Қарағанды облыстық «Әнет баба» мешітінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының "Мүфтият" баспасынан жарық көрген «Дін мен дәстүр» кітабының үшінші басылымы негізінде арнайы дәрістер өткізілуде.
Аталмыш дәрістерді облыстық «Әнет баба» мешітінің наиб имамы Бақдәулет Қыдырбайұлы жүргізіп келеді. Дәріс барысында ислам діні мен қазақ халқының дәстүрлі құндылықтарының сабақтастығы, ұлттық мәдениетіміздің шариғат аясындағы орны, сонымен қатар халқымыздың ұстанған әдет-ғұрыптарының дінмен үндестігі жан-жақты түсіндірілуде.
Имам Бақдәулет Қыдырбайұлы дәріс барысында шәкірттер мен жамағатқа «Дін мен дәстүр» еңбегінде қамтылған тағылымды ойларды талдап түсіндірумен қатар, қазіргі қоғамдағы діни тұрақтылық, жат ағымдардың алдын алу, ұлттық болмысты сақтауда дәстүрдің рөлі секілді өзекті мәселелерді де қамтып отыр.
Жамағат тарапынан қойылған түрлі сұрақтарға нақты әрі ғылыми тұрғыда жауаптар беріліп, иман мен ізгілікке шақыратын, салт-сананы дәріптейтін пайдалы дәрістер өз жалғасын табуда.
Айта кетейік, «Дін мен дәстүр» кітабы – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы әзірлеген бірегей еңбек. Бұл кітапта ата-бабадан қалған рухани құндылықтарымыздың Ислам шариғатымен үйлесімділігі ғылыми әрі шариғи тұрғыда тұжырымдалып ұсынылған.