетейік, бұл кездесу ауыл жамағаты үшін рухани серпіліс сыйлап, дін мен дәстүрді ұштастыру арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеудің тағы бір жарқын үлгісіне айналды.


Мәзір
Сайт тілі
© 2009 – 2025 IHSAN.KZ | ҚМДБ Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешіті Барлық құқықтар қорғалған. Ihsan.kz сайтында жарияланған кез келген материалды көшіру, тарату немесе басқа сайттарға орналастыру кезінде Ihsan.kz сайтына сілтемені міндетті түрде көрсетуді сұраймыз.

© 2025 Сайтты әзірлеген - abir.kz